Ескелді би кесенесі – Жетісу облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Қаратал ауданы Ескелді би ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 0,7 км жерде орналасқан.
Тарихи деректер, аңыздар Ескелді би Жылгелдіұлы (1692-1780 ж.ж.) – XVIII ғасырда қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысқа қатысқан қазақ батыры, биі. Ұлы жүздің жалайыр тайпасы сиыршы руынан тарайды. Аңыздарда Ескелді батыр жекпе-жекте жоңғар батыры Шажаны шоқпармен соғып құлатып жеңгені жөнінде айтылады. Батырынан айырылған жоңғар әскері соғыссыз берілген. Өзінің қайтыс болатынын сезген Ескелді батыр: "мәйітімді ақ киізге орап, ақ түйеге артып қоя беріңдер. Түйе қайда тоқтаса, сонда жерлеңдер" – деп өсиет айтқан екен. Ақ түйе Теке тауындағы Қаратал өзені бойындағы Қызылжар деген жерге тоқтаған.
Ескелді бидің жерленген жеріне байланысты да бірқатар аңыздар сақталған. Кесененің шырақшысы, әулиенің жетінші ұрпағы Бақберген Сүлейменұлының айтуынша, 1937 жылы бұл ауданға Қиыр Шығыстан жер аударылған кәрістер қоныстана бастайды. Ежелден егіншілікпен айналысқан кәрістердің келуіне байланысты партия билігі өлкеде егіншілікті күшейту үшін Қаратал тоғаны мен егістікке арналған арналар сала бастайды. Бұл арналардың бірі Ескелді би моласының үстінен өтеді. Кейін жергілікті тұрғындар жыл сайын егін өнімі азайып, ел жиі ауыра бастағанын байқайды. Сосын жергілікті аудандық әкімшілікке өтініш жасап, су арнасын әулиенің моласынан алыстатады.
Кесене сипаты 1992 жылы 8-9 қазанда Ескелді бидің туғанына 300 жыл толуы республика көлемінде аталып өтіп, Қаратал ауданында салтанатты түрде кесенесі ашылады. Кесененің архитектуралық жобасын А. Нам дайындады, құрылыс басшылары Қ. Ақылбаев және В. Банит болды. Ескерткіштің тұрғызылуына Ескелді бидің тікелей ұрпағы академик Е. Ерғожин белсенділік танытады. Әулие Ескелді бидің кесенесіне саяжол алып барады. Жанында мұсылман зираты орналасқан. Кешен периметрі бойынша ортаазиялық үлгідегі сырты сыланған кірпішті дуалмен қоршалған. Кіреберіс есігі ішкі мазар мен ауланы бөліп тұр. Кесене Орта Азияның дәстүрлі порталды-күмбезді түріне жатады. Оның орталық сфералы күмбезі мен қосымша екі көлемі кіші конус тәрізді күмбезі, сондай-ақ аласа келген мұнаралары бар. Кесенесінің кіре берісіне ашылған кітап тәрізді тақтаға қазақ және араб тілдерінде дұға жазылған. 2015 жылы әулие кесенесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Жетісу облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Жетісу облысы сәулеті Санат:Қазақстан кесенелері