Емдеу-профилактикалық мекемелерін жоспарлау мен жабдықтау гигиенасы – халыққа қолайлы жағдайды қамтамасыз ету және қолайсыз жағдайлардың алдын алу талаптары мен гигиеналық негіздерін қамтитын коммуналдық гигиена бағытындағы жасалынатын шаралар.

Емдеу-профилактикалық мекемелерінің (ЕПМ) учаскелеріне қойылатын талаптар ЕПМ бекітілген бас жоспар мен елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келетін аумақта орналасуы қажет. Осыған сәйкес жалпы соматикалық ауруханаларды елді мекеннің орталығында орналастырмаған жөн. Әйелдер босанатын үйлер, емханалар, жедел дәрігерлік көмек көрсету ауруханасы (ЖМЖКА) қызмет көрсетілетін тұрғын елге барынша жақын болуы есепке алынуы қажет. Маманданған ауруханаларды (психиатриялық, туберкулездік, онкологиялық) және ірі стационарлық ауруханаларды (1000-нан астам кереуеті бар) қала маңайындағы аймақта, шетте, мүмкіндігінше селитебті аумақтан 1000 м алыстатып, жасыл алқапта орналастырған дұрыс болып табылады.

Құрылысқа қажет учаскені таңдаған кезде үстем желдердің бағыты мен санитарлық жағдайды ескеру керек. Аурухана учаскесі ірі автомагистралдар, әуежай, темір жолдардан алыс орналасуы қажет. Бекітілген санитарлық нормаларды сақтау үшін шу деңгейін есептеу жүргізіледі. Селитебтік аймақта аурухана корпустары ЕПМ ғимараттарының қабат санына байланысты қызыл сызықтан 30 м және тұрғын үйлерден 30-60 м қашықтықта орын алуы қажет.

Ауруханалардың құрылыс жүйелері Қазіргі кезде ауруханалардың мақсатына, қуаттылығына, елді мекенге және басқа ерекшеліктеріне байланысты 3 негізгі құрылыс жүйелері қолданылады: орталықтандырылған, орталықтандырылмаған және аралас. Орталықтандырылған жүйеде аурухананың барлық емдеу, диагностикалық және көмекші бөлімдері бір ғимаратта немесе біріктірілген корпустарда шоғырланады. Мұндай жүйе бөлімдердің бір-бірімен қолайлы қатынасын, емдеу-диагностикалық бөлімдерін (операциялық, рентген кабинет, зертханалар, функционалдық диагностика бөлмесі т.б.) орталықтандыру, дайындалған тағамды палаталарға тез жеткізу мүмкіншілігін тудырады. Сонымен қатар инженерлік коммуникациялардың ұзындығын қысқартады. Орталықтандырылмаған жүйеде әрбір жеке корпустарда әртүрлі сала бойынша аурухана бөлімдерін орналастыруға болады. Бұл жүйенің жағымды жағы бөлімдердің жақсы оқшаулауын, аурухана ішілік инфекцияның алдын алу шараларын және науқастардың таза ауада жүруіне жағдай жасауын қамтамасыз етеді. Бірақ мұндай жүйеде коммуникациялар ұзындығы ұлғая түседі. Аралас жүйеде учаскеде емдеу, патологиялық-анатомиялық және шаруашылық корпусынан басқа, әйелдер босанатын, балалар және емханалық бөлімдері орналасады. Стационарлардың жер учаскелерінің көлемі ҚР ҚНжЕ 3.01-01-2002 "Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық мекендерді жоспарлау және құрылыстарын салу" ережелерімен белгіленеді және төсек санына байланысты болады: 50 төсекке дейін – 300 м2/төсекке, 100-ден 200 төсекке дейін 200-140 м2/төсекке, 1000 төсек – 60 м2/төсекке. Балалар стационарлары үшін 1,5 коэффициенті қолданылады.

Тұрғын үй құрылысы аумақтарындагы ауруханалар учаскелерінде периметрі бойынша 2 қатар болып отырғызылған ағаштар мен бұталардан тұратын ені 15 м-лік жасыл алқап болуы қажет. Бұл аумақ пен бөлмелер ішінде шу деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Бүкіл учаскені көгалдандырудың ауданы – 60 пайыздан кем болмауы керек.

Ауруханалар учаскелері бөлінетін аймақтары: жұқпалы емес емдеу корпустары; жұқпалы емдеу корпустары; педиатриялық корпустар; перзентхана мен акушерлік бөлімдер; туберкулездік корпустар; тері-венерологиялық корпустар; радиологиялық корпустар; патологиялық-анатомиялық корпустар; емханалар; бау-бақшалық; шаруашылық; ағынды суларды зарарсыздандыру. thumb|right|350px|Учаскелік аурухананың бас жоспары: 1 – басты корпус; 2 – инфекциялық корпус; 3 – емханалық корпус; 4 – шаруашылық корпусы; 5 – гараж; 6 – сарай; 7 – мәйітхана. ЕПМ аумағында осы ЕПМ-ге ешқандай қатысы жоқ қандай-да бір мекемелер мен құрылыстар орналастыруға рұқсат етілмейді. Барлық аумақтардың жеке кіретін жолдары болуы тиіс. Патологиялық-анатомиялық корпус пен ритуалды аймақтар палаталардың және қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлер терезелерінен көрінбеуі қажет. Осы корпустан емдеу бөлімдері, сондай-ақ асхана арасындағы қашықтық 30 м-ден кем болмауы керек. Осы аймаққа кіру шаруашылық аймағымен бірге ортақ болуы мүмкін. Терезелері бар палаталар корпустарының қабырғалары арасындағы ара қашықтық 24 м-ден кем болмауы тиіс. Радиологиялық корпус басқа ғимараттардан 25 м қашықтықта орналасады. Палаталық корпустар мен қызыл сызық арасындағы, сонымен қатар тұрғын үйлер арасындағы ара қашықтық 30 м-ден кем болмауы қажет.

Санитарлық ережеге сәйкес, тері-венерологиялық, жұқпалы, онкологиялық және хирургиялық бөлімдердің қалдықтарын қоқыс тастайтын жерге шығаруға тыйым салынады. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің келісімі бойынша оларды ЕПМ аумағында, газ-тазартқыш құрылымдармен жабдықталған пештерде жағады. Тәулігіне 100 кг-ға дейін қалдықтарды өртеген кезде пеш пен басқа ғимараттар арасындағы қашықтық 30 м-ден кем болмауы керек. Пешке тәулігіне 100 кг-нан артық қалдық салынса, онда бұл ара қашықтық 100 м-ден кем болмауы керек. Бас жоспарды қарастыру кезінде пешті үстем желді есепке ала отырып орналастырады. СЭС-тің талап етуі бойынша желдің бағыты қолайсыз болғанда, көрсетілген ара қашықтықтар ұлғайтылуы мүмкін.

ЕПМ аумағына күнделікті тазарту жүргізілуі қажет. Тығыз қақпақтары бар қоқыс жинағыштар емдеу-диагностикалық корпустардан 25 м-ден кем емес қашықтықта асфальтталған немесе бетондалған кішігірім алаңдарға орнатылады. Қоқыс салғыштарды тазарту мен қоқыстарды шығару күнделікті жүргізілуі қажет. Денсаулық сақтау мекемелерін бағыттау мен орналастыру олардың бөлмелерінің үздіксіз 3 сағаттық инсоляциясын қамтамасыз етуі қажет. Оның өзінде операциялық және перзентханалардың бағытталуы тек солтүстік, солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бағыттарында рұқсат етіледі. Палаталардың ең жақсы бағытталуы – оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс бағыттарында. Солтүстік ендіктің 55о оңтүстікке қарай орналасқан аудандарда батысқа, оңтүстік-батысқа бағытталған бөлмелер күн сәулесінің қыздыруынан қорғауды талап етеді (терезе жапқыштар (жалюзи) немесе басқа құрылымдар).

Сәулеттік-жоспарлау шешімдеріне қойылатын талаптар ЕПМ кұрылымы мен оның бөлмелерінің жоспарлануы "таза" және "лас" ағымдардың қиылысуын немесе жанасу мүмкіншілігін болдырмауы керек. Оқыту және ғылыми базалары болып табылатын ЕПМ-дерде медициналық жоғары оқу орындарының, училищелердің, ҒЗИ (Ғылыми-зерттеу институты) қызметкерлеріне, студенттеріне, оқытушыларына арналған осы мекемелердің негізгі функционалдық бөлімшелерінен оңашалау орналасқан бөлмелер қарастырылуы қажет. Палаталар терезелерінің алдында травматологиялық пунктерді, қабылдау-қарау бокстерін, қабылдау бөліміне кіру, сонымен қатар басқа да көліктер кіруді қажет ететін бөлмелерді орналастыруға тыйым салынады. Бөлмелердің жобада алдын-ала қарастырылған жоспарлануын санитарлық бақылау мекемелерінің келісімінсіз өзгертуге, сонымен қатар бөлмелерді олардың тікелей белгіленген мақсатына сәйкес келмейтін мақсаттарға қолдануға тыйым салынады. Жобада қарастырылған ЕПМ қуаттылығынан артық аурухана төсектерін ұйымдастыруға, сонымен қатар науқастарды палаталық секциялардың коридорларында орналастыруға тыйым салынады.

Қабылдау бөлімдері мен ауруханадан шығарылуға арналған бөлмелер 1. Қабылдау бөлімдерінің негізгі мақсаттары: науқастарды қабылдау, тіркеу және таратып бөлу; алдын ала диагноз қою; алғашқы медициналық көмек көрсету; жұқпалы емес бөлімге жатқызылатын науқастарды санитарлық тазалаудан өткізу; жұқпалы аурулардың кіруін және таралуын болдырмау. 2. Балалар, акушерлік, жұқпалы, тері-венерологиялық, туберкулездік, психиатриялық бөлімдер үшін қабылдау бөлімдері өз алдына бөлек болуы керек. Ал қалған бөлімдер үшін қабылдау бөлімдерін барлығына жалпы етіп жобалайды және басты емдеу корпусында немесе төсек саны ең көп корпуста орналастырады.

3. Қабылдау бөліміне тәулік ішінде түсетін науқастар саны ауруханадағы немесе сәйкес бөлімдегі төсек санына байланысты: туберкулездік, психиатриялық – 2 %; жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы, перзентханаларда – 15 %; қалған ауруханаларда – 10 %. 4. Қабылдау бөлімдерінде аурухананың мақсатына байланысты науқастардың қабылдану ағымдары: туберкулез ауруханаларында – 1 ағымда 800 төсек; жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында – 1 ағымда 150 төсек; қалғандарына – 1 ағымда 250 төсек. Барлық ауруханаларда (балалар, жұқпалы және акушерлік ауруханалардан басқа) науқастардың әрбір ағымына – 1 қарайтын бөлме және 1 санитарлық өткізгіш болуы керек.

5. Науқастарды балалар және жұқпалы ауруханаларға (бөлімдерге) қабылдау үшін қабылдап-қарау бокстары қарастырылады.

6. Акушерлік стационарларда қабылдау бөлмелері екіге бөлінеді – физиологиялық және жүктілік патологиясы бөлімі үшін "таза", ал обсервациялық пен гинекологиялық бөлімдер үшін "ластанған" болып бөлінеді. Аурухана ішілік инфекцияны анықтау үшін барлық бөлмелер (кіре берістен басқа) "таза" және "ластанған" ағымдар үшін жекеленіп қарастырылады.

