Көкірек көзі Абайды түсіну үшін оның жүрегінің түбіне терең бойлай білу шарт. Өз заманынан озған, ұрпақтармен бірге жасасып келе жатқан жұмбақ жанның алтын сандығы сонда ғана ашыла түссе керек. Адамға жақсылық жасау жанына жат, жамандыққа келгенде жанып түсетін сотқарлары көп, сайрап жатқан оң жол былай тұрсын, соқпағы да жоқ жерде мыңмен жалғыз алысып өткен алыптың қасиетті тұлғасы жаңа ұрпақтармен бірге жасарып, зорая береді.

Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың қаруы, «сөз патшасы, сөз сарасы» - өлең еді. Ол өлең арқылы адамның санасына сәуле түсіріп, адамды, адам арқылы заманды түзетпек болды. Тіршілік тауқыметі қашан да бастан асып жатады. Оның ауыртпалығы кей адамның еңсесін езіп, жігерін құм қылады. Міне, сондайда бір мезгіл көңіл көтеріп, бой сергіту ушін ермек қылатын ертегі, аңыздар да, баяндайтын оқиғалары қызықты өлең-жырлар да керек. Бірақ Абайдың арманы ол емес. «Көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі беру. Бұған қарағанда ол өлеңді жалпыға арнап емес, сол жалпының ішінен бөлініп шыққан жалқыларға арнап жазған сияқты. Бұл сөзді тасыр ұқпай, талапты ғана ұға алатынын да ашып айтқан. Ол өлеңін негізінен «көңілінің көзі ашық» сергек жастарға арнаған. Абай - бұл жалғанда жалғыз ғана молшылық бар екенін, ол молшылық дегеніміз ақыл екенін жақсы білген ғұлама. Өйткені, жер басып жүрген жұмыр басты, екі аяқтылар арасында менің ақылым аз деп мойындаған пенде жоқ. Ендеше Абай сөзін олардың ақылын молықтыра түсуге, адасқан тұсын көрсетіп, оң жолға салуға арналған деп қарастыру ләзім.

«Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ...»

Жаратушы Құдай адам баласына жалған дүниенің жарығы - күнді, алқара көк ормандар мен ақселеулі даланы, қарлы шыңдары аспанмен таласқан тауларды, ағысы қатты өзендер мен толқындары тулаған шалқар көлдерді, оларды мекендеген аңдар мен құстарды көрсін деп басына екі көз берген. Дүниенің сыртқы түрін көретін мұндай көз аңдар мен құстарда да, жан иелерінің бәрінде де бар. Адам болған соң олар бір-бірімен өзара қатынасып, қауымдастық құрған соң оның тіршілік заңдары - әдет-ғүрыптары қалыптасады. Адам қаншалықты көп болса да бір-біріне ұқсамайды. Сол сияқты олардың мінез-құлықтары да, іс-әрекеті де әр түрлі болып келеді. Осыған орай адамдар арасында алуан түрлі жақсылық пен жамандық жарыса жасалып жатады. Жақсылықтан қалай үйреніп, жамандықтан қалай жиреніп, безуге болады? Жақсы өмір сүріп, жақсы ұрпақ өсіру үшін кәсіп істеп, жер-анадан керегіңді ала білу керек. Кәсіптің де кәсібі бар. Бірі пайда берсе, бірінен еңбегің қайтпай, зиянға белшеңнен батып қаласың. Әр нәрсенің сыртқы түрі, ішкі сыры, мән-мағынасы бар. Өмір асау өзендей мың бұралып ағып жатыр. Оның түбінде не бар? Міне, солардың бәрін көріп, тұсіну ушін бастағы екі көз жеткіліксіз. Замана ағымын өмірдің алуан түрлі құбылыстарын көкірек көзімен ғана көріп, санаға салғанда ғана түсінуге болады. Абайдың мақсаты да осы - қандастарының көкірек көзін ашу болған. «Мақсатым... наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» деп жазғаны да сондықтан. Қазақтың көкірек көзі еркін ашылмағандықтан көрген қорлығы көп. Көшіп-қонуы көп, басқа кәсіпке уақыты да, құлқы да жоқ болғандықтан табысы тапшы, күн көрісі аса қиын болған. Ауызы тұшынып дәмді ас іше алмаған кедей-кепшік тамақ іздеп жалақтап, бір тойсам деп армандаумен күн кешкен. «Бір тойған шала байлық» деген сөз содан шықса керек. Жасында уызға жарымаған, есейе келе тамақ тапшылығынан бір ішек болып қатып қалған адамның байлық туралы ұғымы бір тойғаннан әрі аса алмаған ғой.

«Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей,

Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.

«Бір тойған шала байлық» деген қазақ ет көрінсе қайтеді күйсей бермей.

Еңбек жоқ, қаракет жоқ қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?

Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,

Ол немене тоқтықтың әсері емей.

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,

Тәтті, дәмді іздер ең одан да әрман...»

