"Биоген", “Биоген” жабық акционерлік қоғамы — ғылыми-тәжірибелік кәсіпорын. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеулер институтының алыстекті гибридтеу, жануарлар морфологиясы, биогендік сергіткіштер лабораториялары негізінде 1962 ж. Алматыда құрылған. 1962 — 94 ж. Эксперименттік биология институты, 1994 — 98 ж. Жануарлар биотехнологиясы мен ұдайы өсіру ғылыми-тәжірибелік орталығы болып аталған. Құрамында эмбриондар трансплантациясы, жануарлар биохимиясы, иммундық генетика және жануарлар селекциясы лабораториялары мен 1 тәжірибелік кешен бар. Негізгі ғылыми бағыттары: жануарлар генетикасы мен селекциясы, жануарларды ұдайы өсіру мен генетикалық зерттеу негіздері; ауыл шаруашылығы малдарының жоғары сапалы тұқымдары мен қолда бар тұқымдарының биолоиялық өнімді қасиеттерін жақсарту мақсатындағы селекцияның генетикалық негіздері, т.б. “Биогенде” алыстекті жануарларды гибридтеудің теориялық және практикалық мәселелері зерттеліп, қой (қазақ арқар-мериносы, КСРО Мемлекеттік сыйлығы, 1950) мен шошқаның (Жетісу шошқасы) жаңа тұқымдары шығарылды. Қазақстанның батыс және шығыс облыстарында өсіру үшін етті, әрі жүнді кроссбред қой тұқымы сұрыпталды; эволюциялық морфология, иммундық генетика, биохимия, трансплантация (жануарлардың органдарын ауыстыру) мәселелері малдың тұқымы мен жасына, өнімділігіне байланыстыра зерттелді; жануарлар клеткаларында (простагландиннің) физиологиялық жедел қоспалар биосинтезделіп, иммобилизацияланған ферменттер негізінде простагландинді биокатализатор жасалды. “Биоген” Ресейдің бірнеше ғылыми ортылықтарымен, Өзбекcтан Қаракөл институтымен, Қырғыз Ғылым Академиясының Физиология және биохимия институтымен, Үрімші ауыл шаруашылық академиясымен бірігіп жұмыс жасайды. “Биогенде” академик Ф.Мұхамедғалиев, В.А. Бальмонт, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары А. Жандеркин, Ә.Есенжолов еңбек еткен.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том

Дереккөздер</span>

Санат:Кәсіпорындар