Мұрат Бекей (толық аты-жөні — Мұратбай Халбайұлы Бекеев; 30 қыркүйек 1958 жыл, Алтынсай ауылы, Беруни ауданы, Қарақалпақстан) — ақын, журналист, әдебиет зерттеушісі. Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі. «Сарыағаш ауданы энциклопедиясының» авторы.
Руы: Кіші жүз, Табын, Қоңыр.
Өмірбаяны Мұрат Бекей 1958 жылы 30 қыркүйекте Қарақалпақстан Республикасының Беруни ауданындағы Алтынсай ауылында дүниеге келген. Анасы Бибіжан он бала тәрбиелеп өсірген, Мұрат — отбасындағы тұңғыш перзент. Балалық шағы атасы Бекей мен әжесі Қанымның тәрбиесінде өтті.
Жастайынан халық ауыз әдебиеті үлгілерін, батырлар жырын, Көроғлы, «Маспатша», «Бозұғлан» секілді дастандарды жаттап өсті. Ақындыққа құштарлығы жерлесі Төлеген Айбергенов шығармаларын оқудан бастау алды.
Білімі Нөкіс мемлекеттік университетінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Ауыл шаруашылығы техникумында агроном мамандығы бойынша білім алған. Ресей Федерациясының Қазан мемлекеттік университетінің аспирантурасында «Орыс, татар, қарақалпақ әдеби байланыстары» тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізген.
Еңбек жолы 1994 жылдан бастап Ташкент қаласында еңбек етті. Өзбекстандағы қазақ тіліндегі республикалық «Нұрлы жол» газетінде тілші, Қазақ ұлттық мәдени орталығында кеңесші, халықаралық «Қазақ елі» газетінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарды.
2001 жылдан бастап Сарыағаш аудандық қоғамдық-саяси «Сарыағаш» газетінде бөлім меңгерушісі, кейін редактор, директор – бас редактор қызметтерін атқарды. Сондай-ақ облыстық «Оңтүстік Қазақстан» және тәуелсіз «Уақыт» газеттерінің Сарыағаш ауданындағы меншікті тілшісі болды.
Төлеген Айбергенов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің жұмысына белсене араласып, оның қайта жаңғыруына және ақын есімінің берілуіне ықпал етті.
Шығармашылығы Алғашқы өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып, 1991 жылы Мұхтар Шахановқа арналған «Ізгілік» өлеңі «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарық көрді. Ақынның шығармашылығы махаббат, туған жер, адамгершілік, ұлттық рух, тарихи тұлғалар тақырыптарын қамтиды.
Кітаптары «Сұлулық сыры» (1999) «Махаббат мекені» (2005) «Аруна – ғұмыр» (2006) «Бәйтерек түбіндегі сырласу» (Әбдісаттар Ысқақовпен бірге, 2016)
Құрастырған еңбектері «Сарыағашым – сырлы өлкем» әдеби жинағы (2006) «Сарыағаш ауданы энциклопедиясы» (авторы)
Әдеби және қоғамдық қызметі Мұрат Бекей Төлеген Айбергенов атындағы халықаралық қордың белсенді мүшесі ретінде ақынның 70 және 80 жылдық мерейтойларын ұйымдастыруға атсалысты. Сонымен қатар ақын Тоқаш Бердияровтың 90 жылдық мерейтойын өткізуге үлес қосты.
Ақынның өлеңдеріне Арайлым Саттарова, Әбіләзім Жаншуақов және Сәрсен Ахметов секілді композиторлар ән жазған.
Марапаттары «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалі. «Сарыағаш ауданының құрметті азаматы». Әдебиет пен журналистика саласындағы бірқатар ведомстволық марапаттардың иегері.
Дереккөздер
Санат:Беруни ауданында туғандар Санат:Қазақ ақындары Санат:Қазақстан журналистері Санат:Сарыағаш ауданының құрметті азаматтары Санат:Қарақалпақстанда туғандар