Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы — филология саласында зерттеулер жүргізу, орфографиялық ережелерді дайындау мен оларды апробациядан өткізу, мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 наурыздағы №151 қаулысымен құрылған орталық.
Қаулыға сәйкес, «Тіл-Қазына» орталығы акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетіне берілген.
Орталық , , , , , , , , , , , сайттарының жұмысын қамтамасыз етеді.
«Тіл-Қазына» орталығының штаттық кестесі 40 бірліктен тұрады, оның ішінде 4 ғылым кандидаты, 12 магистр, 1 докторант қызмет атқарады.
Тарихы «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ең алғаш Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 9 қазандағы № 1545 қаулысына сәйкес «Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып құрылды.
Кәсiпорынның қызметiнiң негiзгi нысаны мемлекеттiк қызметшiлерге қазақ тiлiн интенсивтi оқытуға барлық қажеттi ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағдайлар жасауды ұйымдастыру, сондай-ақ, оны оқу-әдiстемелiк және ғылыми қамтамасыз ету болып белгіленген.
Алғашқы басшы – қоғам қайраткері Шайсұлтан Шаяхметұлы Шаяхметов.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 14 қаңтардағы №12 Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.
Арада он жыл уақыт өткенде, Үкіметтің 2018 жылғы 31 наурыздағы №151 Қаулысына сәйкес, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тлдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМҚК «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.
Үкіметтің 2021 жылғы 9 ақпандағы Қаулысына сай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті болып қайта аталуымен байланысты Орталық тиісті министрлік қарауына ауысты.
Орталық қызметінің негізгі бағыттары қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттерін атқару; латын графикасына негізделген қазақ тілін үйрету әдістемесі бойынша оқу-әдістемелік құралдар, сөздіктер, бағдарламалар әзірлеу; оқытушыларға, әдіскерлерге латын графикасына негізделген әліпбидің емле ережелерін үйрету бойынша семинарлар, курстар, тренингтер ұйымдастыру; ҚР Үкіметі жанындағы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру Ұлттық комиссия Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және Сараптама-техникалық жұмыс топтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету; ҚР Үкіметі жанындағы Терминологиялық комиссия жұмысын үйлестіру, қамтамасыз ету; азаматтарға қазақ тілін оқытатын өңірлердегі тіл оқыту орталықтарына республикалық деңгейде үйлестіру-әдістемелік көмек көрсету; қазақ тілі оқытушылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру, қайта даярлауды іске асыру; қазақ тілін реформалауға арналған ақпараттық жүйелер мен дерекқорлар қалыптастыру, әдіснамалық-ақпараттық қамтамасыз ету.
Орталық атқаратын жұмыстары Латын графикасына негізделген қазақ тілінің емле ережесінің жобасы дайын болды. Бұл шараға арнайы порталы әзірленіп, интернет желісіне қосылып, үздіксіз қызмет жасап тұр. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты насихат жұмыстары жалғасуда. «Тіл-Қазына» орталығында қазақ тілін екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту әдіснамасын стандарттау мен жүйелеу жұмыстары үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, ғалымдардың кеңесі жұмыс атқарады. Қазақ тілін оқытудың ұлттық стандарттары әзірленіп, бірүлгі (типтік) бағдарламасы қолданысқа енгізілді. АТ жетістіктерін пайдалана отырып, қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған порталы іске қосылды. Портал үздіксіз жаңартылып, қазақ тілін деңгейлеп оқытуға арналған жаңа контентпен толықтырылып отырады. Til-Qural – ойын тәсілдерін қолдана отырып, қазақ тілін үйренуге және қолдануға арналған тегін платформа. Жобаны "Тіл-Қазына" компаниясы әзірледі, 2019 жылы іске қосылды. Сервис тіркелгеннен кейін tilqural.kz веб-порталда, iOS, Android операциялық жүйелері бар мобильді қосымшаларда қолжетімді. «Тіл-Қазына» орталығы қазақ терминдерін қалыптастыруға арналған Терминологиялық комиссия жұмысынан бөлек, ашықтық, қолжетімділік қағидаттарын ұстану арқылы қоғамның әрбір мүшесі әрбір терминге өз ойын, пікірін білдіру үшін ашық интернет ресурсын қалыптастырды. сайтында терминдерді талқылауға кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. «Тіл-Қазына» орталығының бұл бағыттағы жұмыстары республикалық деңгейде қазақ терминдерін сапалы қалыптастыруға, қазақ тілінің дамуына үлкен септігін тигізеді. «Termincom.kz» – қазақ терминологиясы жайлы толық мәлімет беретін сайт. Сайт Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді пайдалану үшін, салааралық терминологиялық қорды біріздендіру және жетілдіру үшін пайдаланылады. Сайт 2016 жылы 20 қазаннан бастап іске қосылған. «Тіл-Қазына» орталығы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы жұмысын үйлестіреді. Тіл саясаты комитеті Комиссияның жылдық жоспарын әзірлейді. Жылына 4 отырыста қаралатын терминдер ғалымдар, филолог мамандары тарапынан лингвистикалық сараптамадан өткізіледі. Комиссия мүшелері «Termincom.kz» сайтындағы электронды алаңда терминдерге дауыс береді, ұсыныс, пікір