Руникалық жазбалардан Тәңірдің қалауымен Түркі мемлекетінің құрылғандығы туралы мәліметтер көп. Жалпы мемлекет Енисей руникасында «Құдай қалауындағы ел» деп аталады. Бұл көне мифологиялық цикл Түркі қағанатының мемлекеттік культінің ажырамас бөлігі. Бүгінгі таңда Орхон жазбаларындағы көне түркілердің мемлекеттігінің және қағандардың дүниеге келу ерекшелігі, Ашина руынан тараған түркілердің тектілігі, жалпы түркі халқының қаһармандығы жан-жақты зерттелген. Руникалық жазбалардағы фрагменттік мәліметтер бойынша көне түркілер мифологиясы – мазмұны жағынан архаикалық болып келеді, атап айтқанда көне түркі мифологиясы тотемді генеологиялық және космогониялық болуымен ерекше екендігі де белгілі. Түркі мифологиясындағы көне түркі мемлекеттігінің пайда болуы туралы миф салыстырмалы түрде элитарлы және сакральды бұқаралық биліктің көрінісі, мифологиялық тұрғыдан жаңа қабатты бейнелейді. ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ұлттық бірегейлік туралы» сөз қозғағанда «халықтың рухының жерұйығы» туралы ой тастайды. Жалпы «Жерұйық» ұғымының концептілік этимологиясын, мифологиялық тұғырнамасын анықтау маңызды мәселе. «Жерұйық» дегенде біріншіден, құтты мекен ойға оралады, ол қазақ халқының тарихында Асан қайғының философиясымен тығыз байланысты. Себебі, Асан қайғы жел маясына мініп халқына Жерұйық іздейді. Сонда «жерұйық» дегеніміз қандай жер және бүгінгі заманда қазақ халқы өз жерұйығын тапты ма деген сауалдарға жауап іздеу кезек күттірмес мәселе. Орхон-Енисей руникалық жазбаларын негізге ала отырып және оларды археологиялық, этнографиялық, мифологиялық деректермен толықтыра отырып, көне түркілердің дүниетаным түсінігін және олардың космогониялық танымын анықтауға негіз бар. ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Бұдан 1,5 мың жыл бұрынғы ғұн нәсілдері – түркілер – Ашина руының түркілері – Ордос алабынан ауған жүнді тайпаларының ежелгі ақсүйек әулиетінен тараған ұрпақтар. Осынау жаңа рухани толқынның тоғысында тұңғыш Түркі қағанаты – Мәңгілік Ел бой көтереді. Бұл үшінші империя жергілікті сақ тайпаларын бұдан арғы мыңжылдықта ғұндардың арынды асау рухының ықпалымен таратып жіберіп, Байкалдан Каспийге дейінгі байтақ өлкені жайлап келген Түркі тайпаларымен біріктіріп, барлығын өз қанатының астына жинаған» , – деп атап көрсетуі Қазақ даласының ұлы түркі елінің қара шаңырағы екендігін айқындай түседі. «Жерұйық» концепциясының негізін түркілер заманынан іздеу осынысымен маңызды. Танымал мәдениеттанушы ғалым, профессор Ақтолқын Құлсариева «Қазақ ұлтынан қазақ еліне» атты мақалалар жинағында «Тәуелсіз Қазақстан идеясы – Жерұйық Қазақстан» атты мақаласында: «Біздің ұлттық идеямыз да, ұлттық идеологиямыз да биік азаматтық құндылықтарға негізделген ұлттық келісім рухы негізінде құралып, тәуелсіздік құндылығын ұлықтауы тиіс. Ал сол айтылғандардың барлығын өз бойына сыйдыратын, қысқа да нұсқалығымен бағалы идея «Жерұйық Қазақстан» болмақ», – дей келе, «Жерұйықты желмаямен іздеген арманшыл Асан қайғыдай өз еліне малға шүйгін жері бар, жанға жайлы елі бар болашақ тілейтіні мәлім. «Құтты қоныс» іздеу – әлем халықтарының дүниетанымында жақсы өмірді күткен арман-аңсардан туған рухани интенция» , – деген салиқалы ой білдіреді. Яғни, «Жерұйық» концепциясы ғалымның пікірінше, халқы тәуелсіздік құндылығын ұлықтаған құтты қоныс. Себебі, түркі халықтарының рухани әлемінде өзіндік жинақтаушы күшке ие болған ұғымның қатарына «құт» феноменін жатқызамыз. Барлық елдердегідей түркі тілдес тайпалар да бір-біріне жақсы лебізін, игіліктің көбеюін білдіруте тырысқан. . Бұл турасында белгілі түркітанушы ғалым, Ахмет Ташағыл көне түркілер үшін тәуелсіздіктің маңызын Орхон-Енисей жазбаларының мән-мәтінімен түсіндіреді. Оның ойынша «Жерұйық» – түркілер дүниетанымындағы тәуелсіздікпен байланысы бар құтты мекен. «Себебі, түркілердің тәуелсіздікке қол жеткізуі және оны жоғалтуы жайында Орхон жазба ескерткіштерінде барынша тәптіштеліп түсіндірілген. Онда тәуелсіздікті жоғалтудың халық үшін өліммен тең екені, тәуелсіздікті алудың қайта тірілумен, жанданумен бірдей болатындығы және халықтың осындай оқиғалардан сабақ алу керектігі баса айтылған» , – деп атап көрсетеді. Егер тарихи деректерге сүйенсек, 630-680 жылдары арасында түркі мемлекеті Қытай басқыншылығына ұшыраған кезеңде тәуелсіздік жолында бірнеше рет көтеріліске шыққандығы белгілі. Нәтижесінде 679 жылы басталған көтеріліс 682 жылы Түркі мемлекетінің тәуелсіздік алуымен аяқталды. Бұл – Түркі қағанатының толық тәуелсіздікке мән беруінің маңызды дәлелінің бірі. Түркілер тәуелсіз мемлекетін сақтап қалу және оны дамыту үшін атадан жеткен асыл мұра – «Жерді» көзінің қарашығындай сақтаған. Көне түркілер дүниетанымында «мемлекет» – билеушінің жеке меншігі емес, Тәңір тарабынан берілген «құт» ретінде көрініс тапқан. Көне түркілер заманында ата-баба жерінің тәуелсіздігін сақтау және оны құтты қонысқа айналдыру – «Жерұйық» концепциясының архаикалық формасы болып табылады. Әрбір халықтың өзіндік тұрмыс-салтын туындатқан дүниетаным мифологияда өзіндік болмыс-бітім қалыптастырады. Мифтер ғылыми білім санатына жетпесе де, көне дәуірлерде орын алып, артынан ешбір із қалдырмаған белгілі бір оқиғалардың бетпердесін ашуға қабілетті және ғылыми талдау үшін нақты дерек бола алатын фактілер санатына жатады. Мифология мен дін тарихын зерттеуші Мирча Элиаде былай деп жазады: “Миф белгілі бір қасиетті тарих туралы, яғни Уақыт басында, ab initio… болған алғашқы оқиғаны сөз етеді. Бұл әрқашан “жаратылыс” туралы, белгілі бір заттың қалайша қалыптасқандығы, яғни өз тіршілігін қалай бастағандығы туралы сөз” . Дж.Ф. Бирлайн: «Миф – адам баласы үшін барлық уақытта да бейне бір өзгермейтін, тұрақты дүние. Мифте көрініс тапқан жалпы модельдер, сюжеттер, тіпті ұсақ детальдар барлық жерде немесе затарда кездеседі. Оны басқаша айтқанда, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың естелік мұраларының жиынтығы. Миф – біздің дүниетанымымыздың құрылымында көрініс тапқан. Ол қанымызда, генімізде таңбаланған» . Мәдени жәдігерлердегі мифтерді ұрпақтан ұрпаққа берілетін тек жалаң мәтіндер корпусы ретінде қабылдау бүгінгі әдістемелік тұрғыдан қате пікір, расында ол жәдігерлерден аға ұрпақтың әлемді қабылдау бейнесіне қатысты идеалдардың немесе түсінік-ұғымдардың жиынтығын семиотикалық деңгейде аңғаруға мүмкіндік мол . Ерте орта ғасырдағы түркілердің мифологиясының мәдени антропологиялық, философиялық, гнесиологиялық және теологиялық тұрғыдан зерттеліп жатқандығын негізге ала отырып, көне түркілердің исламға дейінгі дүниетанымындағы «Жерұйық» концептісінің мазмұнын қарастыру үшін, ең алдымен көне түркілер дүниетанымының негізгі ұстыны саналатын Тәңірлік діни ұстанымына және оған қатысты зерттеушілер пікіріне тоқталу қажет. Зерттеуші Р.Байымбетованың ойынша: «ҮІІ-ІХ ғасырларда жазылған ескерткіштер тілі көне түркілердің діни-мифологиялық дүниетанымын көрсететін Тәңірлік идеясы негізгі төрт бағытты қамтыды. Бірінші – Жалғыз жаратқан Ие – Тәңірге тағзым ету; екінші – мәңгі өзгермейтін әлем, Тәңір мекені – Көкті киелі санау; үшінші – тіршіліктің өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп отырған, адам мекені – Жер-суды киелі санау; төртінші ата-баба рухын қадірлеу” . «Жер-су» ұғымы ландшафтты сипаттама жағынан әлем бейнесінің этносаяси немесе антропологиялық тұрғыдан «жеке жерге» ие болу деген мағынаға сай келеді. Көне түркілердің этносаяси кеңістігі «жер-су» ұғымына эмоцианалды тұрғыдан белсенділік қасиеті берілген. Егер ол өзіндікі болса – қорғаушы, бөтен болса – дұшпандық. Сондықтан «жер-су» ұғымы түркілер дүниетанымында тек қасиетті ғана емес, тайпалық құдырет ретінде көрініс тапқан. Сол арқылы түркі мифологиясына енген. Оны Күлтегіннің жазуындағы «Көкте түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы» мәтін мазмұнынан байқауға болады. Көне түркілер дүниетанымындағы Орта әлемінің қасиеттісі де «Жер-су» болып саналған. Ол Орхон жазбаларының мәтін мазмұны бойынша Тәңір және Ұмаймен бірлікте түркі халқына қамқорлық танытады. Көне түркілердің діни-мифологиялық тағылымдарына тоқталар болсақ, Орхон руникалық жазбаларының мән мәтінінде Тәңір, Ұмай және Жер-Су наным-сенім ұғымдары берілген. Академик С.Г. Кляшторный Сібір-Орталық Азия мифологиясының негізінде сол кезеңдегі халықтық дүниетанымда өзіндік құдайлардың классификациялау жүйесі орын алғандығын алға тартады. Атап айтқанда, макрокосм ежелгі түркілерді Жоғары, Орта және Төмеңгі трихотомды әлемдерге бөлген, олардың арасында жанды заттар, құдайлар және перілер болған. Бұл трихотомды концепция әлемнің көлденең моделін тігінең суреттейтін моделімен толықтырды. Оның ойынша, Көк Тәңірі Жоғары әлемнің билеушісі және көне түркі пантеонының құдайы болды. Көк Тәңірі басқа құдайлармен бірлесе отырып, адамдардың тағдырын билеген. Тәңір қағандарға билік пен даналықты сыйлады. Жоғары әлемнің тағы бір құдайы Ұмай ана адамзат баласына өмір сыйлаған. Өлім көне түркі мифологиясы бойынша Эрклигтің қолында. Түркі мифологиясы Орта әлемде «Жер-Суды» киелі санады. Бұлардан басқа, С.Г. Кляшторный Х ғ. «Ырқ бітіг» деп аталатын Дуньхуан үңгірінен табылған руникалық жазбадан «Жол Тәңірі» деген атқа ие бірі ала, бірі қара аттағы жолдың құдайын айқындайды. Жол Тәңірі бейнесі түркілердің мемлекеттік культімен тікелей байланысты деп дәлелдейді. Орталық әлем мен Жоғары әлемнің арасы ардайым байланыста болған. Аталған байланыс халықтың сыйыну тілегімен көрініс тапқан . Міне, С.Г. Кляшторный көне түркі мифологиясына байланысты архаикалық Орталық Азия наным-сенім кейіпкерлері ретінде жоғарыдағы наным-сенім иелерін көне түркі пантеонының басты сипаты ретінде көрсетеді. Аспан ғарыштың бөлшегі ретінде мифологияда және Орхон-Енисей жазбаларында «Көк-Тәңірі» деп аталады. «Көк аспан» – ұшу, көтерілу секілді етістіктермен сипатталады. Ал жер көне түркі мифологиясында төрт бұрышты, шаршы кеңістік. Күлтегіннің жазуында «Төрт бұрыштың бәрі жау еді» деген мәтін түркі әлемінің дүниетанымдық шекарасын көрсетеді. Ышбара қағанның хатында өздері мекен еткен аймақтан тыс мекенде «төрт теңіз» бар екендігі суреттеледі. Оны жердің төңірегіндегі әлемнің мәңгі өзгермейтін негізі немесе әлемнің шегі деп түсінуге болады. Руна ескерткіштерінің авторлары үшін әлемнің құрылысы көгілдір аспан адамдар мекен еткен әлемді яғни жерді жауып тұратын төбе. Атап айтар болсақ, Төбе өзенінің маңында табылған ескерткіштің соңғы екі жолында: - О, менің көк аспаным, бізге шатыр болар көр! - О, менің елім-Еділім, мәңгі жасай гөр! – деп жазылуы, түркілердің әлем түсінігін танытады. Бұл жөнінде Ышбара қағанның 585 жылы суй императорына жазған мына хат мәтіні жоғарыда көрсетілген көне түркі әлем моделін дамыта түседі. Мазмұнына тоқталар болсақ: «Аспан жауып тұрады, жер көтеріп жүреді, жеті ғаламшар сәуле беріп тұрады». Тағы атап кетер басты жайт, дәл осындай үйлесімді қайталау 600 ж. Кимін қағанның хатында да кездескен .
Źródło i licencja
Na podstawie: Wikipedia — Жерұйық (философия) · historia autorów.
Tekst: CC BY-SA 4.0.
Informacja o opracowaniu
Usunięto składnię wiki i szablony; dłuższe teksty skrócono.