Досжан Құрақов (Құрақтың Досжаны) (2 сәуір 1878, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылы - 20 қаңтар 1944, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылы) - домбырашы, күйші. Құрақтың Досжаны Сыр өңірінде өмір сүрген, барлық саналы ғұмырын өнерге, оның ішінде күй өнеріне арнап, өлмес мұраны кейінгілерге жеткізген дәулескер күйші. Ол 1878 жылы Қызылорда облысының бұрынғы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданының «Карл Маркс» колхозында (қазіргі Нағи Ілиясов ауылында) дүниеге келген. Руы: Кіші жүз-Байұлы-Жаппас-Жылкелді. Туыстарының отбасылық шежіресіне сүйенсек, Жылкелдіден әрі қарай Есмұрат-Құрман-Дәулетімбет-Әлібек-Азат-Құрақ тарайды. Құрақтан Наурызбай мен Үбіжар туған. Наурызбайдан Ыбырай мен Досжан дүниеге келген (Үбіжардан ұрпақ болмаған). Ыбырайдан – Алмат, Самырат, Төремұрат.
Ыбырай мен Досжанның анасы, Наурызбайдың жары Дина ауыр науқастан мезгілсіз қайтыс болады. Екі немересінің кенжесі Досжанның өнерге жақын екенін байқаған атасы Құрақ оны қолына алып, бауырына басады. Күйшінің «Құрақтың Досжаны» атануы да сондықтан. 8 жасында домбыра тарта бастаған Досжан 12 жасына дейін Сыр бойының көптеген күйшілерінің күйлерін шебер орындау дәрежесіне жеткен. Есейе келе оның есімі Сырдан асып, Арқаға, Қостанай, Торғай, Ақтөбе аймақтарына жайылған. Өз заманындағы дәулескер күйшілер Шал, Мырза, Әлшекей, Қазанғаптардың күйлерін тыңдап өскен ол өзі де күйлер шығара бастаған. Тереңөзек, Сырдария, Жалағаш аудандарын, Қызылорда маңындағы ауыл-ауылды атпен аралап, халыққа өз өнерін паш еткен. Қарсы кездескен күйшімен күй тартысып жарысқан. Оған Бәти қызбен күй тартысы мысал бола алады.
Құрақтың Досжаны 1938 жылдан бастап атақты ақын Нартай Бекежановтың концерттік бригадасының құрамында болады. 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, өнер көрсетеді. Елге келген соң Қызылөзек, Тельман, Жәдігер, Шіркейлі, Шаған мектептерінде домбыра үйірмелерін, оркестрлер ұйымдастырады, шәкірттер тәрбиелеп, жас ұрпақты өнерге баулиды.
Құрақтың Досжаны - саналы ғұмырын қазақ мәдениетін, оның ішінде күй өнерін өркендетуге арнап, соңына мол рухани мұра қалдырған дәулескер күйші. Құрақтың Досжаны 1944 жылғы 20 қаңтарда 66 жасында өмірден өткен. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, қазіргі Нағи Ілиясов ауылынан бірнеше шақырым жердегі ескі қорымға жерленген. Туған ағасы Ыбырай екеуіне бір құлпытас қойылған.
1978 жылы Құрақтың Досжанының 9 күйін шәкірті, күйші Исламбек Ысқақов (1930-1982) Ташкент қаласында пластинка етіп шығарды. 2008 жылы жарыққа шыққан "Сыр сүлейін сұрасаң" атты антологияға бірнеше күйі енгізілді. Қазақ телевизиясы мен радиосының эфирінен дәулескер күйші Құрақтың Досжаны жайында бірнеше рет хабарлар жасалды.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданында аудандық ұлт-аспаптар оркестрі 1974 жылдан бері Құрақтың Досжанының атымен аталады. Оркестр құрамында 40-қа тарта өнерпаздар бар. Олар түрлі аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иемденіп келеді. Оркестрдің жетекшісі әрі дирижері - «Мәдениет саласының үздігі», «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов.
Күйші Құрақтың Досжанының шығармашылығын 30 жылдан астам уақыт зерттеп жүрген туысы - журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Индира Самыратқызы Ибраева. Ол - Досжан күйшінің туған ағасы Ыбырайдың немересі. Зерттеуші Досжанның Құрақтың ҰЛЫ емес, НЕМЕРЕСІ екенін, Досжан Құрақұлы деп қате жазбау керектігін ескертеді.
Шығарған күйлері
"Ақмоншақ" "Көкек" "Қыпың" "Қара жорға" "Терісқақпай" "Бәти қыз" "Кербез төре" "Жетім қыз" "Шалқыма" "Қоңыр қаз" "Шек-шек, Шегіркөк" Бұқтым-бұқтым" "Азаматым аттанды" "Абыржыма, ағайын" "Азамат болдың, Алматым". Соңғы 3 күйін үйреніп алған адам болмаған. 1964 жылы фольклортанушы Мардан Бәйділдаев Досжанның 32 күйін үнтаспаға жазып алды.
Шәкірті Исламбек Искаков 1978 жылы Досжанның 9 күйін өзінің күйлерімен қоса орындап, пластинка етіп шығарды.
Күйлерінің атауы зерттеуші-журналист И. Ибраеваның қолындағы мәліметтеріне сай жаңартылды. Тереңөзек тарихы, А., 1996..
Дереккөздер
Санат:2 сәуірде туғандар Санат:1878 жылы туғандар Санат:Сырдария ауданында (Қызылорда облысы) туғандар Санат:21 қаңтарда қайтыс болғандар Санат:1944 жылы қайтыс болғандар Санат:Сырдария ауданында (Қызылорда облысы) қайтыс болғандар Санат:Күйшілер Санат:Домбырашылар