Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы – ет-май өндіру бағытында шығарылған ежелгі қой тұқымы.
Дене пішіні бір-біріне ұқсас, тек өнімділігіне және өсірілетін өңіріне қарай бөлінетін 22 тармағы белгілі. Дене бітіміне байланысты 3 топқа бөлінеді. Ірілеріне: еділбай қостанай терісаққан ырғыз-шалқар бағаналы бесата, т.б.; орташаларына: торғай сарысу шу қарқаралы, т.б.; ұсақтарына: мерке жетісу ертіс түрікмен-шымкент, т.б. тармақтары жатады. Бұл тармақтардың ішінде дене бітімі мығым, ет, жүн түсімі жоғары, түбіті қалыңырағы – еділбай қойы.
Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы – дене бітімі шымыр, сүйегі берік, басы орташа, тұмсығы түзу, не сәл дөңестеу. Мойыны аса ұзын емес, кеудесі кең, жоталы. Сирақтары ұзын, тұяқтары өте мықты. Қойлардың түсі, көбінесе қоңыр, қызғылт сары, көк және қара болады. Қошқарының тірідей салмағы 90 – 110 кг, саулығы 60 – 65 кг тартады, олардан тиісінше 3 – 3,5 кг және 1,8 – 2,2 кг жүн қырқылады. Әр 100 саулықтан 105 – 112 қозы алынады. Енесінен бөлген кезде еркек қозылар 34 – 37 кг, ұрғашылары 32 – 35 кг салмақ тартады. 4 – 5 айлық еркек қозылардың сойыс шығымы 50 – 52% болады. Қазақстанның барлық облыстарында өсіріледі.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том
Дереккөздер
Санат:Қой тұқымдары