Етістік баяндауыш — етістіктен болған баяндауыштар. Етістік баяндауыш есім баяндауыштарға қарағанда тиянақты предикат (баяндауыш) кызметін атқарады, сонымен бірге сөйлемдегі басқа мүшелердің тірегі болып, бастауыштың іс-қимылын, күйін білдіреді. Етістік райлық, шақтық, етіс тұлғаларының бәрі де баяндауыш бола береді. Көсемше тұлғалы етістіктер дара күйінде құрмалас сөйлемдердің баяндауышы болады (жаңбыр жауып, жер көгерді), бірақ кейбір өлең жолдарында болмаса, жай сөйлемнің тиянақты баяндауышы бола алмайды. Есімшелердің баяндауыш кызметінде жұмсалуы басқа есімдердегідей: 1,2-жақта жіктік жалғауда қиысып айтылады (мен барғанмын, сен барғансың), 3-жақта жіктік жалғау жалғанбайды (ол барған). Дара баяндауыштардан басқа бірнеше етістік топталып, күрделі баяндауыш жасалады. Күрделі баяндауыштың бір компоненті негізгі, басқалары көмекшілік кызмет атқарады. Мысалы: Күңше Жабайды соғып кете жаздады (Ғ. Мүсірепов).Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі — Алматы.
«Сөздік-Словарь», 2005 жыл. ISBN 9965-409-88-9
Дереккөздер
Санат:Лингвистика