Jacksepticeye (; шын аты — Шон Уильям Маклоклин (); 7 ақпан 1990, Балликамбер, Ирландия) — ирландиялық видеоблогер, продюсер, ойын комментаторы, YouTube-тегі осы аттас арнаның авторы. 2023 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша оның арнасында 30 миллион жазылушы және 16,4 миллиард қаралым бар.
Жеке өмірі 1990 жылғы 7 ақпанда Ирландияның Ленстер провинциясы, Оффали графтығындағы Балликамбер ауылында дүниеге келген. Отбасындағы ең кенже бала, оның екі ағасы мен екі әпкесі бар. Анасы — Айден Маклоклин (туған 1969).
Бала кезінен бастап бейнеойындарға әуестене бастады. Жасөспірім шағында Шон «Raised to the Ground» деп аталатын инди-хэви-метал тобының барабаншысы болды. 2000 жылдардың соңында ол орта мектепті «Музыкалық технологиялар» мамандығы бойынша тәмамдады.
Арна атауының шығу тегі Ирландияда «Джек» есімі «Шон» есімінің кең таралған лақап аты болып табылады, сондықтан анасы мен достары оны осылай атайтын. Ал «Septiceye» атауы мектепте болған бір оқиғадан кейін пайда болды: футбол ойнап жүргенде біреу Шонның самайына доппен тигізеді, содан кейін оның көзі қорқынышты күйге түседі. Джектің айтуынша, жара біраз уақыт бойы қан ағып, бірнеше аптадан кейін инфекция түскен. Осыдан кейін достары оны «Джек», ал кейбіреулері «Septiceye» немесе бірден екі лақап атымен де атай бастады. Осы екі лақап аттың бірігуі — «Jacksepticeye» — арнаның жаңа атауына айналды (септик — бұл жүйелі инфекцияға қатысты қолданылатын медициналық термин).
Арна тарихы 2007 жылдың 24 ақпанында Шон YouTube-те аккаунт ашты, бірақ өзінің белсенді ютуберлік қызметін тек 2012 жылдың қарашасында ғана бастады. Ол өз арнасын «jacksepticeye» деп атады. Ең алғашқы жүктелген видеосы «War Has Changed — Solid Snake Impression — MGS4 Intro» болды. Видеоларының негізгі тақырыбы ретінде Шон летсплейлер түсіруді жөн көрді. Алғашқы уақытта Шон «Far Cry 3», «Dark Souls», «Battlefield 3», «Warframe» және басқа да көптеген ойындар бойынша летсплейлер жасады. 2017 жылы шыққан өз видеоларының бірінде Джек бастапқыда бұл арнаның пародияларға арналуын қалағанын түсіндіріп өтті.
Battlefield 3 ойынын ойнап жүріп, Джек интернеттен кеңестер іздестіріп, «LevelCapGaming» арнасына тап болады. Сондай-ақ Джек өз арнасын ашуға үлкен шабыт берген Markiplier мен PewDiePie-дың да адал жанкүйері еді. YouTube платформасында төл контент шығарудың нағыз «жұмыс» екенін түсінгеннен кейін, ол колледжде білім алып жүргендіктен видеоларды тек анда-санда ғана түсіріп тұрғанына қарамастан, дәл осы іспен айналысуға бел буады. Марк (Markiplier) Джектің видеоларының көңіл көтеруге таптырмас туындылар екенін айтып, Твиттерде жазба қалдыру арқылы оны байқайды.
Шон 2013 жылдан бастап жаппай танымалдылыққа ие бола бастады, өйткені дәл осы жылы ол Феликстің (PewDiePie) арнаны ілгерілету байқауында жеңіске жетті. 2014 жылдың 20 тамызында Шон 1 миллион жазылушы жинай алды.
2012 жылдан 2014 жылға дейін Джек ата-анасының қасында, ауылдық жердегі лашықта тұрды, бұл видеоларды жүктеуге кедергі келтіретін интернет байланысы мәселелеріне әкеп соқтырды. Джек камераны микрофон ретінде пайдалануға мәжбүр болды және өзін мазақ қылады деп қорқып, американдық болып кейіп танытып, өзінің ирландиялық екпінін жасыруға тырысты. 2018 жылдың мамыр айында өткен тікелей стримінде Джек сол уақытта мемлекеттік жәрдемақымен күн көріп жүргенін және ешқандай досы болмағанын айтты.
2014 жылы ол интернетке жақсырақ қол жеткізу мақсатында Атлон қаласындағы пәтерге көшіп барды. Ол 2014 жылы колледжді бітіріп, қонақүй менеджменті саласындағы дәрежеге ие болды. 2016 жылы Робин Токарды (Джектің досы, аниматор және монтажшы) редактор ретінде жұмысқа жалдады.
Джек негізінен әртүрлі ойындарға — инди-ойындардан бастап хоррорларға дейін назар аударады, бұл ретте кейде олардың алдағы ресми шығарылымдарын ойнаса, кейде влогтар да түсіріп тұрады.
2020 жылдың 15 маусымында өзінің Top Of The Mornin Coffee жеке кофе компаниясын іске қосты.
Қайырымдылығы Джек жыл сайын және ай сайын қайырымдылық стримдерін өткізеді. Мұнда бірнеше мысал келтірілген:
2015 жылдың қыркүйегінде Маркпен (markiplier) бірге Джек шашын жасыл түске бояды. 2016 жылдың желтоқсанында Джек Феликс, Марк, Эмма Блэкари және Пиджей Лигуоримен бірге #Cringemas аясында өткен «Revelmode charity holiday livestream» қайырымдылық стримінің бір бөлігі болды. Топ Gates Foundation қоры мен YouTube платформасының тиісті жарналарымен бірге #EndAIDS үшін 1,3 миллион доллардан астам қаражат жинады. 2017 жылдың желтоқсанында Джек Эмма Блэкари, Пиджей Лигуори, Итан Нестор, Робин Токар және Сину Хансенмен бірге Save The Children ұйымына қаражат аудару мақсатында ұйымдастырылған екі қайырымдылық стриміне қатысты. Екінші стримде Эмма қайырымдылық үшін 260 мың доллардан астам қаражат жиналғанын мәлімдеді. 2018 жылдың қаңтарында Джек American Foundation for Suicide Prevention ұйымы үшін 225 мың доллардан астам қаражат жинаған қайырымдылық стримін өткізді. 2018 жылдың ақпанында Джек екінші қайырымдылық стримін өткізіп, онда Depression and Bipolar Support Alliance ұйымына тағы 110 мың доллар жинап берді. 2018 жылдың сәуірінде Джек GameChanger қайырымдылық ұйымы үшін 150 мың доллардан астам қаражат жинады, бұл ұйымның мәлімделген мақсаты — «пациенттердің ойын ойнауға, білім алуға және араласуға мүмкіндіктерін кеңейту үшін технологиялар мен инновацияларды пайдалану» болып табылады.
Іс-шаралары Джек өзінің видеоларының арқасында кеңінен танылып, бүкіл әлем бойынша әртүрлі конвенцияларға, мысалы, 2015 жылғы «Indy Pop Con», 2015 жылдың желтоқсанында Англияның Бирмингем қаласында өткен «Insomnia 62» және Америкада жыл сайын ұйымдастырылатын «PAX East» пен «PAX West» шараларына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
2016 жылдың наурызында Маклоклин «South by Southwest» іс-шарасының қосымша жүргізушісі болды.
«Scare PewDiePie» интернет-сериалы екінші маусымға ұзартылғаннан кейін, Шон онда антагонистің рөлін сомдауға бел буды. Алайда бұл хикая 2017 жылдың наурыз айына жоспарланған тұсаукесеріне дейін-ақ тоқтатылып қалды.
2018 жылдың желтоқсанында Шон «The Game Awards 2018» марапаттау рәсімінің жүргізушісі болды.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:Летсплейшілер Санат:Бүркеншік есіммен танымал ютуберлер Санат:2012 жылы ашылған YouTube арналары