Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев (1 сәуір 1925, Шилікемер, Іле ауданы, Алматы облысы – 15 қазан 1998, Алматы) — қазақтың кеңестік күйші-композиторы, дирижëр, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі (1975), КСРО халық әртісі (1984), Қазақстан Халық Қаһарманы (1998).
Өмірбаяны Шапырашты тайпасының Шам руынан. Туып өскен жері - Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырақ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваториясының дирижëрлік факультетін (профессор Николай Аносовтың сыныбы бойынша) бітірді. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961) дирижëр; Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) бас дирижер және көркемдік жетекшсі. 1964-1968 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының директоры. 1968-1981 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижëр қызметін атқарды. Жары - Дариға Тілендікеліні - (актриса). Қызы - Дінзуһра (Динара) Тілендиева (дирижëр). Немересі - Даяна Тілендиева.
Туындылары Нұрғиса Атабайұлы қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижëр, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет. Сүйікті шығармаларынан: «Достық жолымен» (1958) «Менің Қазақстаным» контатасын (1959) Қ. Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961) «Ата толғауы» оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962) «Халық қуанышы» (1963) «Қайрат» (1964) «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу» «Аңсау» «Арман» «Ата толғауы» «Әлқисса» «Қорқыт туралы аңыз» «Көш керуені» «Махамбет» «Алтын дән» «Боорлаштарым» (Бауырларым) «Фараби сазы» сияқты күйлері. «Ақ шағала» «Сарыжайлау» «Алатау» «Ақжайық» «Ақ құсым» «Асыл әже» «Жан сәулем» «Кел еркем Алатауыма» «Құстар әні» (Құстар қайтып барады) «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Нұрғиса Атабайұлы музыкасын жазған М. Әуезовтың, Ш. Аймановтың, Т. Ахтановтың, Ә. Тәжібаевтың пьесалары, сондай-ақ: «Қыз Жібек» «Қилы кезең» «Менің атым Қожа» «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналған.
Ол Абайдың: «Әсемпаз болма әрнеге...» «Жасымда ғылым бар деп ескермедім...» «Ішім өлген, сыртым сау...» «Қызарып, сұрланып...» өлеңдеріне ән шығарған. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын»
Сонымен қатар қазақ ақындарының өлеңдеріне: «Ғашыққа мойын қой» «Абай арманы» «Әйгерімнің әні» «Ақынның пайғамбары - Абай ата» әндерін жазды.Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
Музыкалық мәдениет Нұрғиса Атабайұлы қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырыпсалмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл ретте, Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті. Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, салсерілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.
