Ирандағы қазақтар — Ирандағы қазақ халқы, негізінен елдің солтүстік бөлігінде тұрады. Қазақтар — елде ресми түрде танылған этникалық топтардың бірі. Қазір Иранда 5 мыңнан астам этникалық қазақ тұрады. Қауым балалары бүгінде алтыншы буынға жеткен.

Иран қазақтарының бастапқы тарихы Иран қазақтары 1929-1933 жылдар аралығындағы «Қызыл табан шұбырынды» кезінде Маңғыстаудан Түркіменстан аймағына өтіп, Иранның солтүстік шекарасындағы шағын қала Гомишан және Саллак ауылына барып табан тіреді. Гомишан мен Саллактын тұрғындары түгелдей түркімендер болатын. Аталмыш мекендер Иран жерінің «Түркімен сахарасының» батыс жағында орналасқан. Негізінде «Түркімен сахара» Иранның солтүстік пен солтүстік шығысын алып жатқан кең дала. Қазақтардың Түркіменстан арқылы қоныс тепкен уалаяты Мазандаран деп аталаған.

Сол жылдары шамамен бес жүз отбасы Иран шекарасынан өтіп, Горган қаласының Кордкүй, Бәндәршах (1979 жылғы ислам төңкерісінен кейін Бәндәр-Түркімен деп аталған) қалалары маңайындағы түрлі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, Беһшаһар мен Бәндәршах қалалар арасында салынып жатқан трасса мен темір жол құрылысында жұмысшы больш жалданды. Олардың жол құрылысында, ғимарат салу жұмыстарында жасаған еңбектері Иран өкіметі тарапынан ерекше бағаланды. Алайда жұмыс қиынға соқты. Жаңа ортаның табиғатына да үйренісе алмай, бастапқы жылдары қазақтар арасында өлім-жетім көбірек болды. Яғни, әрбір он кісінің алтауы қазаға ұшырап жатты.

Иран мемлекеті қазақтар көшкен 1929-1933 жылдары дүниежүзілік екінші соғыстың қарсаңында саяси-экономикалық шиленісті жағдайда еді. Иранның діншіл және ұлтшыл топтары саяси жолдармен және қарулы іс-әрекеттерімен де Иранды сыртқы күштердің ықпалынан аман сақтап қалуды көздеді. Иранның ішкі саяси шиеленісі экономикалық дағдарысқа негіз болды. Сонымен қатар ішкі қоғамдық тұрақтылықта бұзылған еді. Иран қазақтары талай жыл бойы туған жерден мүлде хат-хабарсыз күн кешті. Бірақ елді, атамекенді естен шығармады. Иран қазақтары бастапқы жылдары тек күнкөрістің ғана қамымен жүрді. Иран қазақтары балаларын 1950 жылдарға дейін мектепке беруге шамалары келмеді. Сауаттарын аша алмады. Тек 1950-ші жылдардан кейін есін жиып, әр түрлі жұмыстарға мамандану бастады. Олардың көбі машина жөндеу, құрылыс, көпір салу, жүк машинасын жүргізумен қатар егін шаруашылығымен де айналысты.

Иран патшасының Д.Қонаевпен кездесуінен кейінгі Иран қазақтарының жағдайы 1968 жылы сол кездегі Иранның патшасы Мұхаммед Реза Пәһлевидін Кеңестік Қазақстанга сапары кезінде Алматы қаласында республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың арнайы қонағы болды. Иран патшасы оны Иран еліне қонақ болып қайтуға шақырады. Бірақ, Қонаев ол кезде Иранға бару-бармау билігі Мәскеудің қолында екенін ескеріп, есесіне шахтан Ирак қазақтарының жай-күйін сұрайды. Патша, қазақтар туралы ешқандай мағлұмат білмейтінін айтып, барағаннан кейін олардың жәй-күйін білуге уәде береді. Дінмүхаммед Қонаев Ирандағы бауырларына сәлем жолдап, патшадан оларға оң көзбен қарауын өтінеді. Иран патшасы еліне оралысымен қарамағындағыларға қазақтардың тез арада мекен-жайын анықтауды тапсырады. Ақмолда Талиб-ол-Илім бастаған бір топ қария Тегерандағы «Ниявәран» сарайында патшаның қабылдауында болады. Патшаның ілтипатына бөлінген олар патшаны отбасымен қазақ ауылына қонақ болуға шақырады. Патшаның зайыбы Мəлике Фəрəһ қазақтардың имам Əбу-Ханифа атындағы Горган қаласында жаңадан салынған мешітіне кіріп, иран кілемін патшаның атынан тарту етеді.

Аталмыш оқиғалар қазақтарға жаңа бір серпіліс берді. Ақсақалдар қала, аймақ тіпті мемлекеттік шенеуніктердің көзіне ілініп, олардың ілтипатына бөлене бастады. Қазақтың аурушаң екі ұл-қызы қаражаттың жоқтығынан ем алуға дəрменсіз болып жүрген жерінен тегін емделуге жолдама алды. Азаматтық ала-аламай жүргендердің ісі жеделдетіліп азаматтық куəлікке қол жеткізді. Қазақтарға жер бөлінді. Қазақтардың жер шаруашылығымен айналысуына жол ашылды. Бай-ауқатты отбасылар көбейді. Жоғарғы оқу орындарына түсуге жаңа бір талпыныс пайда болды. Горган радиосының түркімен тілінде жарияланатын бөлімінде күнде бір жарым сағат қазақ əндерін əуе толқынына жібере бастады.

1970 жылдардан кейінгі Ирандағы қазақтардың жағдайы 1970 жылдары орта мектеп түлектері алғаш рет жоғары оқу орнына түсуге дайындық үстінде болды. Жастардың ғылым, білімге ден қойып, спорт саласына бет бұруы елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, Кайырбай Жеменей ауыр атлетикадан облыстық жене республикалық денгейде көптеген жылдар бойы жүлделі орынға ие болса, Әшім Жеменей гимнастика саласында бірнеше жүлде алып, парсы жұртына танымал болды. Әбубәкір Павиз (Әбіш) жеңіл атлетиканың әр түрлі саласы бойынша (найза, дискі лактыру, т.б.) республикалық оқушылар жарыстарында б алтын медаль алды. Олардың ізбасары Сафура Жеменей гимнастикадан республикалық оқушылар сайысында үшінші орынды иеленді. Кейінгі жылдары Маржан Жеменей шахматтан республика оқушылар арасындағы жарыста үшінші орынға қол жеткізді.

Қазақ футбол командасы екі миллион халқы бар Мазандеран облысының Горган ауданында үлкен жетістіктерге жетті. Ол талай рет аудан, аймақ көлемінде жүлделі орындарға ие болды. Есін жиған ел той-думанды дүркіретіп өткізетін халге де жетті. Осы жылдары қазақ қыздарының біразы мектепке бара бастады. Кеңестік Қазақстаннан «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Көксерек» фильмдері әкелініп, араб әрпімен Міржақып Дулаттың «Оян, казақ» кітабы, М.Әуезовтің «Қараш-қараш», Т.Ахтановтың «Боран», Ш.Айтматовтың «Жәмила», «Ақ кеме», «Ананың хикаясы», «Ғасырдан да ұзақ күн» еңбектері парсы тілінде кітапхана сөрелеріне түсе бастады.

1970 жылдардан кейін «Дос-Мұкасан» тобынын орындап жүрген әндері Иран қазақтарына да жетті. Олардың әндері көп сұранысқа ие болып, күйтаспага жазылып, ән сүйер қауымның сұранысын қанағаттандырды. 1977 жылдан бастап «Шалқар», қазір «Шалқар-2» деген атаумен шығатын газет қолдарына тие бастады.

1980-1990 жылғы қазақтар 1980-1990 жылдары Иран, Ауғанстан, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Еуропа елдеріндегі қазақтар бір-бірімен тығыз байланыста бола бастады. Кеңестік Қазақстандағы 1986 жылғы жастардың желтоқсан көтерілісі КСРО-дағы қайта құру саясаты шетел қазақтарына жаңаша ой салды. Ол ата-мекенге оралу еді. Аталмыш елдерде мүмкіндігінше жаңадан ресми - бейресми қоғамдар, ұйымдар не бас қосулар жиіледі. Барлық жерде қазақ салт-дәстүрін жаңарту, сонымен қатар атамекенмен байланысты күшейту жолдарын қарастыру болды.

1990 жылдар жаңа серпіліс кезеңі болып табылады. Иран елінің жоғарғы оқу орындарында қазактың жүздеген ұл-қыздары заманаға сай түрлі мамандықтар: математика, компьютердің түрлі мамандары, ауыл шаруашылығы, экономика, педагогика, қоғамдық білімдер, басқару мамандығы, кеме инженері, әдебиет, статистика, техника саласының бағыттарында оқи бастады. Бір легі мемлекетгің әр түрлі салаларында баскару денгейдегі қызметке қол жеткізді.

1992 жылдың қаңтар айының 29-шы жұлдызында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялык қатынастар елісіміне қол қойылды. Иранның тұңғыш елшісі Рәсул Ислами мырза 15 қыркүйек 1992 жылы ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім хатын тапсырды. 1993 жылдың қыркүйек-қазан айларында Иран елінің астанасы Тегеран қаласында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылып, елші ретінде Мырзагай Жолдасбеков қызметіне кірісті. Қазақстан президенті мен сол кездегі Иран Ислам Республикасының президенті Әли Акбар Хашеми арасында иран қазақтарының заңды түрде ата-мекеніне өз қалаулары бойынша көше алатындығы жөніндегі келісімге қол қойылды. Соның нәтижесінде 1995 жылдың күзінде Иран қазақтарының алғашқы тобы қазақ жеріне аяқ басты.

Дереккөздер

Санат:Иран этникалық топтары Санат:Қазақтар диаспорасы