білдіреді. «Тіл-Қазына» орталығы дауыс беру қорытындысын шығарып, Комиссия отырысына әзірлейді. Отырыста терминдер талқыланып, шешім шығару үшін тиісті орынға жолданады. Комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Парламентінің, Сенатының депутаттары, терминолог-лингвист ғалымдар, сала мамандары, БАҚ өкілдері жұмыс атқарады. Қазақ сөздері мен сөз тіркестерінің, көнерген сөздердің мазмұны мен мағынасын, дұрыс жазылуын, қолданылу түрлерін анықтауға арналған сайтының жұмысын да «Тіл-Қазына» орталығы қамтамасыз етеді. Sozdikqor.kz - әртүрлі салалық сөздіктер мен сөз тіркестері, жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көрсететін алғашқы әмбебап платформа. Қорға 400 мыңға жуық атау тұлғасындағы сөз, 1 243 850 тілдік бірлік жүктелген. Қорға 150-ден аса түрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялар енгізілген. Атап айтқанда, 15 томдық Қазақ әдеби тілінің сөздігі, Абай сөздігі, Ахмет Байтұрсынұлы энциклопедиясы, қазақ тілінің синонимдер сөздігі, қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі және т.б. Іздеу жүйесі арқылы сөздердің анықтамасын, синонимдерін, сөздердің фразеологиялық тіркестерде кездесуін білуге болады. 2021 жылы «синонимайзер» функциясы қосылды. Порталдың мобильді қосымшасын Goolge Play және App Store-дан жүктеуге болады. @Sozdikqor.kz тelegram-бот жұмыс істейді. «» – тіліміздегі сөздердің дұрыс жазу нормаларын көрсететін электронды сайт. Сайт 2016 жылдың желтоқсанында ресми түрде қолданысқа берілді. Бүгінгі күнге дейін 2 мыңға жуық материал енгізілген. Оның ішінде аббревиатура бойынша – 1228, ғылыми мақалалар саны – 130, тіл нормасына байланысты материалдар – 20, пунктуация – 11, кітапхана қоры – 36, сұрақ-жауап – 598. 2021 жылдың наурыз айында сайттың дизайны жетілдіріліп, материалдық базасы қайта толықтырылды. – еліміздегі қазақ тілінде ғылыми ақпарат қоры мол жинақталған негізгі портал. Тіл білімі саласындағы кез келген сұрақтың жауабын осы порталдан табуға болады. Жоба 2016 жылы әзірленді. Порталда тіл саласындағы жаңалықтармен, ғылыми, публицистикалық, көркем және балаларға арналған әдебиеттер бар. Көп кездесе бермейтін кітаптардың электронды нұсқасы енгізіліп, онлайн оқуға мүмкіндік бар. Жоба жетекшісі: Мөлдір Бақытқызы. «» сайты – үш жастан асқан (3+) балаларға тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған сайт. Сайттың нысаналы аудиториясы: Үш жастан асқан балалар, тәрбиеші, мұғалімдер, ата-аналар. Сайтта дыбыс пен әріп, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін, тұрақты сөз тіркестеріне қатысты дидактикалық оқу материалдары, сонымен бірге балалардың тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатындағы материалдар, ойындар берілген. Лингводидактикалық мақсаттарына сәйкес оқыту материалдары мазмұны мен нысанына, жас ерекшеліктеріне сәйкес топтастырылған. «» - құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде сауатты әзірлеу бойынша үлгілер мен нұсқаулықтар берілген электрондық база. Сайтта іс-қағаздарын жүргізу 2-ге бөлінген: «кеңсе» және «кадр» құжаттары, онда құжаттардың жеке үлгілері ұсынылған. Құжаттарды іздеудің 3 түрі қолданылады: түрі және атауы бойынша және әріп бойынша жүйелі іздеу. Құжаттардың екі жүзден астам үлгісі (қазақ және орыс тілдерінде) PDF және DOC нұсқаларында қолжетімді. Құжаттардың үлгілеріне онлайн өзгерістер енгізуге арналған сервис жұмыс істейді. «» сайты арқылы қызықты және тиімді тәсілдер бойынша қазақ тілін үйренуге болады. Сайт 2017 жылы іске қосылды. Cайт тек сапалы контентпен ғана емес, өзінің заманауи дизайны және интерфейсімен қызықтырады. Сайтта аудиожазбаларды тыңдауға, видеожазбаларды көруге сонымен қатар кітап оқып, өз ойыңмен бөлісу мүмкіндігі бар. Сайтты үш тілде (қазақ-орыс-ағылшын) қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Сайтта төрт бөлім бар: ақпарат, тыңда, оқы, қара. «Балаларға базарлық » бөлімінде 150-ге жуық ертегілер мен 100 сериядан аса мультфильм енгізілген. Орталық әлемдегі беделді тілдердің ұлттық корпусына ұқсас «Қазақ тілі ұлттық корпусының кіші корпустарын» әзірледі. «Qazcorpora.kz» қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы – «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан жобалардың бірі. Корпуста 5 304 құжат, 309 153 сөйлем, 5 141 248 сөзқолданыс бар. Корпус бойынша техникалық жетілдіру, сөзқолданыс санын ұлғайту жұмыстары жүргізіле береді. «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тілінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру үшін қазақ тілінің еліміз үшін орны туралы әлеуметтік бейнебаяндар әзірлейді. Бұл жұмыстар ақпараттар ағыны заманында тиімді жолдардың бірі. Осы арқылы қазақ тіліне жасалып жатқан реформалар, қазақ тілінің өзге тілдермен қатар тұра алатын әлеуеті мен мемлекеттік тілдің еліміздегі ұлтаралық тіл мәртебесін насихаттау іске асырылады. «Тіл-Қазына» орталығы балаларға қазақ тілінде сөйлеуді насихаттайтын, бала тілінде қызықты әрі танымдық анимациялық фильмдер әзірлеуді ұйымдастырады. Қазіргі кезде балаларға арналған бірнеше мультфильмдер дайындалды. Олар «Балапан» телеарнасынан және «Youtube» арнасынан көрсетілуде.