Каландрлау - мата, қағаз және резина материалдарды каландрмен өңдеу процесі. Қағаз өндірісіндегі каландрлау жұмыстары машиналы каландрмен немесе суперкаландрмен жүргізіледі. Бұл машиналармен өңделген қағаз каландрланған яки жалтыратылған қағаз деп аталады. Резина өндірісіндегі каландрлау әдісі ленталар және қалыңдығы әр түрлі пластиналар жасау үшін, матаға резина қоспасын жағу т.б. пайдаланылады. Каландрлау әдісі әсіресе тоқыма өндірісінде көп қолданылады. Мұндағы каландр машинасы екі түрге бөлінеді. Бірі арнайы жуылған матаның суын сығып, құрғатып, енін созып, тегістеп әрі транспортерге реттеп салып беріп, келесі процеске жеткізіп тұру жұмысын орындайды. Матаны соңғы рет өңдеу кезінде түрлі өрнектер салумен қатар оның тығыздығын және беріктігін арттыру жұмыстарын екінші түрі атқарады.

Дереккөздер

М.Қ.Қаратаев, Қазақ совет энцеклопедиясы. 4 том. 672 бет.