Бастық боламын — 2016 жылы түсірілген қазақ тіліндегі көп сериялы фильм . Продюсері — Ерлан Қасымжанұлы. Сценариін жазғандар: Ерлан Қасымжанұлы, Бауыржан Орда, Тағай Нұралиев.

Ұзақтығы 18 серия, әр сериясы 40-45 минуттан.

Жанры — комедия.

Мазмұны Арман қалада өскен жігіт. Оқу бітірген соң біраз уақыт бос жүреді. Бір күні құмар ойындарына барады да, Төбет деген адамның ойынына кесірі тиіп, ол жерден қашып кетеді. Төбеттің мұны таппай қоймайтынын білген ол оның қаһарынан қаймығып, "Бүлдірген" деген ауылға келіп паналайды. Ауылға келген соң әкесінің інісі Мансұр дейтін кісінің үйінде тұрып, ауыл әкімінің орынбасары болып жұмыс істей бастайды.

Ә дегенде тегіс жолы, байланыс қызметі, интернеті жоқ ауылға көндіге алмай, қалаға қашып кеткісі кеп, амалсыз ауылда жүреді. "Жаман ауыл екен" дегені үшін ауыл бұзақыларынан таяқ жейді. Бірақ уақыт өте келе оның белсенділігімен ауылда біраз өзгерістер болады. "Бүлдірген" аулына телефон байланысы орнатылады. Оның үстіне ауылдан жақсы достар тауып алады, әкімнің қызы Алтынайға ғашық болады, сондықтан да ауылдан кеткісі келмей, бауыр басып қалады.

Бір күні баяғы бұған тіс қайраған Төбет газеттен Арманның хабарын біледі де, дереу соңынан кісі жібереді, алдына әкелдіреді. Бұл жолы да амалын тауып, Арман одан құтылып кетеді. Енді Төбет оның соңына шындап түседі. Абырой болғанда, Мансұр ағасы Төбеттің әскердегі досы болып шығады да, соның арқасында одан біржола құтылады.

Рөлдерде Ерлан Қасымжанұлы — Арман Уәлибек Әбдірайымов — ауыл әкімі Жүсіп Ақшораев — агроном Асқар Наймантаев — Мансұр Рабиға Ағманова — Арманның жеңгесі Дәнекер Оразбаев — Сикош Нұрбол Айтулов — Қайрош Шыңғыс Әбдібек — Сазан Болат Әбділманов — Төбет

Басқа да деректер Фильм Алматы қаласында және Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылында түсірілген. Ерлан Қасымжанұлы бұл еңбегін өзінің кино саласындағы ұстазы Нұртас Адамбайға арнаған екен. Фильмге Қазақстандағы әзіл-сықақ театрларының тәжірибелі актерлері көптеп шақырылған. Сол себепті де кино басқа заманауи қазақстандық фильмдердің көбінен жақсы түсірілген. 2017 жылы телехикаяның жалғасы ретінде екінші маусымы түсірілді.

Сыртқы сілтемелер [тамашалау]

Санат:Қазақстан фильмдері Санат:2016 жылғы фильмдер Санат:2016 жылғы Қазақстан фильмдері