Ay Yapım — 2005 жылы Керем Чатай негізін қалаған түрік медиа және кинокомпаниясы. Компания әлемнің 20 елінде серіктестері бар «Sparks Network» желісінің Түркиядағы ресми өкілі болған. Бұл компания Түркиядағы ең ірі медиа өндірушілердің бірі болып табылады. Бас кеңсесі Ыстамбұл қаласында орналасқан.
Киностудияның шығарған туындылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі елдердің телеарналарында көрсетіледі. Компанияның ең танымал «Ашқы Мемну» (Aşk-ı Memnu / Тыйым салынған махаббат) сериалының сценарий құқығын Америка Құрама Штаттарының «Telemundo Television Studios» компаниясы сатып алып, оны «Pasión Prohibida» деген атаумен қайта түсірген.
Сеул халықаралық драма жүлдесіне (Seoul International Drama Awards) Ay Yapım студиясының сериалдары мен актерлері бірнеше рет әртүрлі номинациялар бойынша үміткер атанған. Телевизия әлемінің ең беделді марапаттарының бірі болып табылатын бұл фестивальде 2012 жылы «Эзел» сериалы «Арнайы жүлдеге» (Special Prize) ие болса, 2014 жылы «Меджезир» (Medcezir / Тасқын) хикаясы «Үздік драмалық сериал» номинациясында «Күміс құс» (Silver Bird) жүлдесін жеңіп алған.
Сонымен қатар, Ay Yapım тарапынан 2012 жылы шығарылған «Соң» (Son) сериалының желісімен 2015 жылы американдық ABC телеарнасы прайм-таймда көрсету үшін «Runner» деген атаумен римейк дайындаған. Бұл американдық нұсқаның басты рөлдерін Паула Паттон мен Брент Секстон сомдаған.
Дереккөздер
Санат:Түркия кинокомпаниялары Санат:2005 жылы құрылған компаниялар