Іңірбаев Есберген Іңірбайұлы (1950-2025 жж.) Есберген Іңірбайұлы 1950 жылы 22 қарашада дүниеге келген – журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақтау қаласының Құрметті азаматы.
Өмірбаяны Есберген Іңірбайұлы Түрікменстан облысы, Красноводск ауданы, Қашоба ауылында 1950 жылдың 22 қараша күні дүниеге келген. 1978 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін, 1988 жылы Ташкент Жоғ. Партия мектебін бітірген. 2025 жылы 25 тамызда 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Карьера 1968-86 ж. Красноводск ауданында қазақ тілінде шығатын «Жұмысшы» газетінің әдеби қызметкері, тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редакторының орынбасары болып жұмыс істеді. 1987-93 ж. газеттің редакторы, 1993-94 жылдары Маңғыстау облысының архивінің бас маманы қызметтерін атқарды. Ал 1994 жылдан бері облыстық телерадио компаниясы төрағасының орынбасары, «Түпқараған жаңалықтары», «Ақкетік арайы» газеттерінің редакторы, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Сіңірген еңбектері Е.Іңірбайұлы бірнеше тарихи-танымдық кітаптың авторы және құрастырушысы. Іңірбаев Есберген І. Бөкенбаевтың «Тоғыз қайық» (Алматы, 1991), «Тоқабай Құрмаш» (Ақтау, 1994), «Боздақтар» (Алматы, 1995) кітаптарын құрастырған. Ол журналистика жанрларының әр алуан саласында 500-ден аса материал жариялаған. 1981 жылдан бері Журналистер одағының мүшесі болды.
Марапаты Ол кісі 1977 жылы Түрікменстан Компартиясы Орталық комитетінің мерекелік Құрмет грамотасымен марапатталған.
Дереккөздер Маңғыстау энциклопедиясы