РИПСАЛИДОПСИС (RHIPSALIDOPSIS РИПСАЛИДОПСИС) – кірпігүлдер тұқымдасына жатады. Отаны - Бразилия. Рпсалидопсис желтоқсан гүліне өте қатты ұқсас келеді. Бірақ желтоқсан гүлінен айырмашылығы, гүлдеу мерзімі наурыз-мамыр айларының аралығында. Жапырақтары етті, жалпақ, тікенекті, буын-буын болып келген. Жапырағының соңғы буындарының ұшынан гүл жарады. Гүлдерінің күлгін, қызыл, қанық қызыл, ақ түсті түрлері бар. Гүлдерінің хош иісі болады. Гүл түйнегі пайда бола бастағаннан бастап, өсімдікті бір орыннан екінші орынға қозғап, мазалауға болмайды, әйтпесе түйнегін тастап жібереді. Жарығы: Алакөлеңкені ұнатады. Жылуы: Қазан айынан қаңтар айына дейін демалу кезеңінде 15 ºС салқындау жерде ұстаған жөн. Суғарылуы: Гүл бүршіктері пайда болғаннан бастап гүлдеп болғанға дейін молынан суғару керек. Гүлдеп болған соң суғаруды азайтады. Демалу мерзімінде салқындау жерде ұстағандықтан суды тек топырағы кеуіп кетпеу үшін ғана суғарып отырады. Ылғалдылығы: Құмды, шөлді жерлерде өсетін кірпігүлдерден айырмашылығы, бұл көлеңкелі тропикалық ормандарда өсетіндектен ылғалдылықты ұнататын өсімдік. Қоректендірілуі: Айына бір рет кірпігүлге арналған тыңайтқышпен қоректендіріп отыру қажет. Аурулары: Көбінесе саңырауқұлақ ауруларына шалдығып ауырады. Ондай жағдайда фунгицид препаратын қолданыңыздар. Ақ ұнтақ құрты, өсімдік битімен ауырған жағдайда инсектицидтер қолданыңыздар. Көбейтілуі: Қалемше арқылы көбейтеді.

Сілтемелер Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт

Дереккөздер "Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727

Санат:Кактустер