thumb|right|350px Қазақ мәдениетін қарастырғанда туатын маңызды мәселе шаруашылық-мәдени типтердің (ШМТ) өзіндік ерекшеліктерін анықтаумен байланысты. Шаруашылық-мәдени тип ұғымы соңғы кезге дейін этнографиялық және тарихи зерттеулерде көбірек қолданылып келді. Шаруашылық-мәдени типтердің нақтылы мысалдары: арктикалық аңшылар, тропиктегі аңшылар мен терімшілер, өзен аңғарларындағы егіншілер, оазистік дихандар, еуроазиялық көшпелілер ж.т.б. Өзінің мағынасы жағынан ШМТ ұғымы мәдениеттанудағы хронотоп ұғымына жақын. Алайда хронотоп негізінен көркем әдебиеттен алынып, рухани мәдениеттің кеңістіктік және уақыттық бітімдерін білдірсе, шаруашылық-мәдени тип материалдық мәдениеттің көрінісін айқындайды. Әрине, ШМТ-тің руханилықпен байланысы жоқ деп сыңаржақты айтылған пікір дұрыс емес. Онда салт-дәстүрлер, сенім-нышандар, фольклор, дүниетаным шаруашылық әдістерімен тығыз байланысты әрекет етеді.

Шаруашылық-мәдени тип ұғымының тым абстрактылы алынған түрі ретінде қоғамдық-экономикалық формацияны да көрсетуге болады. Бірақ бұл ұғым тым дерексіздендірілген және әмбебаптық сипаты жеткіліксіз. Мысалы, еуроазиялық номадаларды осы бес формацияның ешқайсысына тіркеп қоюдың негізі жоқ. Оларды «азиялық өндіріс тәсілінің» өкілдері деудің де реті аз. Бұл жерде Азия құрылығындағы әртүрлі шаруашылық типтерінің арасындағы айырмашылық жоғалып кетеді. «Дала феодализмі» сияқты атаудың ойдан құрастырылғаны тікелей көрініп түр. Батыстық мәдениеттануда «мәдени ареал(аймақ) ұғымы да жиі қолданылады. Бұл ұғымның шаруашылық-мәдени тип ұғымымен жақындығы бар. Бірақ мәдени аймақ негізінен белгілі бір этномәдениеттің жағрафиялық детерминанттық факторларына басты назар аударады. Біртұтас мәдени ареалда әртүрлі ШМТ-дің болуы мүмкін. Тікелей мағынасын алғанда, шаруашылық-мәдени тип ұғымы әлеуметтік-экономикалық дамудың бір деңгейінде тұрған топтастықтардың ұқсас табиғи ортадағы тарихи қалыптасқан біртектес шаруашылық пен мәдениет жүйесін бейнелейді. ШМТ этномәдениет өрісімен шектелмейді. Мысалы, афроазиялық көшпелілерге семиттік, берберлік, туарегтік, ирандық, түріктік этностардың мәдениеттері жатады. Ал еуразиялық номадалар (ШМТ) түріктерден, моңғолдардан, угорлардан ж.т.б. (этномәдениеттерден) тұрады. Яғни, арасын мындаған шақырымдар және дүниетанымдық жүйелер бөліп жатқан ареалда материалдық мәдениеттің ұқсас үлгілері пайда болуы мүмкін.

