Қандауыр () – сұңғыла тұқымдасына жататын бір жылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Жерорта теңізі маңында 30-ға жуық түрі таралған. Ал Қазақстанда Балқаш – Алакөл атырабында, Алтайда, Жетісу (Жоңғар), Іле, Күнгей, Теріскей Алатауларында, Кетпен жотасы және Батыс Тянь-Шаньдағы далалық, шабындық жерлерде, жол бойларында, арық, көл, өзен жағалауларында өсетін 1 түрі – кеш қандауыры (Odontіtes serotіna) бар. Биіктігі 10 – 55 см, сабағы тік, жапырағының шеті тегіс немесе иректелген, бұтағы 4 қырлы, жапырағының ұзындығы 1,5 – 2,5 см, ені 0,2 – 0,6 см. Тостағанша жапырақтары қоңырау тәрізді, 4 тісті болады. Күлтесі қос ерінді келеді. Гүлі ұсақ қызғылт күлгін түсті. Аталығы – төртеу. Шілде – қыркүйек айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі ұзынша келген қорапша (ұзындығы 5 – 8 мм). Қандауыр – ауыл шаруашылық дақылдарына үлкен зиян келтіретін жартылай паразит өсімдік. Әсіресе жабайы және екпе астық тұқымдас өсімдіктердің тамырын зақымдайды. Қандауырды жою шаралары: егістік жерді сыдыра жырту, сүдігер жерді (зябь) ерте жырту, шабындықты ерте шабу, гербицидтерді қолдану.Қазақстан Республикасының табиғаты 3 том, 2 бөлім
Дереккөздер
Санат:Сұңғыла тұқымдасы