Калинга — Лусон аралының солтүстік бөлігінде тұратын филиппиндік халықтардың бірі. Олар Кордильера әкімшілік аймағының солтүстік және орталық бөлігінде Калинга, Апаяо, Кагаян, Абра провинцияларында және Таулы провинциясының оңтүстігінде тұрады. Саны 120 мың адам.

Этнонимі Калинга өз атауын олармен көп соғысқан көрші халықтардан алды. Олардың тілінен аударғанда «Калинга» сөзі «жаулар» дегенді білдіреді.

Тілі Калинга тілінде (балбаласанг) сөйлейді. Ифугао, бонток, тагал, илокан, ағылшын тілдері де кең таралған.

Діні Дінге сенушілердің діни байланысы: дәстүрлі нанымдарды ұстанады, бір бөлігі – католиктік христиандар.

Кәсібі Дәстүрлі кәсіптері қолмен атқарылатын егіншілік (күріш, көкөніс, егінді олар жылына екі рет – маусым және желтоқсан айларында жинайды). Сонымен қатар аңшылық, балық аулау, құрбандық шалу үшін буйвол, шошқа және тауық өсіреді. Ротаннан, бамбуктан өрім тоқу, ағаш өңдеу сияқты кәсіптері бар.

Өмір салты Туыстық есеп екі жақты. Неке – неолокалдық. Балалық шақта құда түсу салты сақталған. Калингалар арасында пангат - қоғамның ең бай және ең ықпалды мүшелері, кадангианг - ақсүйектер, бэкнанг - бай, капус - кедей болып сарапталады. Пангаталардың негізгі қызметі бұрын бейбіт келісімдер жасау болған.

ХХ ғасырдың 30-40 — жылдарына дейін "бас аулау" дәстүрі сақталды.

Дәстүрлі баспаналары Тұрғын үйлері қадаларға орналасқан, төртбұрышты немесе сегізбұрышты, алдыңғы жағында шағын веранда бар. Бұрын үйлер буйвол мүйіздерімен немесе өлтірілген жаулардың бас сүйектерімен безендірілді.

Дәстүрлі киімдері Дәстүрлі ерлер киімі – жамбасты жауып тұратын орама маталар, әйелдердікі – қара, сары, ақ жолақтары бар тігілмеген белдемше. 20 ғасырдың екінші жартысында заманауи киімдер тарай бастады. Зергерлік бұйымдарды - алқалар, білезіктер, сырғаларды молынан пайдаланады. Ерлерде иықтан иыққа дейін көк жолақ түрінде, әйелдерде - иықтан қолға дейін татуировка бар.

Дәстүрлі тағамдары Негізгі тағам – күріш, көкөніс, жеміс, орман жемістері мен жидектер. Етті діни мерекелерде және отбасылық мерекелерде жейді.

Сілтеме

Дереккөздер

Санат:Филиппин этникалық топтары