Сорғалау. Төмен қарай ағу, саулау, құйылу сияқты қимылдарды осылай да атай береміз. «Қамшының ұшы тиген иегінің астынан қан сорғалап қоя берді» (И. Есқараев, "Тосқауыл"). Етістіктің пайда болуына нақтылы зат атауының ықпалы, әсері болды дерліктей деректерге тап боламыз. Қырғыз тілінде «чорго», хакастарда «сорға», тіпті монғолша «цорго» сөздері қазақ тіліндегі «шүмек» мағынасы орнына жүреді. Әсіресе, хакас тіліндегі «сорға» біздің тіліміздегі «сорғала» етістігінің тууына әкеліп соқтырған. Әрине, біздің тілімізде өте ертерек пайда болып қалыптасқандықтан қазіргі түсінігіміздегі «шүмектеп ағумен» тең мағынасы ұмытылған. Дегенмен, қырғыз тілінде ұмытылмағандығын «чорголоп куй» сияқты тіркестен аңғару қиын емес. Түйіндей айтқанда, «сорғалау» — қазіргі қолданылып жүрген «шүмектеудің» ертедегі синонимі.Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6
Дереккөздер