Шығыс Бөлік – Кіші жүздегі хандық билік жойылғаннан кейін (1824) құрылған әкімшілік аймақ.

Құрамына Кіші жүздің, негізінен әлімұлы тайпасының рулары мекендеген жерлер мен Сырдарияның төмендегі саласындағы қазақ рулары кірді. Шығыс Бөліктің Орта жүзбен шекарасындағы аудандарда арғын, қыпшақ, керей руларының ауылдары көшіп қонды. 1831 ж. Кіші жүзді басқарудың дистанциялық (бекінісаралық) жүйесі енгізіліп, жаңа тәртіп бойынша рубасылардың құқықтары елеулі түрде тежелді. Шығыс Бөлікте мұндай дистанциялардың саны 28-ге жетті.Шығыс Бөлік сұлтан-әкімдерінің ордасы Усть-Үй стансасында орналасты. Шығыс Бөлікті 1843 жылғы санақ бойынша 18 мың адам мекендеген.

Сұлтан-билеушілер: Жұма Құдаймендиев (1824-1830)

Жантөре Жиһангеров (1830-1835)

Шотай Бақтыгереев (1835-1841)

Ахмет Жантөрин (1841-1851)

Мұхаммед Жантөрин (1851-1869)

Пайдаланатын әдебиет Зиманов С.З., Политический строй Казахстана конца XVІІІ и первой половины XІX веков, Алма-Ата, 1960; Мәшімбаев С., Патшалық Ресейдің отарлық саясаты, Алматы, 1994.