Шаруашылық-мәдени типтер уақыт пен кеңістіктің әрекет ету және даму заңдылықтарына тәуелді. Бұл процесті шаруашылық-мәдени конвергенция (тұтастану, жүйелену) деп атауға болады. Шаруашылық-мәдени типтің құрылымы неғұрлым күрделі болса, онда оның климат пен ландшафтан тәуелділігі соғұрлым аз болады. Мысалы, малшылар мен егіншілер ертедегі терімшілер мен аңшыларға қарағанда, кеңістікте еркінірек әрекет еткен. Тағы бір ескере кететін жайт: уақыт ағынына байланысты ШМТ-тердің оқшаулық аймағы азайып, олардағы қарымқатынастық белгілер көбейе түседі. Жалпы алғанда, Шығыстағы аграрлық өркениеттерді өндіріс тәсілдері бойынша номадалық және ирригациялық құрылыстарды пайдаланатын суармалы егіншілік мәдени ареалдарына белуге негіз бар. Ал олардың аралық аймақтарын маргиналдық ареал деп қарастыруға болады. XX ғасырдың басына дейін көшпелілік өмір салты қазақ халқында негізгі этноқұрастырушы белгі ретінде түсінілген. Яғни, «көшпелі» — «көшпелі емес» оппозициясы өте жақын түрік халықтарын бір-бірінен айырып тұрған және маргиналдық аймақтарда этностардың алмасуына себепкер болған. Мысалы, Ташкент облысындағы құрамалар осындай этноөзгерістерді бастарынан өткізген. Бұл процестің өзі Орталық Азиядағы екі ШМТ-дің бір-біріне ауыса алатындығын көрсетеді.

Тарихи деректерге сүйене отырып, еуроазиялық далада екі түрлі шаруашылық-мәдени типтер қалыптасты деген қорытындыға келуге болады. Оларға қуаң дала көшпелілері және оазистер дихандары мен қала тұрғындарын, тұтас көшпелілік мәдени ареалдағы отырықшылық ошақтарының баламасы ретінде қолданып отырмыз. Бұл негізгі екі ШМТ-дің тарихи даму барысындағы арақатынасынсыз қазіргі қазақ мәдениетінің менталитетін түсіну қиынға соғады. Біркелкілік пен бірыңғайлықтан қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаның көпдеңгейлігі мәдениет үшін қолайлы. Егер оқшауланған қуаң дала шеңберімен шектелсек, онда түрік халықтарының тарихтағы ұлы жетістіктерін түсіндіре алмас едік. Шаруашылық-мәдени типтің жиынтық, қосынды ұғым емес екендігін, оның жүйе түрінде әрекет ететіндігін аңғару қойылған мәселе үшін маңызды. Жүйе деп философияда өзара байланысты құрылымдық элементтердің тұтастығын айтады. Сондықтан ғылыми зерттеудің келесі сатысы құрылымдық типологияны анықтаумен қатысты. Осы тұрғыдан алғанда Кіндік Азияның көшпелілік шаруашылық-мәдени типінің құрылымдық бітімдерін айқындау маңызды мәдениеттанулық мәселе болып табылады. Көшпелі өмір thumb|right|250px Қазақта көшіп-қонудың тарихта белгілі «Көлденең бағыттағы», «Тіке бағыттағы» екі түрі болған. Олар ең алдымен жылжымалы шаруашылықтағы малдың құрамымен, көшпелі қауым өмір сүрген табиғи-климаттық жағдайларға байланысты болған. Шаруашылық-мәдени типті динамикалық қимыл-қозғалысты, үнемі