Күрделі зат есімдерге кемінде екі я онан да астам түбір морфемадан құралған зат есімдер жатады. Ондай зат есімдер қазіргі қазақ тілінде төрт түрлі: Біріккен зат есімдер, Қосарланған зат есімдер, Тіркес (құрама) зат есімдер, Қысқарған зат есімдер.
Біріккен зат есімдер
Біріккен зат есімдерге кемінде екі түбір морфемадан бірігу арқылы жасалған зат есімдер жатады. Мысалы: бәйтерек, бәйшешек, белбеу, көкпар, қайнаға, қолбасы, қолқанат т. б.
Қосарланған зат есімдер Қосарланған зат есімдерге екі түбір морфемадан қосарланып жасалған зат есімдер жатады. Мысалы: абысын-ажын, ақыл-айла, ас-су, ата-ана, бала-шаға, әл-қуат, ел-жұрт, жігіт-желең, жауын-шашын, ой-пікір, ой-қыр, отын-су, тері-терсек, ұрыс-керіс, шай-су т. б.
Тіркес зат есімдер Тіркес (құрама) зат есімдерге кемінде екі я онан астам түбір сөздерден әр қилы жолмен тіркесу арқылы жасалған зат есімдер жатады. Мысалы: ауыл шаруашылығы, балалар бақшасы, кәсіп одағы, күн тәртібі, қоғамдық еңбек, сары май т. б.
Қысқарған зат есімдер Қысқарған зат есімдерге бірнеше сөзден құралып қысқарған зат есімдер жатады. Мысалы: ҚР, БҰҰ, ҚазМҰУ, пединститут, см, мм, га, Кб, Мб т. б.
Тағы қараңыз Зат есім
Әдебиет А. Ысқақов, Қазіргі қазақ тілі, 1974 ж.
Санат:Қазақ тілі Санат:Грамматика Санат:Сөз таптары