Костенки тұрақтары – жоғарғы палеолит дәуірінен сақталған ескерткіштер, Дон өзенінің жағалауынан, Воронеж қаласының оңтүстігіндегі Костенки селосы маңынан табылған бір топ қоныс орындары. Алғаш рет 1879 ж. И.С. Поляков ашты. 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары П.П. Ефименко, 40 – 60-жылдары А.Н. Рогачев қазба жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда 20-дан астам қоныс орындары зерттелді. Костенки тұрақтарынан табылған бұйымдарға қарап, ғалымдар палеолит дәуіріндегі баспана түрлерін анықтады, кейінгі палеолитті мерзімдеу мәселелерін шешті. Кейбір тұрақтарда бірнеше мәдени қабаттар сақталған. Костенки-1-ден бес мәдени қабат анықталды. Жоғарғысынан ошақ орны бар үлкен үй (көл. 3515 м), көптеген жертөлелер мен шаруашылық шұңқырлары аршылып, жануарлар сүйектерінен және тастан жасалынған бұйымдардан басқа 40 шақты әйел мүсіндері теріліп алынған. Костенки-2-ден мамонт сүйектерінен құрастырылған үй орны (көл. 78 м) мен оның маңындағы моладан жүресінен отырғызылып қойылған қарт адамның сүйегі шықты. Костенки-3 екі мәдени қабаттан тұрады. Үстіңгісінен диаметрі 6 м шамасында екі қоныс орны, төменгісінен ұзынша келген екі баспана аршылып, олардан тастан, сүйектен жасалынған еңбек құралдары (сүңгі мен найза ұштары, қалақша, балта, сүргі, біз, ине), әйел, аң мүсіндері табылды. Костенки-15-тегі жер үй қалдықтарынан да осындай құралдар, әшекейлер шыққан. Одан 6 жас шамасындағы баланың мүрдесі, тас және сүйек заттар алынды. Костенки тұрақтары ескерткіштерін зерттеуге Қазақстан ғалымы Х.А. Алпысбаев та қатысты.
Пайдаланған әдебиет Ефименко П.П., Первобытное общество. 3 изд., К., 1953;
Рогачев А.Н., Александровское поселение древнекаменного века у села Костенки на Дону, М. – Л., 1955;
Алпысбаев Х.А., Позднее палеолитическое поселение Костенки ҚҚ, Л., 1958;
Борисковский П.И., Очерки по палеолиту бассейна Дона, М. – Л., 1963.
Д. Байгунаков
Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том
Санат:Тарих