Қарақат Түлкібайқызы Әбілдина — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнерінің өкілі, ұстаз, «Қарақат» мектеп-студиясының негізін қалаушы әрі жетекшісі.
Өмірбаяны Қарақат Түлкібайқызы Әбілдина 1978 жылғы 6 сәуірде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.
Әкесі Түлкібай совхоз директоры қызметін атқарса, анасы Қаламқас он алты баланы тәрбиелеген көпбалалы ана. «Алтын алқа» иегері Қаламқас әжей – елге сыйлы батыр ана. Қарақат Әбілдина – отбасындағы он бесінші перзент.
Өнерге деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан Қарақат Әбілдина кәсіби музыкалық білім алуға ұмтылып, 1991–1996 жылдары Алматы қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы музыка колледжінде білім алып, оқуын қызыл дипломмен аяқтады.
1996–2000 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, оны да қызыл дипломмен тәмамдады. Кейін осы оқу орнында аспирантурада білімін жалғастырып, орындаушылық шеберлігін шыңдады.
Ұстаздық жолында Қарақат Әбілдина дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдерінен тәлім алды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Домбырамен ән айту» бөлімінде педагог, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сәуле Жанпейісовадан білім алса, орындаушылық шеберлік бойынша профессор, Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтан дәріс алды.
Шығармашылығы Қарақат Әбілдинаның кәсіби шығармашылық жолы 2003 жылы «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің жетекші солисі ретінде басталды.
2005 жылы өнердегі алғашқы жеке шығармашылық концертін – «Ару ғұмыр» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Осы концертте әнді қазақтың көне ұлттық аспабы – жетігеннің сүйемелдеуімен орындап, дәстүрлі өнерді заманауи сахнада жаңаша танытуға жол ашты.
Әнші жетіген аспабын өнерімен сабақтастырып, «жетігенмен ән айту» дәстүрін қайта жаңғыртуға айрықша үлес қосты. Ұлттық аспаптың сахнадағы қолданысын кеңейтіп, оны жас ұрпаққа үйретуді де басты бағыттарының біріне айналдырды.
Қарақат Әбілдина шығармашылық жолында тұрақты түрде жеке концерттік бағдарламаларын ұсынып, көрерменге жаңа шығармашылық жобаларын таныстырып келеді. Оның жеке концерттері дәстүрлі ән өнерін, ұлттық музыканы және заманауи сахналық ізденістерді тоғыстыратын өзіндік шығармашылық қолтаңбасымен ерекшеленеді.
2008 жылы Астана қаласында өзінің авторлық мектебін ашып, ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған ұстаздық қызметін бастады. Кейін жеке ансамблін құрып, шәкірттер даярлау ісін жүйелі түрде дамытты. Бүгінде «Қарақат» мектеп-студиясы Қазақстанның 20 қаласында жұмыс істейді. Мектеп қабырғасында мыңға жуық жетігенші тәрбиеленіп, ұлттық музыка өнерінің қыр-сырын меңгеруде.
Қарақат Әбілдина орындаушылық өнер мен ұстаздықты ұштастыра отырып, қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеуге, ұлттық аспаптарды кеңінен насихаттауға және жас таланттардың шығармашылық қабілетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Марапаттары Қарақат Әбілдина – отандық және халықаралық өнер додаларының жүлдегері.
1993 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық балалар байқауына қатысты;
1999 жылы Бельгияда жеке концерттік бағдарламасымен өнер көрсетті;
2001 жылы «Шабыт» халықаралық конкурсының дипломанты атанды;
2004 жылы Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында Алматы қаласының Мәдениет күндеріне арналған концертке қатысты;
2005 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды;
2005 жылы Аустрияда Алматы қаласының Мәдениет күндеріне арналған концертте өнер көрсетті;
2006 жылы «Алтын Самұрық» конкурсында «Жылдың теңдессіз ұлттық әншісі» номинациясы бойынша I орын иеленді;
2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды;
«Парасат» орденінің иегері.
Өнер сахнасындағы шығармашылық ізденісі мен ұстаздық еңбегін қатар алып келе жатқан Қарақат Әбілдина ұлттық өнерді дәріптеп, оның келешек ұрпаққа сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарын жалғастырып келеді.
Отбасы Қарақат Әбілдина белгілі өнер қайраткері, композитор әрі продюсер Қыдырәлі Болмановпен отбасын құрған. Отбасында алты бала тәрбиелеп отыр. Ұлдары – Бекболат, Иманәлі, Нұрәлі, Айсұлтан. Қыздары – Аяла мен Айзада.
Дереккөздер
Санат:Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы түлектері Санат:Термешілер Санат:Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері