Қазақстандағы ашаршылық, оның демографиялық салдары Қазақстандағы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан болған адам шығыны туралы мәселені қазіргі заманғы тарихнама әр түрлі қырынан бағалайды. Қарапайым рәсімге (қазақ халқы санының жүргізілген санақтар арасындағы арифметикалық алшақтықты анықтауға) негізделген зерттеулерде шығын, әдетте, 1 млн адам шегінде аталады. Көрінеу көбейтілген бағалаулар да кездеседі, мысалы, белгілі америкалық маман Марта Олкоттың «Әлеуметтік өткенді бағамдау: Орта Азия қазақтары» атты кітабында екі миллиондық құрбандық туралы айтылады.

Батыстың кеңес кезеңін зерттеушілеріне назар аудара отырып, олардың ізденістері бір жағдайларда ақиқатқа ұмтылысты бейнелесе, екінші бір жағдайларда онда объективтіліктің қарасы да көрінбейді, өйткені барлық назар негізінен «тағы бір ілгешекті айтып қалу» ниетінен туатын қасаң пікірлерге аударылады. Бірақ қалай болғанда да отандық тарихымыздың проблемасын біздің өзімізден артық ешкім шеше алмайды. Сондықтан осы бағыттағы зерделік ізденістерді жеделдететін уақыт келді. Және бұл ретте тарихи демография, оның тиімді танымдық құралдарымен және зерттеудің әмбебаптық әдістерімен қоса, елеулі рөл атқаруы тиіс.

Кейінгі кезге дейін проблеманы талдау үшін бірінші және екінші Бүкілодақтық халық санағы (тиісінше 1926 жылғы 17 желтоқсанда және 1939 жылғы 15 қаңтарда жүргізілді) деректері бірден-бір құжат көзі болып келді. Олардың арасындағы қашықтық толық 12 жыл және бір айды құрайды. Халықтың кемуі нақ осы санақтар аралығындағы кезеңде өтті. Егер адамдардың демографиялық кемуінін шыны 1932—1933 жылдардың қысына тура келетінін ескерсек, тиісінше халық санының ғаламат қысқаруы бірінші санақ өткеннен кейінгі шамамен оның алтыншы жылында және екінші санақтың нақ сондай алдынғы жылында болған. Басқаша айтқанда, қайғылы оқиғаның шыны екі санақтың дәл ортасына келеді, бұл есепті жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді.

1926 жылғы бірінші санақ қорытындысына сәйкес, Қазақ АКСР-і аумағында 3 млн 628 мың тұрғылықты халық мекендеді.Сонда. Бірақ 12 жыл өткеннен кейінгі 1939 жылғы санақта халық санының 1 млн 321 мың адамға, яғни жинақтап айтқанда 36,7%-ға азайғаны тіркелген.Всесоюзная перепись населения 1926 г. М., 1928. Т. 8, отд. 1.. Тарихшы-демографтардың айтуы бойынша тіпті осы цифрдың өзі азайтылып көрсетілген, демек ол факторлық талдау аясында елеулі түрде түзетуді қажет етеді деген сөз.Социальная обусловленность демографических процессов. А,-А., 1989, 122-6.. 1930 жылдың ортасына, халықтың сандық құрамы шартты түрде тұрақты болған кезде республика аумағындағы тұрғылықты халықтың саны 4 млн 120 мың адамды құрады.Галиев А. Голод в Казахстане 1932-1933 жж. // Заря, 1989, № 11, с. 13; Татимов М.Б. Социальная обусловленность демографических процессов, 124-6..

Осы деректер тұрғысынан есептесек, сол зұлмат жылдарда Қазақстан өзінің тұрғылықты халқының орны толмас көп бөлігінен, атап айтқанда 2 миллионға жуық адамынан айырылған.Татимов М.Б. Социальная обусловленность демографических процессов, с. 124..

Қазақ халық шаруашылығы есеп (Казнархозучет) басқармасы М. Соматовтың жұртқа мәлім мәлімдеме хатында (1937 жылдың 14 қаңтары) Қазақстанның ауыл тұрғындары 1930 жылдың 1 шілдесінен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында 3,4 млн адамға кеміп, ал қала тұрғындары 766,8 мың адамға өскен. Мәлімдеме хатта осы екі аралықтағы қайтыс болғандар айырмашылығы (263,3 мың адам) аштық, індет, жер аудару құрбандары көрсетілмейді.Жиромская В.Б. Демографическая история России в 1930-е годы. Взгляд в неизвестное. М., 2001, с. 146..

Осыдан келіп тарихшы-демографтар мынадай қорытынды шығарады, демек аштықтың және сонымен байланысты аурулардың салдарынан аталған жылдарда республиканың бүкіл тұрғылықты халқының 1 млн 750 мыны немесе 42%-ы құрбан болды.Абылхожин Ж.Б., Козыбаев М.К., Татимов М.Б. Казахстанская трагедия // Вопросы истории 1989. № 7, 18-6. (подсчеты М. Татимова)..

Аштық құрбандарының саны туралы мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр деп ойлаймыз. Елеулі түзетуді, шамасы, МКК мен ІІБ, Орталық партия органдарының «К» (құпия) белгісі соғылған, республикалық жэне облыстық мұрағаттарда сақталған мұрағат қоймаларынан айналымға енгізілген материалдардан алуға болатын шығар. Түбегейлі жаңа деректерді «қуғын-сүргін санағы» деген атаумен белгілі 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының материалдарынан алуға болады. Тұп-тура бір-ақ күнде (5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған) жүргізілген ол сталинизм саясаты тудырған орасан зор демографиялық апатты бейнелейді. Іле-шала оны әзірлегендер мен орындағандардың тұтқындалғаны, ал көпшілігінін атылғаны түсінікті (тоталитарлық жүйе куәлерді қалдырудан қорықты). Санақ материалының өзі ұзақ жылдар бойы жойылған деп есептеліп келді. Енді, міне, жуырда ол Халық шаруашылығы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ХШОММ) қорынан табылып отыр. Осы материалдардан көрінгендей, 1937 жылғы қаңтарда КСРО-да қазақтардың саны 2 862 458 адамды құраған.Поляков Ю.А., Жиромская В.Б., Киселев И.Н. Полвека молчания // Социологические исследования. 1990, № 7, 59-6..

Қазақстанда осы кезде басқа халықтар мен этностардың саны: украиндар - 859,4 мыңнан 658,1 мыңға, өзбектер - 228,2 мыңнан 103,6 мыңға, ұйғырлар — 62,3 мыңнан 36,6 мыңға азайғанын да айтқан жөн. Ауыр тағдырға тап болған осы халықтардың өкілдері үйреніскен жерін тастап, азық-түлікке қатысты қолайлылау аудандарға - Сібірге, Өзбекстанға кетуге мәжбүр болды.

Келтірілген деректерден байқағанымыздай, шаруашылықты өктемдікпен талқандаудың салдарынан туындаған ашаршылық ауқымы жағынан жан шошытарлықтай болды. Малдан жұрдай болған қыр халқы өздеріне тән дәстүрлі тағамдары еттен айырылды. Балықшылық, аңшылық және басқа жиын-терім жағдайды түзей алмады. Егін шықпағандықтан ауылда астық болмады (ал болса, астық дайындау науқаны кезінде сыпырып алды).

Голощекиндік аштық босқындары Жұтаған аймағын тастап кету де барлық уақытта бірдей қолдан келмеді. Жылқысы, түйесі жоқ, жаяу қалған көшпеліге бірнеше жүз, тіпті мыңдаған шақырымдық орасан зор қашықтықты еңсеру қиынға түсті. Малсыз қалған шаруа шаруашылығына кең-байтақ дала енді асыраушы емес, ажал торына айналды.

Мұқтаждық қуған адамдар тобы бір ғана мақсатпен — тірі қалу үшін қалаларды, кенттерді, станицаларды, теміржол станцияларын кезіп кетті. Олар шоғырланған жерлерде бөртпе сүзегі шықты, адамдар сирек қоныстанған мұндай жерлер үшін бұл бұрын-соңды кездеспеген індет еді. Белпаз ауруға қарсы күресетің иммунитеті болмағандықтан, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметінің әлсіздігінен (көптеген жағдайларда мүлдем болмағандықтан) аштыктан әлсіреген адамдар қазаға ұшырады.

Тұрғылықты халық санына көші-қон да қатты шығын әкелді. Халықтың бастапқы жиынтық санының төрттен бірі, яғни 1 030 мың адам республикадан тыс аймақтарға кешіп кетті. Оның 616 мыңы оралмады, ал 414 мыңы кейін Қазақстанға қайтып келді. Мамандардын бағалауы бойынша оралмай кеткен 200 мыңға жуық адам шет елге — Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға және Түркияға жол тартты.

Қазақтардың іргелес өңірлерге көшіп барып қоныстануына нақты дәлел болатын деректер 1926 және 1939 жылғы санақтарда келтірілген. Егер 1926 жылғы санақ бойынша көршілес республикаларда қазақ, ұлтының 314 мың өкілі тұрған болса, 1939 жылғы санақ бойынша ол 794 мың адамға жетті, яғни көбею салыстырмалы шекте 453 мың адамды құрады.Татимов М.Б. Летопись в цифрах (на каз. яз.). А.-А., 1969, 79-80-6.. 1926 және 1939 жылдар аралығындағы санақ аралық кезеңде мигранттар есебінен қазақтар: РКФСР-да 2,3 есе, Өзбекстанда - 1,7 есе, Түркіменстанда — 6 есе, Тәжікстанда - 7 есе, Қырғызстанда 10 есе өсті.Сонда, 80-6. Бүгінде әлемде 10 млн қазақ бар деп есептеледі. Соның қатарындағы ең үлкен диаспора Қытайда (1 млн 70 мың адам) тұрады. Моңғолиядағы қазақтардың саны - 137 мың, Түркияда - 120 мың, Ауғанстанда — 20 мың, Иранда - 510, Швецияда - 200, Голландияда - 120, АҚШ-та - 100, Англияда - 60 адам.. Қайтару және оларды шаруашылыққа тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ 1938 жылғы «жапон тыңшыларымен» және «ұлтшыл-фашистермен» күрес науқанындағы қуғын-сүргін аласапыранында осы іс-шаралар тежелді. Республика ОК-нің жаңа аппараты «халық жауларының» ісін жалғастыруға тәуекел ете алмады (Л.И. Мирзоян тұтқындалып, атылды). Алайда бұл тарихтың тағы бір зұлмат беттері саналады.

