Ніл қолтырауыны (лат. Crocodylus niloticus) — нағыз қолтырауындар тұқымдасына жататын ірі бауырымен жорғалаушы. Бұл Африканы мекендейтін қолтырауынның үш түрінің ішіндегі ең ірісі және тарақ тәрізді қолтырауыннан кейінгі әлемдегі көлемі бойынша екінші орындағы қолтырауын түрі болып табылады. Ол Африканың сулы және су маңындағы экологиялық жүйелерінде ең жоғарғы позицияны иеленеді. Ересек дарақтары қара мүйізтұмсық, бегемот, керік, африкалық енеке, канна және арыстан сияқты ірі әрі күшті жануарларды да жеңе алады.
Бұған қоса, өзінің мекендеу аймағына, өлшемдері мен күшіне байланысты Ніл қолтырауыны адам жейтін қолтырауын ретінде де қайғылы түрде танымал. Ежелгі заманда бұл жануар қорқыныш пен табыну нысаны болған. Қазіргі уақытқа дейін ол нағыз қолтырауындар тұқымдасының ең танымал түрі болып қала береді. Кейбір елдердегі популяцияларына жойылып кету қаупі төнсе де, жалпы алғанда бұл түрдің саны салыстырмалы түрде жоғары және тұрақты болып табылады.
Анатомиясы мен физиологиясы Қолтырауындардың жүрегі құстардікіндей төрт камералы. Бұл қасиет оларға қаны оттегімен тиімді қанығуды қажет еткен жылы қанды арғы тектерінен мұра болып қалған. Алайда эволюция барысында жүрек қалқаларының арасында тесік пайда болып, қолтырауындарға артериялық және веналық қанды араластыруға мүмкіндік берді. Әдетте Ніл қолтырауыны 2–5 минутқа суға сүңгиді, бірақ қажет болған жағдайда су астында 30 минутқа дейін, ал белсенділігі төмен кезде екі сағатқа дейін бола алады.
Ніл қолтырауынының есту қабілеті өте жақсы және дыбыстар шығару ауқымы кең. Оның терісінде судың қысымы мен температурасының өзгерісіне жауап беретін, сондай-ақ судың химиялық құрамын анықтай алатын арнайы рецепторлар орналасқан. Жақ сүйектері өте күшті болғандықтан, ірі жануарларды ұстап, өлтіре алады. Ұзындығы 5 метрден сәл асатын Ніл қолтырауынының тістеу күші 2268 кг, яғни шамамен 22 113 Ньютон болып өлшенген. Жақтарында 64–68 конус тәрізді тіс болады: жоғарғы жақта – 36–38, төменгі жақта – 28–30. Қолтырауындардың тіс жүйесі гомодонттыдан гөрі гетеродонтты типке жақынырақ, сондықтан олардың тістерін шартты түрде сүтқоректілердің күрек тістері, ит тістері және азу тістеріне сәйкес келетін үш морфофункциялық түрге бөлуге болады. Жұмыртқадан енді ғана шыққан қолтырауындардың тұмсығының алдыңғы бөлігінде «жұмыртқа тісі» деп аталатын арнайы тері қалыңдауы болады. Ол олардың жұмыртқа қабығын жарып шығуына көмектеседі.
Дене өлшемдері Белгілі ең ірі дарақтың, орташа Ніл қолтырауынының және адамның өлшемдерінің салыстырмасы
Ніл қолтырауыны – Африкада тіршілік ететін ең ірі қолтырауын әрі дүниежүзіндегі көлемі жағынан екінші қолтырауын саналады. Бірінші орында – тарақты қолтырауын. Ересек аталықтарының ұзындығы көбіне 4,5–5,5 м аралығында болады. Алайда ересек дарақтардың басым бөлігі бұдан едәуір кіші, өйткені қолтырауындар жыныстық жетілуге жеткеннен кейін де толық дене мөлшеріне жету үшін ұзақ уақыт өседі (ұзындығы 2–3 м-ге жеткен кез келген қолтырауын жыныстық жағынан жетілген, яғни ересек дарақ болып есептелуі мүмкін). Сондықтан бір зерттеу бойынша, таралу аймағының басым бөлігіндегі ересек Ніл қолтырауындарының ұзындығы әдетте 2,8–3,5 м болса, басқа зерттеуде 3–4,5 м деп көрсетілген.
Уганда мен Замбиядағы Ніл қолтырауындарының орташа ұзындығы 3,16 м, ал орташа салмағы 137,5 кг деп көрсетілген. Кениядағы Туркана көлінде жүргізілген кең көлемді зерттеу негізінде олардың орташа ұзындығы 3,66 м, ал орташа салмағы 201,6 кг деп бағаланған. Сонымен қатар, Крюгер ұлттық паркінде мекендейтін ересек қолтырауындардың орташа ұзындығы 3,65 м-ге жететіні туралы деректер бар. Бұл түрдің аталықтары мен аналықтарының өлшемдерін жеке қарастырған зерттеулерде, көптеген популяцияларда ересек аталықтардың орташа ұзындығы шамамен 4 м, салмағы 300 кг-нан асады, ал аналықтары әдетте 3,05 м-ге дейін өсіп, шамамен 116 кг тартады.
Дереккөздер
Санат:Бауырымен жорғалаушылар Санат:Қолтырауындар