Жолбарыс хан (толық есімі Жолбарыс Мұхаммед Бахадүр хан, жазба деректерде Джолбарс, Жолбарс, Йулбарс, Чолбарс, Юлбарис, Юлбарс, Dsholbars, шамамен 1690 – 1740 жылдың 5 сәуірі, Ташкент, Қазақ Ордасы) - сұлтан, 1720 жылдан бастап дулат тайпасының құрамындағы шымыр руының, сарыүйсін, қаңлы, шанышқылы, албан, суан, ысты руларының билеушісі.

Өмірбаяны

Шығу тегі белгісіз Ұлы жүздің билеушісі Абдолла ханның ұлы. Әкесі XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың алғашқы екі онжылдығында Иман ханның ұлы Рүстем бахадүр ханмен, Сайрамның билеушісі Қарабас сұлтанмен, Құдайменді сұлтанның ұлы Тұрсын ханмен Ташкент пен оның айналасындағы кішігірім кенттерді билеген. Жолбарыс хан Ташкент пен оның айналасын 1720 жылдан 1723 жылы басталған қазақ-жоңғар соғысына дейін билеген. Жолбарыспен қатар 1719-1723 жылдың бас кезінде Ташкент пен Ташкент аймағын Үш жүздің бас ханы Әбілқайыр, дулат тайпасының құрамындағы шымыр руының жекелеген бөлімдерінің ханы Тұрсын, қаңлы және құраманың билеушісі Орыс хан, жаныс руының құрамындағы қапал бөлімінің ханы Жәңгір, Жолбарыс ханның жақын туысы Жаубасар хан билеген.

Жолбарыс хан Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде жерленді. Туыстары ханның қабірін кезінде өзі өлтірген тұран жолбарысның терісімен жапты. Жолбарыс ханның екі ұлы белгілі: Әбілғазы және Абылай сұлтандар. Әбілғазы жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серенге тәуелді болып, әкесінің өлімінен кейін 1740 жылы хан тағына отырды. Жоңғар билеушісінің қолдауының арқасында әкесінің қол астындағы рулық-тайпалық бірлестіктерді, Ташкенттің және оның айналасындағы аймақтарды билеген. Алайда 1742 жылы биліктен тайдырылып, жергілікті отырықшы халықтан шыққан Күшік бекпен алмастырылды. Ханның екінші ұлы Абылай өмірінің соңына дейін сұлтан лауазымында қалып, дулат тайпасының құрамындағы шымыр руы мен сарыүйсіндерді билеген.

Әдебиет

Ерофеева И.В. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах/Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В.Ерофеева. Алматы: АО "АБДИ Компани", 2014. - 696 с. + вкл. 44 с. — ISBN 978-9965-832-26-0. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. Изд. 3-е / Сост. И.В. Ерофеева. Алматы, 2009. Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи. XVII-XVIII вв.Алма-Ата, 1991.

Санат:1740 жылы қайтыс болғандар Санат:Қазақ сұлтандары Санат:Қазақ хандары