7. Қабылдап қарау бокстары – балалар мен жұқпалы ауруханалардың қабылдау бөлімдерінің негізгі бөлмесі болып табылады. Көп салалы аурухананың қарау кабинетінің кызметтерін атқарады. Тамбуры және шлюзы (сыртқы тамбур – науқастар үшін, ішкі шлюз – қызметкерлер үшін), қарау бөлмесі және санитарлық аймақ бар.

8. Санитарлық өткізгіш – ауруханаға түскен науқастарды гигиеналық тазалау, жеке киімін өткізіп, аурухана киімін кигізуге арналған бөлме. Ол науқастың палаталық бөлмеге бағытталу жолында, қарау бөлмесімен шектеліп немесе жеке орналасады.

Палаталық бөлімдер Палаталық бөлімдер стационарлардың негізгі құрылымдық элементі болып табылады және 2 палаталық секция мен жалпы бөлмелерден (емдеу, диагностикалық, қызметкерлерге арналған бөлме, асхана, буфет) тұрады. Палаталық секция – бір салалы науқастар үшін палаталар мен көмекші бөлмелерден тұратын оңашаланған кешен болып табылады. 1 секциядағы төсектер саны - 20-дан кем емес және 30-дан аспауы қажет. 1 жастан асқан балалар мен ересек адамдар үшін жұқпалы емес бөлімдердің палаталарының сыйымдылығы 4 төсектен, ал 1 жасқа дейінгі балалар үшін – 2 төсектен аспауы керек. 3 жастан асқан балалар үшін төсектердің 50 %-ы тәулік бойына немесе күндіз аналардың балаларымен бірге болуы үшін қарастырылады. 7 жасқа дейінгі балалар палаталарының қабырғалары мен қалқаларында шыныланған ойықтар қарастырған жөн. Бөлімдерге төсек-жабдық, ішке киетін киім және медикаменттерді жеткізу арнайы "таза" лифтпен график бойынша, ал қалдықтарды шығару "ластанған" лифтпен жүргізіледі. Ал буфет бөлмесіне тамақ арнайы лифтпен жеткізіледі. Бір бөлімге – 1 асхана ұйымдастырылады. Асханадағы орын саны туберкулездік, психиатриялық, тері-венерологиялық, босанғаннан кейінгі бөлімдерде төсек санына байланысты 80 %-ға, ал басқа бөлімдерде 60 пайызға есептеледі. Балалар бөлімдерінде асхананы тек қана 3 жастан жоғары балаларға есептеп ұйымдастырады. Буфетте ас үйден алып келетін асты жылытады, бөлікке бөледі және ыдыс жуады. Санитарлық аймақ (блок) – жуынатын бөлмеден, былаудан, дәретханалардан және санитарлық бөлмеден тұрады. Санитарлық бөлмеде анализге алынған материалды сақтау, клеенкаларды жуу, кірленген төсек орын, киімдерді уақытша сақтау, дәрет ыдыстарын жуу мен зарарсыздандыру жүргізіледі. Жұқпалы емес бөлімдер терапевтік, хирургиялық және маманданған (офтальмологиялық, психиатриялық, наркологиялық, тері-венералогиялық және т.б.) болып бөлінеді. Маманданған бөлімдерді жоспарлауда ерекше талаптар қойылады (офтальмологиялық пен ортопедиялық т.б. бөлімдердің коридорлары мен палаталарында тұтқалар болады). Терапевтік бөлімдердің палаталық секцияларының арнайы ерекшелігі жок, ал хирургиялық бөлімдердің құрамына қосымша таңып-байлау бөлмелері кіреді. Хирургиялық бөлімдердің маңызды құрылыстық бірлігіне операциялық блок жатады. Оны бөлек ғимаратта, қосымша құрылыста немесе оңашаланған секцияларда вертикалдық коммуникациялардан (лифт, қоқым жинағыш, техникалық шахталар) барынша алыстатып орналастырады.