Сасықкөл – Шүрексор көлі алабындағы көл.

Географиялық орны Павлодар облысы Екібастұз қалалық әкімдігі аумағында, Сарықамыс ауылының оңтүстік-батысында 5 км жерде орналасқан.

Гидрографикасы Көл теңіз деңгейінен 119 м биіктікте жатыр. Аумағы 5 км2, ұзындығы 3,2 км, енді жері 2,1 км, жағалау бойының ұзындығы 12,2 км. Шарасында жыл бойы су болады. Түбі тегіс, оған 25–30 см тұнба шөккен. Солтүстік жағалауы біршама көтеріңкі, жарлауытты, күрделі пішінді, оңтүстік жағалауында батпақты жерлер кездеседі. Мұнда қамыс, құрақ шоғырлары өскен. Оңтүстігінен (2–3 км жерден) Сарықамыс каналы ағып өтеді. Алабының бетеге, селеу, арпабас, қылқан боз, т.б. шөптесіндері мал жайылымына қолайлы.АТАМЕКЕН: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 648 бет. ISBN 9965-893-70-5

Дереккөздер

Санат:Ертіс су алабы көлдері Санат:Екібастұз көлдері