Әлімхан Әбеуұлы Ермеков (25 мамыр 1891, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Темірші болысы — 22 маусым 1970, Қарағанды) — мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш Орда үкіметінің мүшесі. Қазақтың тұңғыш профессор-математигі.
Өмірбаяны Арғын тайпасы, Қаракесек руының Сары Танас бұтағынан шыққан.«Қаракесек шежіресі», екінші том, Павлодар, «ЭКО» ЖШС баспаханасы, Т.А. Еңсебаев . Кітаптың таралымы – 500 дана. 2017
Балалық шағы Әлімхан Әбеуұлы Ермеков 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы Беріктас өңірінде дүниеге келген.
Әкесі Әбеу халыққа қадірлі, орысша сауатты, өз дәуірінің зиялы адамдарының бірі болған. 1899 жылы Әлімхан Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасында зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленген Әлімхан 1905 жылы Қарқаралыдағы училищені үздік бітіріп, Семейдегі ерлер гимназиясына түседі. 1912 жылы гимназияны алтын медальмен бітіріп, Томск технологиялық институтының тау-кен факультетіне оқуға түседі.
Томскідегі оқуы 1912 жылы Әлімхан Ермеков Томск технологиялық институтына оқуға түседі. Томскіде оқып жүрген кезінде ол белгілі географ және этнограф, Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанинмен танысады. Ермеков кейінгі естеліктерінде Потаниннің өзіне білім алуға және алған білімін халқына қызмет етуге жұмсауға кеңес бергенін жазған.
Әлімхан Ермеков өз қолымен толтырған анкеталарында ағылшын, неміс, француз және итальян тілдерін білетінін көрсеткен. 1917 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров Әлімхан Ермековке арнау өлең жазған.
Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен, Келеді екінші болып бұл ретпенен. Қазақта мұндай жігіт көрмедім, - деп, Ардақты қарт Потанин лепес еткен.
Томдағы инженерлік сабағында, Жетеді біл жылдан соң тамамына. Өткізбекші өмірін ілім үстінде, Бір түрлі биіктік бар талабында.
Сөйлеп кетсе, қозғалар бойда жаның, Тас болса да ерітер жүрек қанын. Шындығы, тереңдігі, әділдігі, Тусаң ту осылай, - дегізер жанның бәрін. Адалдық, ақжүректік, ақтығына, Бір ауыз қарсы айта алмай құрыды әлің.
Меніңше Ермеков - деген бала, Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға. Сөз, білімін сынайтын жер ілгері, Әзір адал кісі ғой, жеке дара.
Математика саласындағы қызметі
Әлімхан Ермеков жоғары оқу орындарында математикадан сабақ беріп, Қазақстанда жоғары математикалық білім берудің қалыптасуына үлес қосты. 1926–1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ жоғары педагогикалық институтында жоғары математикадан сабақ беріп, жаратылыстану-математика факультетінің деканы қызметін атқарды. 1928–1930 жылдары Алматыдағы жоғары оқу орындарында математика кафедрасында доцент болып жұмыс істеді.
1930–1935 жылдары Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институтында доцент, профессор және жоғары математика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1935 жылы математика кафедрасы бойынша профессор атағына бекітілді.
1932–1937 жылдары Ермеков қазақ тіліндегі ғылыми математикалық терминологияны қалыптастыру және математикадан қазақ тілінде оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу жұмыстарымен айналысты. Оның басшылығымен Н. Бақаев, Р. Бөкейханов және Р. Маскеев қатысқан математиктер тобы қазақ тіліндегі математикалық терминология бойынша бірнеше бюллетень әзірлеп, жариялады.
«Ұлы математика курсы»
1935 жылы Ермековтің қазақ тіліндегі «Ұлы математика курсы» атты еңбегінің бірінші бөлімі Қызылордадағы «Қазақстан» баспасынан латын графикасымен жарық көрді. Бірінші бөлім «Аналитикалық геометрия мен дифференциал және интеграл есептеу негіздері» деп аталып, 160 беттен тұрды.
