Жалған шашыраңқылық - адамның бiр iске барынша берiлiп, өзiн тiкелей қоршаған заттар мен құбылыстарға назар аудартпауы. Шашыраңқылықтың бұл түрі, әсіресе, шығармашылық жұмыспен айналысатын адамдарда жиі кездеседi. Адамның iшкi ойының белгілі бір нысанға шоғырлануынан туындайтын мұндай шашыраңқылық оның негізгі іс-әрекетіне айтарлықтай зиян келтірмейді. Дегенмен ол адамның қоршаған ортада дұрыс бағдарлануына белгілі бір дәрежеде кедергі келтіруі мүмкін. Адамның іс-әрекетіне едәуір нұқсан келтіретін зейін бұзылысы — шынайы шашыраңқылық. Мұндай жағдайда адамға ырықты зейінін белгілі бір нысанға немесе әрекетке бағыттау және оны тұрақтандыру қиынға соғады. Ол үшін көп ерік-жігер жұмсауға тура келеді. Зейіні шашыраңқы адамның ырықты зейіні тұрақсыз әрі сыртқы әсерлерге тез алаңдайды. Шынайы шашыраңқылықтың физиологиялық негізі ішкі тежелу үдерісінің әлсіздігімен байланысты. Сөздік сигналдардың әсерінен пайда болған қозу ми қыртысына оңай таралып, белгілі бір аймаққа жеткілікті деңгейде шоғырлана алмайды. Соның салдарынан зейіні шашыраңқы адамның ми қыртысында қажетті қозудың тұрақты ошақтары қалыптаспайды.

Шын шашыраңқы зейiннiң себептерi Шын шашыраңқы зейiннiң себептерi əртүрлi. Бұларды бiлiп қою əр мұғалiм үшiн мiндеттi талап. Бұлар: 1) жүйке жүйесiнiң жалпы зақымдануы; 2) қан аздылық; 3) мұрын, тамақ сырқаттарынан миға оттегiнiң жеткiлiктi келiп түспеуi; 4) дене мен ой шаршауынан; 5) көңiлкүй күйзелiстерi. Шын шашыраңқылықтың жəне бiр себебi мидың күштi əсерлерге көп душар болуынан. Осыдан оқу жылы барысында баланы көп кино көруден, шектен тыс думанды жиылыстардан сақтандыру қажет. Шын шашыраңқылық тұрақты қызығулардың кемдiгiнен де болады. Кейбiр оқушылар жағдайына қарамастан бiрден көп iске араласады (спорт үйiрмесi, кiтапхана, əнкүй, тағы тағысындар), бiрақ ешбiрiмен де ыждағатты шұғылдана алмайды. Осыдан бала зейiн шашыраңқылығына ұшырып, оңды оқи алмайды. Шын шашыраңқылық отбасында дұрыс тəрбиенiң болмауынан да туындайды: сабақ дайындау режимiнiң бұзылуы, ойын мен демалыстың реттелмеуi, еңбектiк мiндеттерден ажырауы, тiлегiнiң бəрiн орындай беру. Мұғалiмнiң келеңсiз əрекетiнен болатын сабақтағы салғырттық пен енжарлық оқушылардағы шын шашыраңқылықтың жəне бiр себебi.

Әдебиеттер Б 12 Жантану негіздері. (Жалпы психология). Жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған дəрісбаяндар жинағы. Алматы, 2006. — 306 бет.