Өрмекші-адам () — 2002 жылы жарыққа шыққан, режиссёрі Сэм Рэйми және продюсерлері Лора Зискин мен Йен Брайс болған америкалық суперқаһармандар фильмі. Стив Дитко және Стэн Ли ойлап тапқан Marvel Comicsтың аттас кейіпкеріне негізделген бұл фильм — Өрмекші-адам жайлы бірінші фильм трилогиясының бірінші бөлімі. Фильмдегі басты рөлді сомдаған актёрлер қатарында Тоби Магуайр, Уиллем Дефо, Кирстен Данст және Джеймс Франко бар. Фильм Өрмекші-адамның шығу тегі мен оның ерте суперқаһармандық мансабы жайлы баяндайды. Генетикалық тұрғыдан өзгерген өрмекші шағып алғаннан кейін, жасөспірім Питер Паркер өрмекшіге ұқсас суперқабілеттер алады және олардың көмегімен Нью-Йорк қаласындағы қылмыс пен әділетсіздікке қарсы күреседі.
Өрмекші-адам жайлы фильм әзірлеу 1975 жылы басталды. Фильмді әзірлеумен Тоуб Хупер, Джеймс Кэмерон және Джозеф Зито сияқты түрлі режиссёрлер айналысты. Дегенмен, жобаның әзірленуі лицензиялау мен қаржы мәселелеріне байланысты көптеген қиындық көрді. 25 жыл уақытқа жуық кідіріп қалған бұл процесс 1999 жылы Columbia Picturesтің лицензия алғанынан кейін «қайта тірілді». Түсірілім 2001 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында Лос-Анджелес пен Нью-Йоркте өтті. Фильмнің музыкасын Дэнни Эльфман жасаған. Сценарийшісі Дэвид Кепп және 2000 жылдан бастап режиссёрі Сэм Рэйми болған бұл фильм бүкіл АҚШ жерінде 2002 жылдың 3 мамырында жарыққа шықты.
Өрмекші-адам — түсімі бір демалыста 100 миллион долларға жеткен алғашқы фильм, сол кездегі санақ бойынша комикске негізделген ең табысты фильм. Дүние жүзі бойынша 825 миллион доллардан асатын касса табысы бар бұл блокбастер 2002 жылдың ең көп табыс әкелген үшінші фильмі, ең көп табыс әкелген суперқаһарман фильмі және шыққан кездегі жалпы табысы бойынша алтыншы фильм болды. Фильм Оскар сыйлығында «Үздік дыбыс» және «Үздік визуалды эффектілер» номинацияларына ие болды, сонымен қатар көптеген басқа марапаттарымен де наградталған. Өрмекші-адам заманауи суперқаһарман жанрын анықтаған фильмдердің қатарына жатқызылады. Сәтті болған бұл фильмнің кейін екі жалғасы жарық көрді: Өрмекші-адам 2 (2004) және Өрмекші-адам 3 (2007). Магуайр мен Дефо кейінірек мультиғалам идеясын бастаған «Өрмекші-адам: Үйге жол жоқ» (2021) фильмінде рөлдеріне «оралды».
Сюжеті Мектеп ұйымдастырған саяхатта Питер Паркер есімді жоғарғы сынып оқушысы досы Хәрри Озборн және махаббаты бар сыныптасы Мэри Джейн Уотсонмен Колумбия университетінің генетикалық зертханасына барады. Онда гендік инженериямен жасалған «супер-өрмекші» Паркерді шағып алды да, ол үйіне оралғанда ауырып қалды. Осы уақытта Хәрридің әкесі, ғалым және Oscorp компаниясының негізін қалаушысы және иесі Норман Озборн маңызды әскери келісімшартты қамтамасыз етуге тырысады. Ол өнімділікті арттыратын химиялық затпен өзіне тәжірибе жасайды, бірақ есінен танып, көмекшісін өлтіреді.
Келесі күні Питер енді көзінің жақсы көретінін және өрмекші сияқты қабілеттерінің бар болғанын білді: енді Паркердің қолынан өрмек атып шығару қабілеті, жылдам рефлекстері, супержылдамдығы, суперкүші және қауіпті алдын-ала сезіну қабілеті пайда болды. Ағасы Беннің «үлкен күшпен үлкен жауапкершілік келеді» деген кеңесін меңсінбей кеткен Питер Мэри Джейнді таң қалдырамын деп көлік сатып алуды қарастырды.
Ақшаны ұтып алу мақсатымен ол күрестен сайысқа қатысады және бірінші ойынында жеңіске жетеді, бірақ алданып қалады да, табысын жоғалтады. Белгісіз біреу Беннің көлігін айдап әкетеді де, оны өлтіреді, Питер көлік тонаушыны қуады, оның ұры екенін біліп, байқаусыздан жіберіп алады. Қашып кеткісі келген ұры терезеден құлап, өледі. Осы уақытта есінен танып қалған Норман Oscorpтың қарсыласы Quest Aerospace компаниясы ұйымдастырған сынақты үзіп, бірнеше адамды өлтіреді.
Оқуды бітіргеннен кейін Питер өзінің қабілеттерін әділетсіздікпен күресу үшін пайдалана бастайды, спандекс костюм-маскасын киген ол Өрмекші-адам тұлғасын ойлап табады. Daily Bugle газетінің баспагері Джей Джона Джеймсон Өрмекші-адамның анық суреттерін бере алатын жалғыз адам болған Питерді штаттан тыс фотограф ретінде жалдайды. Оскорптың кеңесі компанияны Quest-ке сату үшін Озборнды қууды жоспарлап отырғанын білген Норман оларды өлтіреді. Джеймесон жұмбақ өлтірушіні «Жасыл гоблин» деп атап кетеді.
Гоблин Өрмекші-адамға оның жағына көшуін ұсынады, бірақ Питер бас тартады. Олар шайқасады да, нәтижесінде Питер жараланды. Питердің тәтесі Мэй Мэри Джейнді, Хәрриді және Норманды кешкі асқа шақырады. Түскі ас кезінде Норман жараны көріп, Питердің Өрмекші-адам екенін түсінеді. Питерге қарсы жеңудің жалғыз жолы — жақындарына шабуыл жасау екенін түсінген Норман кейінірек Мэйге аяқ астынан шабуыл жасады, тәтесі ауруханаға жатқызылды. Мэй тәтесін ауруханада көргісі келген Питерге Мэри Джейн өзін екі рет құтқарған Өрмекші-адамға деген ғашықтығын мойындайды. Мэри Джейннің жігіті болған Хәрри оның Питердің қолынан ұстап тұрғанын көріп, оған деген сезімі бар деп болжайды. Қатты күйзеліске түскен Хәрри әкесіне Питер Мэри Джейнді жақсы көретінін айтып, байқаусыздан Жасыл гоблинге Өрмекші-адамның ең үлкен әлсіздігін ашады.
Норман Мэри Джейнді және балаларға толы трамвай көлігін кепілде ұстайды. Ол Питерді екеуі арасында таңдау жасауға мәжбүрлеп, екеуін де тастайды. Питер Мэри Джейнді де, трамвай көлігін де құтқарып қалады. Содан кейін Норман оны жақын маңдағы қараусыз қалған ғимаратқа лақтырып, аяусыз ұрып тастайды. Питер шайқас барысында үстемдікке ие болады, Жасыл гоблин өзінің Норман екенін айтып қояды, аяғанын сұрайды, бірақ Өрмекші-адамның білімінсіз Питерді алдын-ала дайындалған планерімен қабырғаға қадап, өлтіруге дайындалады. Өрмекші сезімімен алдын-ала бұл қауіпті сезіп қойған Питер шабуылдан жалтарады, ал планер оның орнына Норманды соғады. Норман Питерге өлмес бұрын Хәрриге өзінің Гоблин екенін айтпағанын сұрайды. Питер Норманның денесін Озборнның үйіне апарады, бірақ Хәрриге тап болады, әкесінің денесін алып келе жатқан Өрмекші-адамды көрген ол оған мылтық татады, бірақ Питер қашып кетеді.
Норманның жерлеу рәсімінде әкесін өлтірген Өрмекші-адам екен деп қателескен Хәрри әкесінің өліміне кек алуға ант етеді. Мэри Джейн Питерге оны жақсы көретінін мойындайды. Алайда Питер жаулары төндіруі мүмкін қауіптен оны қорғау керек деп санайды, сондықтан ол өзінің шынайы сезімдерін жасырып, Мэри Джейнге олар тек дос бола алатынын айтады. Питер кетіп бара жатып, ағасы Беннің сөздерін есіне түсіріп, Өрмекші-адамның жаңа жауапкершілігін қабылдайды.
