Орымбек Ахметбекұлы Жәутіков — ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы (1961), профессор (1961), Қазақстан ұлттық академиясының академигі (1962), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1974).

Қысқаша өмірбаяны Төрт жасында анасы қайтыс болып, жетім өскен. 1921 жылы он жасында ауыл мектебінде сауатын ашқан. 1923 жылы Қарқаралыдағы мектеп-интернатқа түсіп, оны 1930 жылы үздік бітірген. Төлеңгіт руынан шыққан.https://alashainasy.kz/shezhire/shejire-tolengt-62103/

1930 жылы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1934 жылы оны үздік бітірген. Кейін Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдаған. 1934–1951 жылдары ҚазПИ-де ассистент, аға оқытушы, доцент, декан, директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1945–1965 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика секторында аға ғылыми қызметкер және сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1965–1969 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтында директордың орынбасары және зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1969–1989 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Президиумының мүшесі және Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған. 1985–1989 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтында зертхана меңгерушісі қызметін атқарған.

Еңбектері Негізгі ғылыми еңбектері қозғалыстың орнықтылық теориясына, математикалық физика теңдеулеріне, дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелеріне, теориялық және қолданбалы механикаға, математика тарихы мен оның методологиясына арналған. Орымбек Ахметбекұлы Жәутіков республикалық физика-математика мектебінің ашылуы мен қалыптасуына үлес қосқан ғалымдардың бірі. 1990 жылы мектепке Орымбек Ахметбекұлы Жәутіковтің есімі берілді. Ол Қазақстанда математик мамандарды даярлауға және математиканы насихаттауға елеулі үлес қосты. 1976 жылы «Дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелері» монографиясы үшін ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Математика ғылымын дамытуға, физика-математика білімін жетілдіруге және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға қосқан үлесі үшін Октябрь Революциясы орденімен, екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. 1958 жылы Жәутіков қазақ тілінде Математикалық анализ курсы оқулығын шығарды. Ол 200-ден астам ғылыми еңбектің, ғылыми-танымдық кітаптардың, әдістемелік жұмыстардың және көптеген оқулықтардың авторы.

Шығармалары: Математикалық анализ курсы. — Алматы: Қазмемоқупедбас, 1958. — 784 б. Математиканың даму тарихы. — Алматы, 1967. — 331 б. Жәутіков О. А., Валеев К. Г. Бесконечные системы дифференциальных уравнений. — Алма-Ата: Ғылым, 1974. — 416 б. Теория бесконечных систем дифференциальных уравнений, А.-А., 1978 (соавтор).

Мектеп мұғалімдері мен оқушыларына, жалпы зиялы қауымға арналған «Білім және еңбек» журналының шығуына атсалушылардың бірі болды.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер

Сілтемелер ЖӘУТІКОВ ОРЫНБЕК АХМЕТБЕКҰЛЫ

Санат:Қазақстан математиктері Санат:1911 жылы туғандар Санат:1989 жылы қайтыс болғандар Санат:Қазақстан ғалымдары Санат:Профессорлар Санат:Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы академиктері Санат:Қарағанды облысында туғандар Санат:Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Санат:Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегерлері