«Мінсіз қызметі үшін» медалі () — КСРО Қорғаныс министрінің, КСРО Ішкі істер министрінің және КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының 1958 жылғы 25 қаңтардағы бірлескен бұйрығымен құрылған мекемелік медал.
Тарихы Ұлы Отан соғысы аяқталмай тұрып-ақ, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы 1944 жылдың 4 маусымындағы Жарлығымен Қызыл әскердің әскери қызметшілерін қызмет өтілі үшін ордендермен және медалдармен марапаттау тәртібін енгізді. Жарлыққа сәйкес, 10 жыл мінсіз қызметі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, 15 жыл мінсіз қызметі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, 20 жыл қызметі үшін Қызыл Ту орденімен, ал 25 жыл қызметі үшін Ленин орденімен марапаттау көзделді. 30 жыл мінсіз қызмет атқарғандарға Қызыл Ту орденімен қайта марапаттау қарастырылды.
Қызмет өтілі үшін жауынгерлік марапаттармен марапаттау жаппай сипат алды. Мысалы, Қызыл Ту ордені (ең құрметті жауынгерлік ордендердің бірі) қызмет өтілі үшін шамамен 300 мың рет табысталды. Осындай жаппай марапаттаулар құрметті жауынгерлік марапаттардың беделін едәуір төмендетті. Сондықтан 1957 жылы қызмет өтілі үшін ордендермен және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапаттауды тоқтату туралы шешім қабылданды. Оның орнына үш күштік мекеменің әрқайсысы (КСРО Қорғаныс министрлігі, КСРО ішкі істер министрлігі және КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) 1958 жылдың 25 қаңтарындағы бірлескен бұйрықпен өзінің мекемелік «Мінсіз қызметі үшін» медалын тағайындады.
Медал жайлы ереже Ережеге сәйкес «Мінсіз қызметі үшін» медалімен Кеңес армиясының, Әскери-теңіз флотының, КСРО ішкі істер министрлігінің әскерлері мен органдарының, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскерлері мен органдарының тиісті құрылымдарда кемінде 10 жыл қызмет атқарған және қызмет кезеңінде тәртіптік жаза алмаған әскери қызметшілері марапатталады.
«Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттауды КСРО Қорғаныс министрі, КСРО Ішкі істер министрі немесе КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы жүзеге асырады.
«Мінсіз қызметі үшін» медалі үш дәрежеден тұрады: I дәрежелі медал (20 жылдық мінсіз қызметі үшін) II дәрежелі медал (15 жылдық мінсіз қызметі үшін) III дәрежелі медал (10 жылдық мінсіз қызметі үшін)
Медалдың ең жоғары дәрежесі — I дәрежесі. Марапаттау ретімен жүргізіледі: алдымен III дәрежелі, кейін II дәрежелі, соңында I дәрежелі медалмен марапатталады. Алайда, медал тағайындалған кезде 15 немесе 20 жыл қызмет өтілі бар адамдарға бірден тиісінше II немесе I дәрежелі медал берілуі мүмкін.
«Мінсіз қызметі үшін» мекемелік медалі кеуденің сол жағына тағылып, КСРО-ның басқа медалдары болған жағдайда олардан кейін орналасады.
Медалдің сипаттамасы Медал диаметрі 32 мм болатын дұрыс дөңгелек пішінге ие.
Медалдың алдыңғы бетінің ортасында доғал бұрыштарының астынан сәулелер шоғы таралған бесбұрышты жұлдызша орналасқан. Жұлдызшаның ортасында орақ пен балға бейнеленген. Жұлдызша шеңбер бойымен алқагүлмен қоршалған.
Медалдың алдыңғы бетіндегі бейне оны тағайындаған бүкіл мекемелердің барлық түрлері мен нұсқалары үшін бірдей. Ерекшелік ретінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тағайындаған медалдардың екінші түрін атауға болады. Бұл түрдің алдыңғы бетінің төменгі бөлігінде, жұлдызшаның төменгі сәулелерінің арасында, медалдың тиісінше I, II және III дәрежелерінде «ХХ», «XV» немесе «Х» деген рим цифрлары орналасқан.
I дәрежелі медал күмістен (1958–1965 жылдардағы алғашқы шығарылымдары) немесе күмістелген жезден (кейінгі шығарылымдары) дайындалады. I дәрежелі медалдағы бесбұрышты жұлдызшаның беті (ортасындағы орақ пен балғадан басқа) қызыл эмальмен қапталған. II дәрежелі медал жезден дайындалады. II дәрежелі медалдың бесбұрышты жұлдызшадан басқа, бүкіл беті күмістелген. III дәрежелі медал жезден дайындалады. III дәрежелі медал күмістелмеген. Медалдың артқы беті оны тағайындаған үш мекеменің әрқайсысы үшін әртүрлі.
Медал құлақша мен шығыршық арқылы ені 24 мм қызыл түсті жібек қатқыл таспамен тысталған бесбұрышты тағанға бекітіледі. Таспаның жиектері жіңішке жасыл жолақтармен жиектелген. Таспаның ортасында алтын-сары жолақтар бар: I дәрежеде — бір жолақ; II дәрежеде — екі жолақ; III дәрежеде — үш жолақ;
Сын КСРО МҚК мен ІІМ әскерлері менен органдарында бұл медал ерекше құрметке ие болмады. Әскери қызметшілердің өздері оны көбіне «Мінсіз емес қызметі үшін» деп атайтын. Сондай-ақ, медалды «құм түстес медал» немесе «құмды медал» деп те атаған, бұл марапатталған адамның табиғи түрде қартайғанын меңзегенКаланов Н. А. Словарь морского жаргона (2 переизд.). — М.: Моркнига, 2011—440 с. ISBN 978-5-9906698-5-7, Б. 256.
Әдебиет
Сілтеме Порядок размещения государственных наград, ведомственных знаков отличия и иных геральдических знаков на военной форме одежды военнослужащих (с учётом пункта 78 раздела VI приложения 1 к приказу Министра обороны России от 22 июня 2015 г. № 300 и приказа Министра обороны РФ от 07.02.2017 г. № 89) Медаль «За безупречную службу». Ордена и медали СССР
Дереккөздер
Санат:КСРО медалдары