Жеті-сегіз буынды өлеңдер - қазақ поэзиясында ерте кезден өте жиі қолданылып келе жатқан өлең өлшемі. "Майдағы жұрттың іші қар, Бәйшешек қарға өнер ме? Ішінде кімнің оты бар, - Қар жауса да сөнер ме?" (Абай). Жеті буынды тармағы екі бунақтан (4 буын - 3 буын), сегіз буынды тармағы үш бунақтан (3 буын - 2 буын - 3 буын) құралады. Осы екі түрлі тармақтар шумақ ішінде белгілі ретпен топтасады. Мысалы, төрт тармақ, алты тармақ, сегіз тармақ болып келеді. Жырда да осы тармақтар қолданылғанымен, олар еркін араласып, түйдек-түйдек болып (тирада) топтасады. Жеті-сегіз буынды өлеңнің қазақ поэзиясында Абайдан бастап лирикалық өлеңдерде (тек қысқа нақыл сөз, мақалдарға ғана емес) орныққан ырғақтық өрнегі бар. Бұл өлең өлшемінде сегіз буынды тармақтар екі 4 буынды бунақтан тұрады (4 буын - 4 буын). "Тәңір қосқан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ең. Ол кезімде бала едім мен, Аямасқа бекіп ем" (Абай). Сәкеннің "Аққудың айрылуы", "Анаға жауап", "Сыр сандық" өлеңдері осы өлшеммен жазылған.Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6 Дереккөздер
Санат:Қазақстан әдебиеті