Сарыағаш– аудандық «Сарыағаш» қоғамдық-саяси газеті
Басылымның алғашқы саны жәдидше, яғни араб қарпімен «Ленин жолы» деген атаумен, аптасына бес күн бойы жарық көріп тұрды.
Еліміздегі әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты, 1929 жылы 1 шілдеде Сырдария округі партия комитеті, атқару комитеті мен кәсіпшілер кеңесінің «Ленин жолы» газетінің №1 саны шықты.
Ауданымыздың тарихын зерттеуші Жақыпбек Аяшев басылымның шығу төркініне байланысты мынадай дерек қалдырған: 1928-1929 жылдары Келес аудандық партиясының хатшысы болған Серікбай Қырғызбаев деген кісі болған екен. Жақыпбек ағай Серікбай атадан аймақтың өткен тарихын білу үшін арнайы барып жолыққан. Сонда газетті аудан басшыларымен келісе отырып шығарып, атын «Ленин жолы» қойғанын, оған Ташқазақ уезінің іргетасын қалаған Исмайыл Садырбеков, Әбдірахман Шыршықбаев, Мәкен Полатқожаев, Құрбан Шоқанов, Сансызбай Сағындықов және ақындар Омарбай Малқаров, Орал Қалдыбаевтар атсалысқанын әңгімелеп берген.
Газет атауы 1962 жылы мамыр айынан бастап «Қызыл ту» болып өзгерді. Араға бір жыл салып, 1963 жылы 18 сәуірде «Қызыл ту» ауданаралық газетінің жанынан орыс тіліндегі «Красное знамя» газетін шығару жөнінде шешім шықты.
Тәуелсіздік алған соң, «Қызыл ту» газеті аудан атымен сәйкестендіріліп, «Сарыағаш» болып атауын өзгертті. Деректерге сүйенсек, 1993-1994 жылдары орыс тіліндегі газет толығымен жабылған.
Газеттің тарихында К.Ғабдуллин, С.Көшербаев, К.Дулатбаев, М.Мамедалиев, Ә.Қалымбетова, М.Оспанов, Ә.Оспанұлы, Б.Дінәсілов, К.Балықбаев, Қ.Қыстаубаев, М.Бекеевтер редактор болып қызмет етті. 2021 жылдың аяғында газеттің жекешелендірілуіне байланысты Жаппар Саламат Әбдісәттарқызы басшылықты өз тізгініне алып, бас редактор болып Базаркүл Әжіханова тағайындалды.
Ал қазіргі таңда Бақдәулет Айдағараев бас редактор қызметін атқаруда.
Мұнда ақиық ақын Төлеген Айбергенов басылыммен тығыз қарым-қатынаста болып, шығармашылығын жарқырата көрсетті. Сондай-ақ Немат Келімбетов, Зәкір Асабаев, Мейірбек Ақынбеков, Рахима Шораева, Ханбибы Есенқарақызы, Әмзе Қалмұрзаев, Асхан Майлыбаева, Әбілсапар Тұрғынбаев, Берік Тұтқышұлы, Шәкір Қайназаров, Нұржан Үсенов, Қадыр Зиябеков пен Қалу Байғұлов т.б. көрнекті тұлғалар жұмыс істеген. Сондай-ақ Мұратбай Бекеев, Сәуле Жолдықараева, Базаркүл Әжіханова, Зухра Қамбарова, Гүлбахар Тағаева, Мұхтар Жандиллаев, Халық Қожатаев, Болат Иманбаев, Асылхан Мадалиев, Әлия Әуесбекова, Данияр Моллабаев, Бекжан Жандиллаевтар да осы газетте қызмет еткен.
Қазіргі таңда Саламат Жаппар басшылық ететін газет ұжымында Бақдәулет Айдағараев, Балнұр Оспанова, Нағима Темирова, Майра Нұрмахан, Жармахан Әбіләзімұлы, Сұлухан Мыңбаева секілді мамандар жұмыс істейді.
Газет тарихында Кеңес Балықбаевтың алар орны ерекше. Олай дейтініміз, Ғасырлық тарихында газетті 40 жылға жуық басқарған жалғыз басшы болды.
Газет 8 бет болып аптасына бір рет шығады. Қазақ Энциклопедиясы, 7 том
Дереккөздер
Санат:Түркістан облысы газеттері Санат:Қазақ тілді газеттер