Палеозоология (палео… және зоология) – геологиялық өткен дәуірлерде тіршілік етіп, өліп біткен қазба жануарлардың құрылысын, таралуын, өзара және осы кездегі жануарлармен туыстық қатынасын зерттейтін ғылым: палеонтология мен зоология саласы. Қазақстанда қазба жануарлардың жекелеген қалдықтары 18 ғасырдың 2-жартысында табылды. Палеозоология саласындағы жүйелі зерттеулер кеңес дәуірінде басталды. Қазақстан Ғылым Академиясының Зоология институты (омыртқалы жануарлар бойынша), Геология институты (омыртқасыз жануарлар бойынша), т.б. ғылыми орталыққа айналды. Республикада антропоген сүтқоректілерінің атласы жасалып, гиппарион және антропоген фаунасы, еттұмсықтылар туралы деректер жүйеге келтірілді; көне дәуірде Қазақстанда тіршілік еткен тасбақалар табылған жерлер жөнінде мәліметтер жиналды. Трилобиттер, брахиоподтар, басаяқты моллюскалар жөніндегі зерттеулер қосылды. “Қазақстан фаунасы мен флорасының тарихы жөніндегі материалдар” атты көп томдық жинақ жарық көрді. Палеозоология жетістіктері корреляциялық, стратиграфиялық сұлбалар мен геологиялық карталар жасау үшін пайдаланылады."Қазақ Энциклопедиясы". Дереккөздер

Санат:Ғылым Санат:Тарих