өзгерістер үстінде қарастыру керек. Яғни бұл типология тарихи типологияға жатады, шаруашылық-мәдени типтер уақыт ағынына тәуелді. Қоғамды «елдік» принцип бойынша ұйымдастыру жоғары деңгейде болған алғашқы түріктік мемлекеттерде оазистік ШМТ-тің үлесі қомақты еді. Кейін бұл өркениеттің ыдырау кезінен бастап, осы принцип күйзеліске ұшырайды, онымен бірге отырықшы мәдениеттің де өрісі кеміді. Көшпелілік шаруашылық-мәдени тип Қазақстан жеріндегі климаттық және ландшафтық ерекшеліктерді ұтымды пайдалана білген. Оны маусымдық жайылымдардың алмасуы деп атауға болады және ол Қазақстан территориясында номадалық типтің XX ғасырдың басына дейін басым болғандығын дәлелдейді. Жауын-шашьшы молырақ және мал азығы жеткілікті Солтүстік Қазақстанның орманды-далаларын, таулы альпілік шалғындарды, өзен-көл аңғарларын халық жайлау ретінде пайдаланған. Қыста қары аз, тебінге қолайлы оңтүстіктегі және орталықтағы аймақтар қыстау үшін таңдалып алынған. Көктеу мен күздеу мал қыстайтын жерлерге тікелей жалғасып жатқан. Қалыптасқан дәстүр бойынша маусымдық жайылымдардың рулар арасында бөліске түскенімен, мал қыстайтын жерлерден басқасын елдің бәрі бірдей пайдаланған. Бұл көшпелілік ШМТ-тің тұтастығын және ынтымақтастығын арттырған. Осы жөнінде М. Әуезовтың «Абай жолы» трилогиясында шебер суреттелген көріністер көп. 1897 жылғы халық санағының деректері бойынша қазіргі Қазақстан территориясында қазақтардың тек 1,14% қалаларда тұрған. XX ғасырдың басында отырықшылардың жалпы саны 100-мың адамға ғана жеткен (қазақтардың сол кездегі жалпы саны шамамен 6 миллиондай адам). Аталған санақ қазақтардың 77% негізінен номадалар болғанын, ал 18% — диқаншылықпен айналысқанын көрсетті. Маргиналдану аймақтарында егіншілердің үлес салмағы жоғары болған. Мысалы, Ташкент уезінде қазақтардың 88% диқаншылықпен айналысқан. Негізгі шаруашылық-мәдени тип халық ментадитетінде нық орын алған. Хал-жағдайды сұрау «Мал-жан, аман ба?» дегеннен басталады. Бекерден-бекер «Шаруа көшсе — байыды» деп айтпаған. Яғни, көшпелілер мәдениеті көшпелілердің өзі үшін мұрат, үлгі болып есептелген. «Себебі, — дейді Ш. ЬӀбыраев, — көпшілік жаппай жақтырмайтын қоғам мындаған жылдар бойы өмір сүре алмайды, әйтеуір бір тарихи бұрылыста елдің бәрі одан үркіп шығатыны анық (әрине, күні кешегі жаппай қырғынмен зорлап отырықшы ету басқа мәселе)». (Эпос әлемі, 32-бет). Көшпелілік менталитетте шаруашылық тәсілін алмастыруға теріс баға берілген. Мысалы, «жатақ» деп өмірде табысқа жете алмаған аутсайдерді айтқан. Көшпелілік мәдени типтің күйзелісі қоғамда пауперлену тудырып, бұрынғы «ынтымақтастыққа негізделген адамдық тәртіпті» (Ф. Хайек) шайқалтқан. Табиғи биоценоздың тұтастығының бұзылуы адамдық қауымдасуға да кері әсерін тигізеді.

Көшпелі мәдени-шаруашылық тип мәңгі бола алмас Алайда шаруашылық-мәдени типтердің күрделене түсуіне байланысты адамдық топтастық табиғи ортадан тәуелсіз бола бастайды. Еңбек бөлінісінің тереңдеуі, мамандандырылу және өндіргіш күштердің өнімділігінің артуы материалды мәдениетті Жер бетіндегі геологиялық күштермен пара-пар, антропоценоздық жасампаз факторға айналдырды. Осының нәтижесінде дәстүрлі қоғам индустриалдық қоғамға көшеді. Бұл тұрғыдан алғанда көшпелі мәдени-шаруашылық тип мәңгі бола алмас еді. Сондықтан оған кері қарай шақыру тарихты кері бұрғанмен бірдей. Енді шаруашылық-мәдени типтің құрылымдық және функционалдық бөліктеріне назар аударайық. Материалдық мәдениетті әртүрлі негізде жүйелеуге болады. Бірақ бір нәрсе айқын. Шаруашылық-мәдени типтің таксономикалық дербес бөліктеріне шаруашылық ұжымдары, тұрғын үй типтері, тұрмыстық қажетті өтеу бітімдері, құрал-жабдықтар, бос уақытты өткізу дәстүрі, әдет-ғұрыптар ж.т.б. жататыны анық. Мәдениетті материалдық және рухани деп бөлудің шартты екендігін ескерте кеткен жөн. Кезкелген рухани құбылыс пен оның заттандырылған түрі — адамдық тұтас әрекеттің екі жағы. Қоршаған ортаға адамның сәулесі түсіп тұр, ал оның сезімдері мен ақыл-ойы әлемнен нәр алады. Осы тұтас мәдениет әлемін түсіну мақсатында ғылыми дәстүр бойынша әрқайсысы жеке талданады. Қазақ халқының материалдық мәдениеті осы аймақты мекендеген ертедегі көшпелі тайпалар мәдениеті мен орта ғасырларда өркендеген отырықшы және қалалық мәдениеттің дәстүрлерін жалғастырды. Ғылыми зерттеулер мен археологиялық қазбалар XV ғасырдан кейін Қазақстан жерінде қалалар құлдырап кетті деген пікірді өзгертуге мүмкіндік берді. Жергілікті құрылыс мәдениетінің жоғары дәрежеде болғанына XV—XVIII ғасырлардағы Яссы (Түркістан), Сауран, Отырар, Сығанақ, Сайрам тәрізді қалалар, Орталық Қазақстандағы Домбаул, Алашахан, Жошыхан ғибадатханалары, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстаудағы сәулет ескерткіштері куә. Осы сәулет үлгілерін салуда халықтық мәдениеттің озық және тапқыр шеберлері жарасымдылықтың, үйлесімдік пен тұтастықтың шешімдерін таба білген. Ислам діні тірі жанды суретке түсіруге тыйым салғаны белгілі. Сонда да қыш құмыра әшекейлеріндегі түбі сонау сақтардың «аң» стилінен басталған қазақтың ою-өрнектері тіршілік иелерінің нобайын бейнелеген. Мысалы, Жошыхан ескерткіші тек өнер туындысы ғана емес, ол дәуір тынысын, дүние тылсымын жеткізіп тұрған ғимарат. Белгілі сәулетші Т. Бәсенов: «Өзін талдап түсінуге қуат болатын қазақ сәулет өнерінің ою-өрнек қазынасы жинақталған өзінше бір музей» (Памятники архитектуры в районе Сам. — Алматы, 1947. — С. 39), — деп жазады. Бұл жерде айта кететін тағы бір жай бар. Кейбір мәдениет зерттеушілері Қазақстан жеріндегі ғимараттар Орта Азия сәулет көшірмесі дегенге саятын пікір айтады. Егер біз ғимараттарға көрік беретін күмбезге назар аударсақ, байқайтын нәрсеміз, күмбездік шатыр жабын мен шаңырақтың құрылымдық бірлігі. Шығыстанушы А.Н. Бернштам күмбезді дарбазалы сәулеткерліктен кейін бүкіл Орта Азия сәулет өнерінің өзегі болған үш нәрсені — құрылыстың күмбезді қаңқасын, портал мен ойма қыштардан құрастырылатын декордты ерекше бөліп қарап, мұндағы күмбез идеясы мен оны тұтас жүзеге асыру көшпелі-малшы қауым мекендеген солтүстіктен алмасқан деп есептеген. Алайда қазақ хандығының қалалық мәдениетінің одан әрі өркендеуіне сыртқы жағдай онша қолайлы болмады. Жоңғар шапқыншылығы, Орта Азия хандықтарының толассыз шабуылы, ең бастысы — батысынан және шығысынан шыққан екі империяның — Ресей мен Қытайдың жаугершілік саясаты салдарынан қазақ халқы отырықшылықтан гөрі жылжымалы киіз үйге қайтадан көбірек қөңіл бөлді.

Киіз үй thumb|right