Індет пен Аштықтың демографиялық процесті шайқалтуы Аштық және сонымен ілесе келген індет, сондай-ақ көшіп кету өзінің бастапқы кезеңінде-ақ қалыпты демографиялық процесті шайқалтып жіберді. Республиканың тұрғылықты халқының тамыры терең дағдарысты құбылысты еңсере алғанының сыры мынада, оған халық өзінің алғашқы көбею, яғни демографиялық эволюциялық дамудың бірінші сатысында тап болды. Тек соғыстан кейінгі өзінің классикалық нұсқасындағы демографиялық өрлеудің арқасында (шыны 1962 жылға келеді) қазақ этносы орасан зор шығыннан аман қалды. Халықтың бұрынғы саны 40 жылдан кейін, яғни 1969 жылы қалпына келтірілді. Егер демографиялық жарылыс және оның осы кезге дейінгі «өрлеуі» болмағанда, халық санының осы іспеттес ұлттық дағдарысын еңсеру үшін кемінде 100-120 жыл, яғни 2-3 есе көп уақыт керек болар еді. Осыған қарамастан, бұрынғы толқын тәріздес күрделі тарихымызды қайталап, бірақ әр ұрпақтың ауысуы арқылы оны бірте-бірте еңсере отырып, оның салдары әлі ұзақ уақытқа — 150-170 жылға дейін созылатын болады.

Сол жылдардың қайғылы оқиғалары себептерін дәстүрлі тарихнамада айтылып келген «қателіктер мен асыра сілтеулер» салдарымен ғана түсіндіру мүмкін емес. Қайта керісінше, бұл арада заңды құбылыс орын алған, яғни жұмылдыру-әкімшілік және волюнтаристік-күштеу әдістері өзінің табиғатынан стихиялы келетіні анық. Оның негізінде саяси-идеологиялық құралдарды ел өміріне кеңінен енгізу, шаруашылықты басқаруга қолдану, құқықтық нормаларды және адам факторларын (бүгінгі тілмен айтқанда) аяққа басу үрдістері жатыр. Тиісінше, қателіктер мен асыра сілтеулер қоғамды ұйымдастырудың сталиндік үлгісінін объективті логикалық шындығын білдіреді.

Осы алғышарттарды сезіне отырып, сонда да көкейге келген мынадай сұрақтан бас тарта алмаймыз: сол кезде мұндай қайғылы оқиғаларға қалайша жол берілді? Оның үстіне, қазір де Сталиннің және оның ең жақын серіктерінің елдің жағдайын, Даладағы тартыстың ауқымын толық білмегендігі, оларға теріс ақпараттар берілгендігі туралы және т.б. пікірлер айтылуда. Шындығы солай ма?

Шынындада, өлкеде қалыптасқан жағдай туралы Мәскеуде баяндама жасап, оралғаннан кейін Л.И. Мирзоян (оның республикалық партия ұйымының басшылығына енді кіріскен кезі) мен ҚАКСР ХКК-нің төрағасы О. Исаевтің Қазолком бюросы отырыстарының бірінде айтқанындай, Л. Каганович қатты абыржыған. Ол ылғи да: «Бұлай болғаны қалай? ОК бұл туралы неге газеттен оқып біледі (тап-таза жалғандық, өйткені баспасөз ол кезде өз «ақпараттарын» рұқсат етілген насихаттық шамадан әрі асыра алмады. — авт.)? Бұл туралы (яғни ашаршылық, көшіп кету т.б. — авт.) үндемеу кімге («зиянкестерге» үйреншікті тұспал. — авт.) пайдалы?» деп қатты ашуланып, қайта-қайта сұрай берген.

Орталыққа шынында да апаттың ауқымы туралы айтылмады ма, әйтпесе осындай ерсілік қайдан шықты. Бірақ құжаттар мүлдем керісінше деректер келтіреді. Ең алдымен Қазақстан ХКК-нің төрағасы О. Исаев қол қойған ресми үкіметтік жазбада (1932 жылғы мамыр) келтірілген біршама ақиқат ақпарат белгілі. Сондай-ақ басқа да пікір бар, БК(б)П Батыс Сібір өлкелік партия комитетінің хатшысы Р. Эйхе мен Өзбекстан ОАК-нің төрағасы Ю. Ахунбабаев Мәскеуге Қазақстандағы ашаршылықпен көшіп кету туралы хабарлаған (ақылға қонады, өйткені Батыс Сібір мен Өзбекстан босқындардың үлкен тобын қабылдаған және олардың басшыларының Сталинді бұл туралы хабардар етпеуі мүмкін емес).