Гуманистік педагогика — оқушы тұлғасына бағытталған, оның жеке қызығушылықтары мен қабілеттерін ескеруге негізделген педагогикалық бағыт. Бұл тәсіл білім алушыны оқу-тәрбие үдерісінің саналы әрі белсенді субъектісі ретінде қарастырады. Мұнда дайын ақпаратты меңгеруден гөрі зияткерлік қабілеттерді жалпы дамытуға басымдық беріледі. Бағыттың негізгі мақсаты — өзін-өзі жетілдіруге және жүзеге асыруға қабілетті, қоғамда нәтижелі қызмет етуге дайын, еркін тұлғаны қалыптастыру. Басқа әдістемелермен салыстырғанда, гуманистік педагогика білім алушыға таңдау еркіндігін көбірек берумен ерекшеленеді. right|200px|thumb|Януш Корчак — гуманистік педагогиканың көрнекті өкілі. ​«Гуманистік педагогика» атауы нақты бір ағымға немесе мектепке ғана қатысты емес. Бұл ұғыммен XIV–XVI ғасырлардағы Қайта өрлеу дәуірі гуманистерінің ортағасырлық схоластикалық білім беру дәстүрлеріне қарсы қойған көзқарастары, XIX–XX ғасырлардағы Ж.Ж. Руссоның еркін тәрбие идеяларына негізделген және авторитарлық тәрбие теориясына қарсы бағытталған ағым, сондай-ақ XX ғасырдың басында пайда болған, педоцентризммен, әлеуметтік-педагогикалық жаңашылдықтармен және мәдениеттанулық тәсілмен сипатталатын педагогикалық жүйелер тобы мен солардың кейінгі жалғасы сипатталады. Сонымен қатар бұл термин 1950–1960 жылдары АҚШ-та гуманистік психология идеялары негізінде қалыптасқан педагогикалық бағытты да білдіреді.

Философиялық және теориялық негіздер ХХ ғасырдың басында пайда болған және гуманистік педагогика арнасындағы түрлі педагогикалық жүйелердің идеялық негіздерінің қатарына мынадай неогуманистік тұжырымдамалар жатады: адамның қалыптасуы қоршаған ортамен және адамдармен өзара әрекеттесу арқылы жүзеге асады және қоршаған ортаны да, өзінің ішкі табиғатын да саналы түрде өзгертуді талап етеді; адамның еркіндігі оның әрекеттерінің таңдаулылығында көрінеді, шығармашылық белсенділікпен байланысты және әрекет нәтижесі үшін жауапкершілікті саналы түрде қабылдауды талап етеді; адам өзін, қоршаған әлемді және осы әлеммен өзара байланысын таниды, бұл таным зияткерлік те, интуитивтік те құрамдастарды қамтиды; психикалық үдерістер саналы және санасыздың бірлігін білдіреді; адамдар бір-біріне тең емес, әр адамның даралығы өзіндік құндылыққа ие; адамның шынайы дамуы оның жеке негізін «өсіріп-жетілдіруде» көрінеді; адам әлемге ашық; ол өзін басқалармен байланыс орнату арқылы жүзеге асырады; адам өз эгоцентризмі мен оқшаулану шегінен шыға алады. Теориялық негіздер қатарына мыналар кіреді: К. Роджерстің «Мен-тұжырымдамасы» Ж. Пиаженің когнитивтік конструктивизмі Л.С. Выготскийдің жақын даму аймағы Дж. Дьюидің прагматизм педагогикасы

Даму тарихы Қазіргі гуманистік педагогиканың дамуында үш кезеңді бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезең XIX–XX ғасырлар тоғысындағы жаппай жалпыға қолжетімді мектептің қалыптасуымен, «жаңа тәрбие» қозғалысының өрістеуімен және соның нәтижесінде жаңа педагогикалық жүйелердің пайда болуымен байланысты. Бұл кезеңдегі бағыттарға мыналар жатады: балалық шақтың өзіндік құндылығын жариялаған және еркіндік жағдайында баланың жеке дамуын талап еткен, педагогикалық үдерістің даму психологиясы заңдылықтарына сәйкестігін негіздеген педоцентризм (М. Монтессори, О. Декроли, К.Н. Вентцель, Я. Корчак); әлеуметтік белсенділіктің маңызын арттырып, тәрбиеде демократия элементтері мен бірлескен өмір сүруді қолданған әлеуметтік-педагогикалық жаңашылдықтар (С. Френе, Дж. Дьюи, С. Сорока-Росинский); адамның мәні және оның мәдениетке ену ерекшеліктері туралы түсініктерге сүйенген мәдениеттанулық бағыт (антропософиялық педагогика, Г. Винекен).

1930–40 жылдары әлемдік экономикалық дағдарыс, бірқатар елдердегі тоталитарлық режимдердің орнауы және Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан қоғамдық өмірде гуманистік идеалдардың рөлі төмендеді. Көптеген елдердің білім беру жүйелері мемлекеттік бақылауды күшейту, орталықтандыру, мақсат, мазмұн және білім беру формаларын біріздендіру бағытына қайта құрылды; педагогикада функционалдық тәсіл басымдық алды.

Екінші кезең 1950–1960 жылдарға сәйкес келеді. Бұл уақытта мәдениеттанулық бағыт идеялары әрі қарай дамып, құндылықтық бағдар және адам еркіндігі мәселелері алдыңғы орынға шықты. Интеллектуалдық салада — сыни ойлауды дамыту, әлеуметтік салада — басқа адамға қамқорлық көрсету жағдайларын жасау маңызға ие болды. Дидактикалық әдістердің негізіне диалог, рефлексия, өзара әрекеттесу, коммуникация қойылды. Педоцентризм идеяларының дамуы ретінде тұлғаға бағдарланған оқыту идеалы қалыптасты, ол адамның мәні туғаннан бастап берілген және педагогикалық үдеріс барысында ашылып, барынша дамуы тиіс деген түсінікке негізделді. Бірінші кезеңдегі әлеуметтік-педагогикалық жаңашылдықтар негізінде оқушының басқа адамдармен табысты өзара әрекеттесу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған коммуникативтік бағыт дамыды. Үшінші кезең ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бері жалғасуда. Бұл кезеңде алдыңғы кезеңдердегі педагогикалық жобалардың идеялары мен қағидалары өзгермелі социомәдени жағдайларда қайта қарастырылып, түсіндіріледі. Ерекше танымал болған бағыттар: холистік мектеп; коммуникативтік бағыт (В. Караковский, А. Тубельский); мәдениеттанулық бағыт (Л. Кольберг, В. Библер, Ш. Амонашвили); «дамытушы оқыту» (Л. Занков, Д. Эльконин, Г. Селевко); «отбасылық педагогика», соның ішінде «қабырғасыз мектептер» және «ашық мектептер» (Д. Байярд пен Р. Байярд, С. Лупан, Б. Никитин).

Гуманистік педагогиканың өкілдері Мария Монтессори Джон Дьюи Сухомлинский, Василий Александрович Амонашвили, Шалва Александрович

Дереккөздер

Санат:Гуманизм Санат:Педагогика