Рөлдерді сомдағандар
Питер Паркер / Өрмекші-адам рөлін Тоби Магуайр сомдады. Магуайр ойнаған кейіпкер — әлеуметтік жағынан қабілеті нашар, академиялық дарынды жоғарғы сынып оқушысы. Гендік инженерия арқылы өзгертілген өрмекші оны шағып алады, нәтижесінде Паркер өрмекші тәрізді күштерге ие болады, оның ішінде суперкүш, жылдам рефлекс, келе жатқан қауіп жайлы алдын-ала ескертетін «өрмекші сезімі», қабырғаларға өрмелеу және өрмекшілер торын шығару қабілеті бар. Жеке өміріндегі трагедиядан кейін ол өзінің жаңа күштерін игілікке пайдаланамын деген шешім қабылдайды және Өрмекші-адам ретінде қылмыс пен әділетсіздікке қарсы күреседі. Норман Озборн/Жасыл гоблин рөлін Уиллем Дефо сомдады. Дефоның кейіпкері — ғалым және Oscorp компаниясының бас директоры. Озборн өзі шығарған күшейткіш затты өзіне сынап көреді де, тұлғаның қосарлануымен ауырып қалады. Ол кейінірек қаруланған планер және асқабақ суреті бар жарылғыш заттар сияқты озық Oscorp қару-жарақтары мен жабдықтарын қолданатын киім киген зұлымға айналады, БАҚ оның альтер-эгосын «Жасыл гоблин» деп атап кетеді. Гоблиннің онымен жұмыс істеуден бас тартқан Өрмекші-адамға өшпенділігі пайда болады. Мэри Джейн "Эмджэй" Уотсон рөлін Кирстен Данст сомдады. Мэри Джейн Уотсон — алты жасынан бері Питердің махаббаты. Мэри Джейннің қатыгез әкесі бар және ол актриса болуды армандағанымен асханада даяшы болып жұмыс істейді, бұл жұмысын ол жігіті Хәрриден жасырады. Кейінірек оның Питерге деген сезімі оянады, өйткені олар бірге көбірек уақыт өткізеді және оны бірнеше рет құтқарғаннан кейін оның альтер-эгосына да деген сезімі пайда болады. Хәрри Озборн рөлін Джеймс Франко сомдады. Хәрри — Питердің ең жақын досы және пәтерлесі, Мэри Джейннің жігіті және Норманның ұлы, әкесінің Питермен айқын жақындығына қызғанышпен қарайды. Бен аға рөлін Клифф Робертсон сомдады. Бен Паркер — Мэй Паркердің күйеуі және Питердің ағасы, жұмыстан босатылған электрик, жаңа жұмыс іздестіруде. Питер бұрын тоқтатудан бас тартқан ұры оны өлтіреді. Бен ағасы Питерге «Үлкен күшпен үлкен жауапкершілік келеді» деген нақыл сөз қалдырады. Мэй тәте рөлін Розмари Харрис сомдады. Мэй Паркер — Беннің әйелі және Питердің тәтесі. Джей Джона Джеймсон рөлін Джей Кей Симмонс сомдады. Джеймсон — Өрмекші-адамды қылмыскер қылып санайтын қатал босс, Daily Bugle газетінің баспагері.
Режиссёр Сэм Рэймидің әріптесі және жақын досы Брюс Кэмпбелл Паркер қатысатын күрес алаңында диктор ретінде камео жасаған. Рэймидің өзі де камео жасаған, ол күресу үшін аренаға кірген кезде Паркерге попкорн лақтырды. Өрмекші-адам мен Жасыл гоблин арасындағы шайқас кезінде «Өрмекші-адамның» бірігіп жасаушысы Стэн Лидің кейіпкері фильмде жас қызды құлаған қоқыстан ұстап алады, осы арқылы камео жасады.
Өндірісі Алғышарттары
1980 жылдардың басында Marvel Comics кинопродюсерлермен өздерінің басты кейіпкері Өрмекші-адамды үлкен экранға шығару үшін келіссөздер жүргізді. Өрмекші-адам меншігіне фильмді жасау жобасын бастаған бірінші адам продюсер Роджер Корман бірінші болды. Өрмекші-адамның бірлескен авторы Стэн Лидің жоспарынша фильм Қырғи қабақ соғысы тақырыптарымен байланысты болды және негізгі антагонист ретінде Доктор Сегізаяқ болған бұл сценарий жазуға жіберілді. Жоба Корман мен Ли арасындағы бюджеттік даулардан кейін нәтиже бермеді.
1980–1990 жылдары жоба бір продюсерден басқа продюсерге, лицензиясы бір компаниядан басқа компанияға беріле берді, бірақ Өрмекші-адам бар сценарийдің ешқайсысы да түрлі себептерден фильмге айнала алмады.
1997 жылы «Бэтмен мен Робин» фильмінің сәтсіздігінің себебінен бірде-бір киностудия Өрмекші-адам фильміне қызығушылық танытпады, содан кейін «комикстер балаларға арналған» деген түсінік пайда болып, киностудиялар суперқаһарман жанрына мән бермейтін болды. Дегенмен, 1998 жылы New Line Cinema шығарған Блэйд фильмінің шығуы және 20th Century Fox компаниясының Икс адамдар жайлы фильм бастауы кейбір студияларды Marvel кейіпкерінің фильмді «жүргізе алатынына» сендірді. Марвел 1998 жылы банкроттықтан шығып, Менахем Голанның таңдау мерзімі аяқталғанын және құқықтар оларға қайта оралғанын жариялайды. Содан кейін Marvel фильм құқығын Columbia Pictures компаниясының бас компаниясы Sony Pictures Entertainmentке 7 миллион долларға сатады. Мәміле 1999 жылдың наурыз айында күшіне енді.
Эми Паскальдың режиссер ретінде таңдауы Сэм Рэйми болды. Рэйми режиссёрлігін 2000 жылдың қаңтарында бастады. Ол жас кезінде комикстің жанкүйері болды және оның Өрмекші адамға деген құмарлығы оны жұмысқа алды.HBO Making-Of Spider-Man (DVD). Sony. 2002.
Актёр таңдауы