Толығырақ Н. Тілендиев тұңғыш рет қазақтың төл музыкасын төл аспаптарымен оркестрлік үлгіде дыбыстау арқылы, әрі қалай дамытудың тамаша үлгісін көрсетті. Енді, орындаушы Нұрғиса, яғни домбырашы Нұрғиса туралы. Қашанда айғақсыз деректің бәрі қиялмен қоңсылас, болжаммен кіндіктес. Айғақты дерек атаулы шын тарихтың тапжылмас іргетасы. Қазақ маңдайына біткен ұлы күйші – композиторлардың, шүкір қатары қалың. Бүгінге жеткен күй мұрасына да кенде емеспіз. Дегенмен, сұлулыққа іңкәр көңіл кейде қиялдайды: шіркін – ай, осынау құдірет күйлерді сол шығарушы құдіреттердің өзі қалай тартты екен деп. Өкініштісі, арыдағы дәулескер күйшілерден жеткен «қолтаңба» жоқ. Қолдан – қолға көшіп жеткен күйлеріне қанағат. Домбырашы – орындаушылық өнерді көксегенде де, сол көненің күйлерін көкірегіне қонақтатып, бүгінгі күнімізге жеткізген саңлақтардың өнеріне жұбанамыз. Жай ғана жұбанып қоймаймыз, орындаушылық ұлы дәстүрдің жығасы қисаймай, барша сән – салтанатымен, барша шеберлік – шалымымен жеткеніне де күмәнсіз сенеміз. Сендірмей қоймайтын құдірет – бүгінгі күй құмар қауым Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Әбікен Хасенов, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Нұрғиса Атабайұлы, Мағауия Хамзин, Ырысбай Ғабди, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқали, Талас Әсемқұлов, Шәміл Әбілтай, Секен Тұрысбек, Сыматай Үмбетбай, Мұхаметжан Тілеухан сияқты күйші – орындаушылықтың жылжыған жорғасы мен жылмиған жүйріктерін естіп – көріп отыр. Бұлардың әр қайсысы бір – бір мектеп, әр қайсысының саусағына ілесіп сан ғасырдың шеберлік – шалымы жеткен. Сонан соң, бұлардың бәрі де жай ғана жаттап тартатын жайдақ орындаушылар емес, күйші – орындаушылар. Яғни, күй туындататындар, содан да, олар тартатын күйінің ішіне түсіп, кейіпкеріне айналып тартады. Олар арыдағы құдірет күйшілердің өзі тіріліп келіп тыңдаса, өкіндірмейтін дүлдүлдер. Міне, осындай дүлдүл орындаушылардың бірі ғана емес, бірегейі – Нұрғиса. «Солақайдың сойынан сақтан» дегендей, Нұрғиса солақай домбырашы болған. Мұның өзі оң қол саусақтарының пернелерге қапысыз қадалатын икемділігін пайдаланып, мөлдір дыбыстар шығаруына дес берген сияқты. Ол бар айтарын домбыра арқылы жеткізген қайталанбас домбырашы.
Күй сезіну Қазақ домбырашылары күй өнерін көз арқылы, қол арқылы және құлақ арқылы жұғады деп отырады. Осылардың ішінде күйді құлақпен сіңіретіндердің жөні бөлек. Себебі, көз – көргенінен танбайды, қол – ұстағанынан – айырылмайды. Яғни, күйді көз бен қол арқылы жұғысты еткендер, әдетте, қасаң қайталаушылыққа ұрынады. Ал, құлаққа сіңген күй, сөз жоқ, санаға да сіңеді. Санаға сіңген күй жүректі тербеп, жүрекпен тартылмақ. Нұрғиса болса, күйді құлақпен сіңіріп, жүрекпен тартатын домбырашы. Оның тартқан күйлері жүректен шыққан соң да жүректерді баурап жатады. Нұрғиса домбырашы – орындаушы ретінде қазақтың күйшілік мектептеріне тән төл ерекшеліктерді терең танып – түсінген; сол танып – түсінгенін дыбыстай алар әдіс–тәсілдерді қапысыз меңгерген. Ол Алтайдың тік күйлерін, Арқаның қоңыр күйлерін, Сыр бойының бойлауық күйлерін, Жетісудың жайсаң күйлерін, Атыраудың адуын күйлерін тартқанда, солардың қай–қайсысының да әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай, сәні мен салтанатын келістіріп тарта алған санаулы ғана саңлақтардың бірі. Егер Нұрғиса композитор да болмай, қоғам қайраткері де болмай, тек қана домбырашы – орындаушы болса, ол сонда да қазақтың мәдени – рухани шежіресіндегі көрнекті тұлға ретінде төрден орын алар еді.
Дарын Тілендіұлы Нұрғисаның бойындағы осындай Тәңір дарытқандай көп қырлы, алуан сырлы аста–төк дарынның сыр–себебі кім–кімге де ден қойдыртса керек. Әрине, ондай сыр–себептің негізі қашанда туған топырақ, шыққан тек, өсіп-өнген ортамен кіндіктес. Бұл ретте, Нұрғисаны жарық дүниеге келген сәттен бастап–ақ әнге бөлеп, жырмен құндақтап, күймен тербеткен Жетісудың өнерпаздық дәстүрін тағдырлы себептің зоры десе жөн. Мұндайда көктей шолып болса да, Жетісудың өнер мектебіне тұғыр болған тұлғалардың атын атап, түсін түстеп өті қажет. Бұл ретте, әрине, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Бақтыбай, Бармақ, Үмбетәлі, Қалқа, Кенен, Қуат, Балтағұл, сияқты айыр көмей ақындар, Кебекбай, Сапақ, Ноғайбай, Бөлтірік сияқты от ауызды, орақ тілді шешендер, Қанадан, Байсерке, Бердібек сияқты дәулескер күйшілер, Дәурен сал, Қырмызы, Жидебай, Балқыбек сияқты толлықсып–бұлықсыған сал–серілер, Ұлбике, Әлмен, Ақкүміс, Ләтипа, Жаңылдық сияқты жезтаңдай қыз–келіншектер алдымен еске түседі. Олар қалыптастырған ұлы өнер мектебі, ұлағатты өнеге Нұрғисадай туа біткен дарынды жөргегінде тыныш жатқызуы мүмкін емес еді. Осы орайда, Нұрғисаны ақ көйлекпен туған, ақжолтай жан деуге болады. Ол өнерпаздықтың ұлы дәстүрін талбойына сіңірген әкесі – Тілендінің бауырында өсті. Тәңірдің тіліндей күй сарындарын әке алдында отырып бала көкірегіне қонататты. Нұрғисаның анасы Салиха әйгілі Кенен ақынның қарындасы, ол кісі де төңірегін әншілігімен тәнті еткен. Сол кісінің сызылта салатын сұлу әндеріне бала Нұрғиса жан–жүрегін тербелтіп өсті.
Мүшел жасқа толар–толмас кезінің өзінде–ақ ауылындағы қазақ пен қырғыздың, орыс пен татардың музыкалық аспаптарын тегіс қолынан өткізіп, алуан түрлі ән мен күйді құйқылжыта тартқанда ауыл–аймағы аузын ашып, көзін жұматын болды. Есейе келе Нұрғиса әншіліктің ақиығы Кененнен бата алып, жыр жампозы Жамбылдың сарқытын ішті. Мұның бәрі де Нұрғиса өнерпаздығының себепшісі, бастау бұлағы деуге әбден болады. Алайда, үлкен өнердің сара жолына қадам бастыртқан, тағдырдың жазуындай орайлы сәтке Нұрғиса он төрт жасында кезікті. Кезігушісі – қазақ музыкасына пайғамбардай шапағаты тиген әйгілі Ахмет Жұбанов еді. Жеті қабат жер астынан жаңа ғана бұлқынып шығып, булыға ағып, енді ғана жүлге тарта бастаған кәусар бұлақтың тегеурінін жазбай танитын қарт бағбан сияқты, бала Нұрғисаның бойындағы бұла дарынды дана Ахмет те бірден таниды. Таниды да, Нұрғисаны қолынан жетектеп алып келіп, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына қосады. Бұл, жазмыш дегенді қойсайшы, оркестр құрамындағы өңшең дәулескер домбырашылардың ішінен домбырашылықтың дүлдүлі Қали Жантілеудің оң жағынан Нұрғисаға орын тиеді. Қалидың алдын көрген құйма құлақ Нұрғиса кешікпей–ақ, бұрын күйді қызығып тартса, енді күйді құнығып тартатын болады, бұрын күйді еліріп тартса, енді күйді елігіп тартады. Міне, осының бәрі де Нұрғиса әлеміне тапжылмас тұғыр болды, осының бәрі де Нұрғиса дарынының сарқылмас қайнар көзі еді.
Тілендіұлы Нұрғиса өзінің барша қабілет – дарынын халқының рухын асқақтатуға арнады. Бұл жолда ол халқымен етене тіл табысып, халқының сырласы да, мұңдасы да бола алды. Оның музыкасы баланың да, дананың да жүрегіне жол тауып, дүйім жұрттың рухани жан серігіне айналды. Ол атақ – даңқ іздеген жоқ, атақ – даңқ оны іздеп тапты. Қазақстан композиторларының ішінде тұңғыш рет Халық қаһарманы атағын алды. Кез – келген кесек дарынның күмәнсіз орындалатыны сияқты, бұған дүйім жұрт қалтқысыз көңілмен қуана қол соқтырған Нұрғисаны біртуар дарын, қайталанбас тұлға ретінде көзінің тірісінде – ақ әйгілі замандастары бірауыздан мойындады. Олар Нұрғисаны мақтаған жоқ, халықтың мәдени – рухани өміріндегі құбылыс ретінде Нұрғисамен мақтанды.
Ұлылардың сөзі Жамбыл Жабаев : Дінмұхамед Қонаев: