Қазақстандағы әкімшілік-аумақтық реформа 1997 жылы 22 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылды. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» заңға сәйкес бірқатар өзгеріс енгізілді: Көкшетау облысы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының арасында бөлінді; орталығы Талдықорған қаласы болған Талдықорған облысы Алматы облысының құрамына қосылды; Торғай облысы Қостанай облысының құрамына енгізілді; Жезқазған облысы Қарағанды облысының құрамына қайтарылды; ал Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамына қосылды. Реформа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі саясаттанушылар мен сарапшылар арасында, әсіресе Қазақстаннан тыс жерлерде, әртүрлі пікір туғызды. Бірқатар сарапшы, соның ішінде қазақстандық зерттеушілер де, облыстардың әкімшілік шекараларын өзгерту негізінен орыстар басым өңірлер мен қазақтар басым өңірлер арасындағы қалыптасқан этностық тепе-теңдікті қазақтар басым өңірлердің пайдасына өзгертуге бағытталған деп есептеді. Облыстардың шекараларын өзгерту этностардың қоныстану құрылымына бірден ықпал еткен жоқ. Дегенмен, республика ішіндегі көші-қон белсенділігі жоғары қалаланып (урбандалып) келе жатқан қазақтардың қоныс аударуы мен олардың табиғи өсімінің жоғары болуы бұл үдерісті жеделдетуге қолайлы жағдай қалыптастырды.

Салдары Қазақтар басым болған Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының құрамына қосылғаннан кейін, ондағы қазақтардың үлесі 48,5%-ға дейін өсіп, орыстардың үлесі 45%-ға дейін төмендеді. Солтүстік Қазақстан облысы ірілендірілгеннен кейін, ондағы орыстардың үлесі 65%-дан 49,8%-ға дейін азайды. Ірілендірілген Қарағанды және Ақмола облыстарында қазақтар мен орыстардың үлесі шамалас болды: тиісінше 43% және 37%. Қостанай облысының әкімшілік шекаралары да айтарлықтай өзгертілді. Оңтүстігінде негізінен қазақтар қоныстанған Торғай облысының қосылуы нәтижесінде Қостанай облысының аумағы өзгеше пішінге ие болды. Осылайша, реформадан кейін Қазақстанда орыстар айқын басым болған өңірлер қалмады. Сонымен қатар орыс тіліндегі жер-су атауларын қазақша атаулармен алмастыру ресми сипат алды. Реформаның салдары елдің өз ішінде де әртүрлі болды: Торғай облысының орталығы болған Арқалық облыс орталығы мәртебесінен айырылғаннан кейін, қала тұрғындарының едәуір бөлігі басқа жаққа көшіп кетті.

Тағы қараңыз Қазақстандағы әкімшілік-аумақтық реформа (1993) Қазақстан астанасын Ақмолаға көшіру Джерримендеринг

Дереккөздер

Санат:Қазақстандағы реформалар Санат:Қазақстан әкімшілік-аумақтық бөлінісінің тарихы Санат:Әкімшілік-аумақтық реформалар Санат:Қазақстан 1997 жылы Санат:Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі