2026 жылғы 1 наурызда Иранның жоғарғы көсемі Әли Хаменеи өлтірілген АҚШ пен Израильдің соққыларынан кейін, Пәкістанның Карачи қаласындағы АҚШ-тың Бас консулдығы Хаменеи жақтастарының нысанасына айналды. Наразылық білдірушілер консулдық аумағына басып кірген кезде, Теңіз жаяу әскерінің күзетшілері мен жергілікті полиция оқ жаудырды. Салдарынан кем дегенде 35 наразылық білдіруші қаза тапты. Оның ішінде: Карачи портында консулдықтың сыртқы қабырғасын бұзып кірген қарулы демонстранттарға оқ атылуынан 16 адам, БҰҰ кеңсесі өртелген солтүстіктегі Скарду қаласында 6 адам, Гилгитте 7 адам және Исламабадта 6 адам мерт болды; 120-дан астам адам жарақат алды.
Шабуыл кезінде наразылық білдірушілер ғимараттың терезелерін шағып, оны өртеуге тырысты. Олар консулдық ішіне басып кірмек болып, тәртіп сақшылары мен рейнджерлерге тас лақтырған. Ал қауіпсіздік күштері жиналғандарды кері шегіндіруге мәжбүр болды. Полиция Май Колачи жолының маңындағы топты көз жасаурататын газ қолданып таратқанымен, демонстранттар М.Т. Хан жолының бойында тас лақтыруды тоқтатпады. Бұған қоса, Сұлтанабад көпірінің астында орналасқан жол полициясының бекеті өртке оранды.
Қаладағы жағдайға байланысты бірнеше негізгі жолдар, соның ішінде Намсих Човрангиге апаратын бағыттар мен Сұлтанабадтан Май Колачиге дейінгі жолдар жабылды. Джинна көпірі арқылы жүретін көліктер И.И. Чундригар жолына қарай бағытталды. Ал Бот Бейсин жақтан келген жүргізушілер Май Колачи Фатак тұсында амалсыз кері бұрылуға мәжбүр болды.
Алғышарттар Наразылықтың тұтануына 1989 жылдан бері Иранды басқарып келген Жоғарғы көсем аятолла Әли Хаменеидің қазасы себеп болды. Ол 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иран нысандарына жасаған әуе соққылары кезінде қаза тапқан еді. Хаменеидің өлімі бүкіл мұсылман әлемінде, әсіресе шиит қауымдастықтары арасында үлкен наразылық тудырып, АҚШ пен Израильге қарсы жаппай шерулерге ұласты.
Шиит мұсылмандары едәуір көп шоғырланған Пәкістанда ираншыл топтар дереу іске кірісті. Карачи, Лахор және Исламабад сияқты ірі қалаларда наразылық шаралары ұйымдастырылып, демонстранттар АҚШ пен Израильге қарсы ұрандар тастады. Әсіресе, Карачидің қатаң күзетілетін аймағында орналасқан АҚШ-тың Бас консулдығы наразылықтың басты ошағына айналды. Себебі бұл нысан аймақтағы Америка ықпалының басты символы ретінде қабылданды.
Наразылық шарасы Демонстрация 2026 жылғы 1 наурыз күні таңертең ерте басталды. Карачидегі Май Колачи жолында орналасқан АҚШ консулдығының маңына жүздеген адам жиналды. Наразылық білдірушілердің көбі шиит ұйымдарының мүшелері болды. Олар АҚШ пен Израильді айыптайтын баннерлер ұстап, Иранмен бірге екендіктерін білдірді. Бастапқыда бейбіт сипатта болған жиын бара-бара шиеленісіп, соңы наразы топтың консулдықтың сыртқы қоршауын бұзып кіру әрекетіне ұласты.
Ғимаратқа басып кіруге жол бермеу үшін Синд провинциясының полициясы мен Пәкістан рейнджерлері көз жасаурататын газ бен резеңке таяқтарды қолданды. Наразы топтың тас лақтыруы, ғимараттың сыртын бүлдіріп, көліктерді өртеуі салдарынан қақтығыс одан әрі ушыға түсті. Таралған мәліметтерге қарағанда, жиналғандарды тарату үшін атыс қаруы қолданылған. Соның салдарынан наразылық білдірушілер арасында кем дегенде тоғыз адам қаза тауып, 24-тен астам адам жарақат алды. «Эдхи» жедел құтқару қызметі қаза болғандар туралы ақпаратты растап, жараланғандардың бірнешеуі ауыр халде екенін хабарлады.
Билік бақылауды өз қолына алғанға дейін наразылық шарасы бірнеше сағатқа созылды. Консулдықтың ішкі ғимаратына ешкім басып кіре алмаған, ал АҚШ дипломатиялық миссиясының қызметкерлері зардап шеккен жоқ.
Салдары Наразылық шараларынан кейін АҚШ-тың Исламабадтағы елшілігі қауіпсіздік ескертуін жариялап, Пәкістан аумағындағы барлық дипломатиялық нысандарын жауып тастады. Карачи, Лахор және Пешавардағы консулдықтар жұмысын тоқтатып, 2026 жылғы 2 наурызға жоспарланған барлық қабылдаулар мен кездесулерден бас тартты. Сонымен қатар, АҚШ билігі өз азаматтарына адам көп жиналатын жерлерден аулақ болуға кеңес берді.
Дереккөздер
Санат:2026 жылдағы Пәкістан Санат:2020-жылдардағы Карачидегі қылмыстар Санат:2026 жылғы ғимараттар мен құрылыстарға жасалған шабуылдар Санат:Пәкістандағы дипломатиялық миссияларға жасалған шабуылдар Санат:АҚШ-тың дипломатиялық миссияларына жасалған шабуылдар Санат:Пәкістандағы наразылық шаралары