Қазақстан азаматтық партиясы – қоғамдық-саяси ұйым.

Тарихы

Құрылтай съезі 1998 жылы 17 қарашада Ақтөбе қаласында өтті. Съезде партия жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, бірінші хатшысы болып А.Перуашев сайланды. 1998 жылы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелді.

Партия демократиялық құқықтық мемлекет құру, азаматтық қоғам институттарын қалыптастыру, Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің нығаюы мен дамуына ықпал ету мақсатында қызмет етті. Қазақстан азаматтық партиясы мүшелерінің басым бөлігі – металлургия өнеркәсібі мен тау-кен өндірісі кәсіпорындарының қызметкерлері мен жұмысшылары, инженерлік-техникалық мамандар. Партияның басшы органы – ОК. Қазақстанның барлық облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында өкілдіктері жұмыс істеді.

1999 жылы Парламент сайлауында сайлауға қатысқан сайлаушылардың 12% дауысын жинап, партия 7%-дық межеге жетті. Екінші сайланған Парламентке Қазақстан азаматық партиясынан барлығы 18 депутат сайланды (Сенатқа – 2, Мәжіліске: партиялық тізім бойынша – 2, бір мандатты округ бойынша – 14). Партия Ресейдің “Наш дом – Россия” партиясы, “Ресейлік Өмір партиясы”, Украинаның “Батьковщина”, Қытайдың коммунистік партияларымен байланыстар орнатқан. Қазақстан Республикасының 2002 жылы 15 шілдеде қабылданған “Саяси партиялар туралы” Заңына сәйкес 2003 жылы 10 қаңтарда Әділет министрлігінде қайта тіркеуден өтті. Партияның 100 мыңнан астам мүшесі болды.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, V том

2002 жылғы 7 желтоқсанда Павлодар қаласында өткен Қазақстанның Азаматтық партиясының съезіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Президент съезд делегаттарымен кездесіп, қысқаша баяндама жасады.

2004 жылғы парламенттік сайлауда Азаматтық партия Қазақстан аграрлық партиясымен бірлесіп, «Аграрлық-индустриялық еңбек одағы» атты сайлау блогын құрды. Сайлау нәтижесінде бұл блок партиялық тізім бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде бір мандатқа ие болды.

2005 жылғы 23 қыркүйекте Павлодар қаласында партияның кезектен тыс VI съезі өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, партия 2005 жылғы президенттік сайлауда Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтынын ресми түрде мәлімдеді.

2006 жылғы 10 қарашада Астанада партияның VII съезі өтті. Съезге Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жиында 300-ден астам делегат Қазақстанның Азаматтық партиясының билеуші «Отан» партиясымен бірігуін қолдап дауыс берді.

Дереккөздер

Санат:Қазақстан бұрынғы саяси партиялары