Айгүл Әбікенқызы Тәти (9 сәуір 1963, Мақаншы, Үржар ауданы, Абай облысы) — Қазақстанға танымал биші, қазақтың ұлттық, характерлі билері мен әлем халықтарының билерін орындаушы, балетмейстер, хореограф, режиссер-қоюшы, балет педагогы, өнертану саласының доценті (2011). Қазақ биін оқыту теориясы мен әдістемесіне арналған бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы.

Қазақстан Ұлттық хореография академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1995), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2014), «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының лауреаты (2019).

Өмірбаяны 1963 жылғы 9 сәуірде бұрынғы Семей облысының Үржар ауданы, Мақаншы ауылында туған.

1981 жылы Алматы хореографиялық училищесін бітірген (жұптық сыныптарда А.К. Түлековтің, жоғары сыныптарда И.Н. Гуляевтің жетекшілігінде).

Шығармашылық жолын «Қазақконцерт» концерттік ұйымында солист ретінде бастаған, кейін орындаушылық қызметін «Алтынай» фольклор-этнографиялық ансамблі мен Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония жанындағы «Сазген» ансамблінде жалғастырған.

Қазақ би өнерінің көрнекті шеберлері — Ш. Жиенқұлова, Д. Әбіров, З. Райбаев, О. Всеволодская-Голушкевич және басқалармен бірге жұмыс істеген.

Әртүрлі жылдары Кеңес Одағы мен Қазақстанның шығармашылық делегациялары құрамында Қазақстанның ұлттық өнерін шетелде таныстырған. 1994 жылы Қазақ мемлекеттік кино және театр өнері институтының хореография факультетіне түсіп, 1998 жылы «Хореограф-педагог» мамандығы бойынша бітірген.

1997 жылдан 2003 жылға дейін А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде қазақ биі пәнінің оқытушысы болып жұмыс істеді. Бес түлектер тобын дайындады. Училищенің есептік-көрсетілім концерттерінде орындалған бірқатар концерттік нөмірлер қойды.

2000 жылдан 2012 жылға дейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Қазақ биінің композициясы» және «Қазақ биінің теориясы мен әдістемесі» пәндерінен оқытушы болып жұмыс істеді. 2007–2009 жылдары «Хореография педагогикасы» кафедрасының меңгерушісі болды.

2012 жылдан бастап «Астана балет» театрының бас балетмейстері, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясының профессоры.

Марапатары 1991 — Ш. Жиенқұлова атындағы Қазақ биі бойынша I республикалық байқаудың лауреаты. 1995 — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отандық би өнеріне сіңірген ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді. 2009 — Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2011 — «Өнертану» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы берілді. 2014 — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отандық би өнерін дамытуға қосқан зор үлесі және балет педагогикасындағы жетістіктері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2018 — Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2019 жыл 18 желтоқсан — «Үздік хореограф» номинациясы бойынша «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаты атанды. 2021 жыл 2 желтоқсан — «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 2021 жыл 2 желтоқсан — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Дереккөздер

Санат:Үржар ауданында туғандар Санат:КСРО бишілері Санат:Қазақстан бишілері Санат:ХХ ғасыр бишілері Санат:ХХІ ғасыр бишілері Санат:КСРО балетмейстерлері Санат:Қазақстан балетмейстерлері Санат:XX ғасыр балетмейстерлері Санат:XXІ ғасыр балетмейстерлері Санат:Қазақстан хореографтары Санат:ХХІ ғасыр хореографтары Санат:Қазақстан балет педагогтары Санат:Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл медалінің иегерлері Санат:Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкерлері Санат:Алматы хореография училищесі түлектері Санат:Қазақ ұлттық өнер академиясы түлектері Санат:Алматы хореография училищесі оқытушылары Санат:Қазақ ұлттық өнер академиясы оқытушылары Санат:Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері