Рамазан Сағындықұлы Тайманов (1954 жылы 23 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған) — композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2010). Қызылорданың құрметті азаматы (2012). Құрмет орденінің иегері (2017).
Толығырақ Рамазан Сағындықұлы Тайманов 1954 жылы 23 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Шаған ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищенін бітірген. 2003 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. 1990- - 1997 жылдары Сырдария аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істеген. Тереңөзек кентіндегі кәсіптік-техникалық училищеде «Гүлдерайым» ансамблін құрып, облыстық, аудандық байқауларға қатысып жүлделі орындар алған.
Шығармашылығы Рамазан Таймановтың 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты шыққан «Қазақ қызы» әнімен республикаға танымал болды. 1996 жылы Эстонияда өткен дүниежүзілік балалар шығармашылығы фестивалінде оның «Қызылорда жастарының әні» таңдаулы деп бағаланып, «Алтын қорға» жазылып алынды. 1997 жылы «Айналайын» фестивалінің гимні болып Р.Таймановтың «Айналайын» әні таңдалған. 1999 - 2000 жылдары Республикалық «Жас қанат» байқауы мен «Азия даусы» фестивалінде «Қазағым-ай», «Қорқыт-қобыз» әндері 1-ші орын алып, Р.Тайманов «Ең үздік композитор» атағын иеленді. Белгілі әншілердің орындауындағы «Қазақ қызы», «Қазағым-ай», «Боздақтар», «Сыңсу», «Махаббат мұңы», «Махаббат көктемі», «Сен мені іздеді деп кінәлама» әндері республика жұртшылығына кеңінен таныс.
Марапаттары 1998 жылы Қызылорда облысы әкімінің степендиянты. 2001 жылы Елбасының жарлығымен Шапағат медалі мен марапатталған. 2010 жылы Елбасының жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. 2012 жылы Қызылорда қаласының құрметті азаматы атағы берілді. 2017 жылдың 5 желтоқсанындағы ҚР Президентінінің жарлығымен Құрмет орденімен марапатталды.
Санат:Қазақстан сазгерлері Санат:Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті түлектері