«Бір тойған шалабайлықтың» шығу, таралу, қазақ атаулының аузында жүру себебі бізге белгілі. Одан кейінгі «Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді, ол немене жоқтың әсері емей» дегенді қалай түсінеміз? Барлықты, артықшылық, астамшылықты көрсетіп тұрған сөздің жоқшылықтың әсері болып шыға келгені қалай? Мал құралуы қиын да болмас. Малы тез өсіп, тез байығандар аз емес. Бірақ сол малды жазда жайып, қыста тебіндетіп бағатын жер қайда? Шөбі шүйгін, суы нәрлі жер атаулыны орыс отаршылдары тартып алған да казак-орыстар мен қара шекпендерді қоныстандырып қойған. Шөп шабайын, қысқа қам жасайын десе өнімді шабындығы жоқ. Азды тірнектеп жинап алуға мал соңына еріп салпақтауға әбден үйреніп алған қазақтың мойыны жар бермейді. Өстіп жүріп он шақты жыл бойы ішпей- жемей жинаған малы бір жұтта жоқ болады. Содан кейін «ет қайда? Қымыз қайда?» деп кім сұрайды. «Бір тостаған қымызды кім береді?» деп жер ошағынан түтін шыққан, күмпілдеп саба пісілген үйлердің тамағынаң дып тентіреумен күн өткізген. Ертеңгі, арғы күндерді көретін көкірек көзі ашылмаса, оның қамын ойлайтын, игі іске талаптандыратын санаға сәуле түспесе сөйтпей қайтеді. Еңбексіз, қаракетсіз қазақ кедей болмағанда басқа кім кедей болады. Демек, кедейлік дегеніміз жалқаулық, енжарлық, ынтасыздық, үй іші, ұрпақ алдында жауапсыздық, түптеп келгенде қылмыс екенін кім білген. Абай соны көзге шұқып көрсетіп, құлағына құйып, санасына сәуле түсіру арқылы көкірек көзін ашу ушін кедейге арнап айтып отыр. Көңіліне қарамаған:

«Еңбек жоқ, қаракет жоқ қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?..» -

деп, айыбын бетіне шыжғырып басқан. Солай. Ет пен қымыздан асқан тамақ жоқ деп жар салғанымыз өз алдына, оларға жететін де тамақ жоқ деп лепіріп жүргеніміз басқа тамақтың жоқтығын, бар болса оны алып ішіп-жеуді білмеген дәрменсіздігімізді айтып зар жылағандық деп ұғынсақ жарар. Одан әрі Абай:

«Ет, қымыз, тамақ болса әркімге арзан,

Тәтті, дәмді іздер ең одан да әрман...» -

деген ғой. Осы бір жолдарды қайталап оқып, оған көкірек көзімен қарасақ көп сыр аңғаруға болады. Адамзат қауымы екі емшекті тел еміп ержеткен. Оның бірі мал емшегі де, енді бірі жер емшегі. Қазақ мал емшегін емуді жақсы-ақ білген. Малдың сүтін ішіп, етін жеген. Қойдың жүнінен киіз басып, үйін жапқан, Сол жүннен үй жиһаздарын жасаған. Киім-кешек тіккен. Бір сөзбен айтқанда барлық тіршілігі, күн көрісі малға байланысты болған. Жаз жаңбырлы, жер көк, қыс жүмсақ бола берсе жақсы ғой. Ондайда мал күйлі де, ақ мол. Қазақ тоқ. Жаз қуаң, қыс қатты болды дегенше мал жұтқа, қазақ аштыққа үшырайды де. Сыңар емшекке қараған халық жалғанда жарымай, көп өмірін мұқтаждықта өткізеді екен. Ал жер емшегі дегеніміз қожырауды, суалуды білмейтін қүнарлы да сенімді емшек. Ол қанша тер тегіп, қанша еңбек сіңірсең соншалықты иіп тұрады. Арпа, бидай қабыңды да, қамбаңды да толтырып, дастарқанның берекесін келтіреді. Алма, алмүрт, жүзім, шие... т. б. тәтті жемісті жер емшегін еме білген адам ғана жей алады. Ет пен қымыз дәмді ас екені даусыз. Солардың үстіне жоғарыда айтылған жер ырыздығы - арпа, бидай тағамдары, жеміс-жидектер қосылса, нүр үстіне нұр деген осы емес пе. «Одан да әрман» іздейтін тәтті дәм осылар ғой.Абайдың пайымдауынша жер емшегін ембесең, аузың асқа жарымайды, ел болып жұрт қатарына қосыла алмайсың. Өз үйіңде күнде тойып ішетін тамақ жоқтықтан ас берер ауылды іздеп тентіреумен күндерің босқа өтіп жатады.Абай қазақ халқының ғана емес, адамзат санасында қалыптасқан ұғым, түсініктерге сын көзімен қарап, оған жалпы адамгершілік тұрғысынан лүғатты баға берген. «Ескендір» дастанында дүниежүзі ұлы қолбасшы, ұлы мемлекет қайраткері, данышпан патшалардың данышпаны деп аруағына бас иген. Ескендір Зұлқарнайын - Александр Македонскийді ол замандастарына мақтансүйгіш, қызғаншақ, даңғой, нәпсіге құл болған ашкөз, қанішер деп таныстырды. Оның шапқын- шылық жорықтарының жолында кездескен алтын қақпа күзетшісінің аузына ақын мынадай сөз салады:

«Батырмын» деп мақтанба ақыл білсең,

Батыр болсаң өзіңнің нәпсіңді жең...»

