Төремұрат Тайлыбекұлы (1821, қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданы – 1863, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы) – белгілі батыр. Кіші жүздің таз руының жастабан тармағынан шыққан. Өтен, Нарынбай батырлардың үзеңгілес серігі болып, Ресей отаршыларына, түрікпен аламандарына қарсы соғыстарда ержүректігімен аты шыққан. Қаһармандығы үшін таз руының ұранына айналған. Палуан, мерген, домбырашы ретінде де қадірленген. Түрмеден қашып шыққан ұлы күйші Құрманғазыны паналатып, қамқорлық көрсетеді. Біреуге айттырылып қойылған, сүйген қызы Данай сұлуға үйленгені үшін елден қудаланып, Хиуа жұртына кетуге мәжбүр болған. Түрікпен аламандарымен соғысып, Күйкен тауы маңында қаза тапқан. Бейіті сол жерде. Сүйінғара батыр Төремұраттың жерленген жеріне мазар тұрғызды. Төремұратқа Құрманғазы “Төремұрат”, “Тас астау, тас дере”, “Төремұраттың ақ арғымағы”, т.б. күйлерін арнаған. Халық ақындары шығармаларында Төремұрат есімі жиі кездеседі.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том

Сілтеме

Санат:Тұлғалар