Еңбекте аналитикалық геометрия, дифференциалдық және интегралдық есептеудің негіздері қарастырылды. Оқулық жоғары техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналған.
Ермеков қазақ тіліндегі математикалық терминдерді жүйелеумен де айналысты. Оның педагогикалық тәжірибесі негізінде «Қазақ тілінің математика терминдері» атты сөздік-анықтамалық әзірленді.
1935 жылы Ермеков Алматы кен-металлургия институтының математика және механика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалып, кейін жалпы техникалық факультеттің деканы қызметін атқарды.
Алаш қозғалысы 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Әлімхан Ермеков қоғамдық-саяси қызметке белсене араласты. 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысты. Сол жылы Алаш автономиясы құрылғаннан кейін Алашорда үкіметінің құрамына сайланды.
Әлімхан Ермеков Халел Ғаббасовпен бірге Семей облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды.
1917 жылғы шілдеде өткен Бірінші жалпықазақ съезінде Әлімхан Ермеков Семей облысынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.
1917 жылғы 8–17 қазанда Әлімхан Ермеков Томск қаласында өткен I Сібір облыстық съезіне қатысып, Семей облысынан съезд президиумының құрамына сайланды. Съезде Сібір автономиясының негізгі заңын әзірлейтін комитет құрылып, қазақ делегаттары оның құрамына Ермековті ұсынды.
Әлімхан Ермековтің тарихи қызметінің маңызды бағыттарының бірі — Қазақ автономиясының аумақтық тұтастығы мен шекарасын айқындауға қатысуы. 1920 жылғы 17 тамызда В. И. Лениннің төрағалығымен өткен Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясын құру мәселесі қаралып, Ермеков Қазақстанның жері мен шекарасы туралы баяндама жасады. Талқылаулар барысында Ақмола және Семей облыстарының, Каспий теңізінің солтүстік жағалауы мен Ертіс өңіріндегі жерлердің Қазақ автономиясының құрамына енуі жөніндегі мәселелер қаралды.
Кеңес дәуіріндегі қызметі
1920-жылдары Әлімхан Ермеков ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты. 1926–1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ жоғары педагогикалық институтында жоғары математикадан сабақ беріп, жаратылыстану-математика факультетінің деканы қызметін атқарды. 1928–1930 жылдары Алматыдағы жоғары оқу орындарында математика кафедрасының доценті болды.
1930–1935 жылдары Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институтында доцент, профессор және жоғары математика кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1935 жылы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен математика кафедрасы бойынша профессор міндетін атқарушы ғылыми атағына бекітілді.
1935 жылы Ермековтің жоғары техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналған «Ұлы математика курсы» оқулығы қазақ тілінде, латын графикасымен жарық көрді. Ол қазақ тіліндегі математикалық терминологияны әзірлеуге де қатысты.
1930 жылы Ермеков Алаш қозғалысының бірқатар қайраткерлерімен бірге қамауға алынды. 1932 жылғы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен қамауда өткізген мерзімі есепке алынып, босатылды.
1938 жылы Ермеков қайта тұтқындалып, 1939 жылғы 28 ақпанда 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 1947 жылы жазасын өтеп Қазақстанға оралғанымен, 1948 жылғы 4 желтоқсанда қайта тұтқындалды. 1955 жылы мерзімінен бұрын босатылып, 1957 жылы толық ақталды.
Бостандыққа шыққаннан кейін Қарағанды тау-кен институтында жоғары математикадан сабақ берді. Әлімхан Ермеков 1970 жылғы 22 маусымда Қарағанды қаласында қайтыс болды.
Әлімхан Ермеков атында Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы көше Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицей
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер Нұрбек Матжани. Алаштың Әлімханы Әлімхан Ермеков. "Ұлы математика курсы"
Санат:Профессорлар Санат:Қазақстан математиктері Санат:Қазақстан ғалымдары