Абайдың пайымдауынша, адамның адамшылығы өз бойындағы жаман пиғыл, құлықтарымен - нәпсімен күрес үстінде көрінеді. Нәпсіңді жеңе алмай ерік берсең ол саған не істетпейді. Өтірік те айтқызады. Ұрлық та қылғызады. Ашықтан- ашық сабырлық жасаттырып, әлсіздің сыбағасын тартып алғызады. Озбырлардан қол жинаттырып, алыс-жақын көршілеріне шабуыл жасаттыратын да сол. Талау, тонауға ұшыраған ел күйзеледі. Қатын жесір, бала жетім қалып зар илейді. Нәпсінің құлы қаншама адамға қасірет шектірген жеңістерінің буына мастанып, батыр атанады. Абырой, бақыт таптым деп мәз болып жүреді. Ал шын мағынасында бұл батырлық емес, барып тұрған қаныпезерлік болып табылады. Қазақ тарихында аты аңызға айналған батырлар көп. Олар туған жерін, елін жоғарыда айтылғандағыдай озбырлардың қанды шапқыншылығынан қорғаған. Солармен қатар өзінің қазағын, көрші аталар мен руларды шапқан, адамын өлтіріп, дүние мүлкін тартып алған, жылқысын айдап әкеткен батырлары да аз болмаған. «Нәпсіңді жең» дегенде Абай осындай батырлықтан сақтандырған. Алыс-жақын көрші жұрттар, жалпы адам атаулымен тату тұруға, бейбітшілікке үндеген. Абай осылай батырлық- тың шын сырын ашып, оған жаңа ұғым берді. Адамды азғындық жолға түсіретін нәпсіні жеңген адам ғана батыр бола алатынын Ескендір өмірінен алынған мысалмен дәлелдеді. Бір сөзбен айтқанда нәпсіні жеңген адам ғана ізгі жолда адал жүріп, адал тұра алады. Ақын әрбір адамға осындай батырлық керек деген ой тастайды. «Нәпсіге тыю салу» үлкенді-кішілі басшыға қойылатын басты талап екенін «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек...» деп басталатын өлеңінде де еске салады. Ақынның жастарға арнаған «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат...» деген насихат өлеңінде халқымыздың көкірек көзін ашарлық көп сыр бар.

«Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,

Қоржаң, суық келеді кей сасық ми...» -

деген жолдарды ой көзімен оқып көрейікші. Қазақтың бәрі болмасада көпшілігі әйелді өзіне тең тұтпай, кемсітіп ұстаған. Сынықтан сылтау тауып қатынын ұрсып-жекіп, сабап тастауды кей жігіт өзінше бір ерлік көріп, мақтаныш санаған.Абай заманында әйелдің қадірін біліп, оны қорғайтын, сыйлайтын адам аз да, «қоржаң, суық, сасық ми» көп еді. Ақын сол бір жексұрын қылықты өткір өлең тілімен әшкереледі. «Ері ақылды, әйелі мінезді» болса үйдің іші ұядай жылы болатынын, үй-ішінің рахатты өмір кешетінін санаға сіңетіндей етіп нақпа-нақ айтып береді. Жеке адам ғана емес, ұлттар мен ұлыстардың парасаттылық дамуы да осы көкірек көзінің ашылуына байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда Абай заманында қазақтың қай деңгейде болғаны айтпасақ та түсінікті. Мешеуліктің басты бір себебі қара танымаған көзде ғана емес, құлақтың құлқында деп білген ақын сол мінді түзетуге күш салды. «Көңілсіз құлақ, ойға олақ» деп дүрыс тыңдай білмеген адамның не жақсы, не жаман екенін ұға алмайтынын, құлақ көңілді болмай санаға сәуле түспейтінін, көкірек көзінің ашылуын қиындатып, ойлау күшін тежейтінін оңай жатталып, жадында жақсы сақталатын асыл сөзбен еске салды. Ала білу мен бере білуді тең ұстау, зорлық-зомбылыққа қатаң тыйым салған әділетті қоғам болу үшін оның әрбір мүшесінің көкірек көзі ашық, жақсылыққа құштар жаны ізгі болуға тиіс. Сондықтан да Абай: « Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» деп кесіп айтқан. Адам болған соң оның надан болуы кешірілмес айып деп білген. Жаратушы құдайынан тілегені, бар арманы туған халқының көкірек көзін ашып, надандықтан құтқару болған.