Церен-Дондук (жазба деректерде Цэрэн-Дондук, Черен-Дундук, Черен-Дондук, туған жылы белгісіз - 1737) - Қалмақ хандығының екінші билеушісі, Аюка ханның кенже ұлы әрі мирасқоры.

Өмірбаяны

1722 жылдың тамызында Черный Ярда I Петрмен кездескен Аюка хан орыс билеушісінен қалмақ тағына ұлы Церен-Дондукты отырғызуды сұраған. Алайда, I Петр П.А. Толстойға беделді ноян Доржи Назаровпен құпия келіссөздер жүргізуге бұйрық берген. Доржи Назаров хан тағына отырған соң патша үкіметінің талаптарын орындауға, Ресейге ұлын аманатқа жіберуге келісті. Осы қадам арқылы Ресей үкіметі хан билігін мұрагерлік жолмен берудің қалыптасқан тәртібін өзгертіп, оның орнына Ресей билігіне қолайлы үміткерді жоғарыдан тағайындау тәсілін енгізуді көздеді. Олар осы тағайындалған тұлғаға сүйене отырып, Қалмақ хандығын толықтай өз бақылауына алуды мақсат етті. Аюка өзінің мұрагері етіп таңдаған Церен-Дондукқа хан тағын иеленуді жеңілдету үшін оның басты қарсыласы - өз немересі Досангты әлсіретуді тырысқан. 1723 жылдың 24 қарашасында Астрахан маңындағы Берекет өзенінің бойында қалмақ ханының әскерін бастаған Дондук-Омбо мен Досангтың арасындағы шайқас өтті. Бұл шайқаста жеңіліс тапқан Досанг ұлыстарының басым бөлігінен айырылды. Церен-Дондук Аюка ханның өлімінен кейін қалмақ тағына басты үміткердің біріне айналды. 1724 жылдың 20 қыркүйегінде Саратовтан 42 шақырым жерде астрахан губернаторы А.П. Волынский Церен-Дондукты хан емес, билеушінің өкілі ретінде жариялады. Билеушінің өкілі атағы патша үкіметіне, қажет болған жағдайда, оны басқа үміткермен алмастыруға мүмкіндік берді. 1731 жылы патша үкіметіне қалмақтарға қытай елшілігінің шыққаны және олардың Церен-Дондукқа VII Далай-ламадан «хан» атағын алып келе жатқаны туралы хабар жеткен. Қытай елшілігінен озып кету үшін патша үкіметі Церен-Дондукты қалмақ ханы етіп тағайындады. Жаңа қалмақ билеушісі Парсы мемлекетімен және Осман империясымен дербес қарым-қатынас орнатып, қол астындағы нояндардан өзіне ерекше құрмет көрсетуді талап етті. Церен-Дондуктың билік құрған кезеңі орталық биліктің әлсіздігімен және саяси тұрақсыздықпен ерекшеленді. Церен-Дондуктың хан болып жариялануы Дондук-Омбоның наразылығын күшейтіп, оның жағына нояндар мен зайсангтардың жаңа тобын тартты. Олардың басты наразылығы жаңа билеушінің хандықтың ішкі істеріне белсене араласуы болды. Ақыры Дондук-Омбо тобымен орын алған қарама-қайшылықтар қарулы қақтығысқа алып келді. 1731 жылдың 4 қарашасында Сасыкөл түбінде Церен-Дондук әскері Дондук-Омбо күштерінен жеңіліс тапты. Церен-Дондук ұлыстарының басым бөлігінен айырылды. Патша үкіметінің қудалауынан қауіптенген Дондук-Омбо ұлыстарымен Қобанға қоныс аударды. 1735 жылдың 10 қыркүйегінде Церен-Дондук VII Далай-ламадан «Дайчин-Шаса-Бюджа-хан» лауазымын иеленді. Хан атағына ие болғанымен, Церен-Дондуктың билігі тұрақсыз еді. Орыс-түрік соғысының қарсаңында патша үкіметі Церен-Дондукты өз билігін нығайтқан Дондук-Омбомен алмастыруды ұйғарды. Халық арасындағы билігі мен беделінен айырылған Церен-Дондук 1735 жылдың 15 қарашасында Шакур-ламамен Царицинде тұтқындалып, алдымен, Мәскеуге, кейін Петербургке жер аударылды. Ол қалмақ ұлыстарына қайтып оралмады.

Әдебиет

Батмаев М. М. Калмыки в XVII—XVIII веках. События, люди, быт. В 2-х т. — Элиста: Калм. кн. изд-во, 1993. История Калмыкии с древнейших времён до наших дней: в 3 т. — Элиста: ГУ «Издательский дом «Герел», 2009. — 848 с. Митиров А. Г. Ойраты-калмыки: века и поколения. — Элиста: Калм. кн. изд-во, 1998. — 384 с. Цюрюмов А. В. Калмыцкое ханство в составе России: проблемы политических взаимоотношений. — Элиста: Джангар, 2007. Шовунов К. П. Очерки военной истории калмыков (XVII-XIX вв.) — Элиста: Калм. кн. изд-во, 1991. — 189 с. Эрдниев У. Э. Калмыки: Историко-этнографические очерки. — 3-е изд., перераб. и доп. — Элиста: Калм. кн. изд-во. 1985. — 282 с.

Санат:Қалмақ хандары