Мемлекеттік бюджеттен тыс әлеуметтік қорлар сан алуан әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін мақсатты ақшалай қаражаттарды қалыптастыруға және пайдалануға арналған. Олардың құрамы, бағыттылығы мемлекеттің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатымен, қоғам дамуының бұл кезеңіндегі оның мақсаттарымен, сонымен бірге экономиқаның мүмкіндіктерімен анықталады.
Қазақстанда қаржылық қатынастарды ұйымдастырудың бұл нысанын қолданудың тәжірибесі жинақталған. 1995-1998 жылдар ішінде мына әлеуметтік бюджеттен тыс қорлар жұмыс істеді:
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры; Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры; Міндетті медициналық сақтандыру қоры; Жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу қоры;
Олардың жұмыс істеуі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңдарымен реттеліп отырды, оларда міндетті әлеуметтік сақтандыру қаражаттары жұмыс берушілердің сақтық жарналары мен басқа түсімдердің есебінен қалыптасатыны белгіленді. Жарналардың мөлшері «Республикалық бюджет туралы» жыл сайынғы бекітілген заңда белгіленіп, қорлар арасында бөлініп отырды. Бұл нормалар 1998 жылға дейін тұрақты болды және заңи тұлғалардың еңбекке ақы төлеу қорының 30%-ын құрады. Заңи тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар ай сайын әрбір жұмыскерге келетін бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде төлеп отырды.
Жарналарды төлеу бойынша мүгедектердің, еңбекке қабілеттілігі шектелінген адамдардың, ардагерлердің ұйымдары үшін, бірқатар ізгіліктік, балалардың және басқа ұйымдары үшін жеңілдіктер белгіленді. 1998 жылдан бастап зейнетақы реформасын жүргізумен байланысты бұрынғы Зейнетақы қорының - Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қалыптасу және пайдалану тәртібі өзгерді. Міндетті зейнетақы жарналары кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңи және жеке тұлғалардан (жұмыс берушілерден) табысты төлеу көзінен ұсталынды және өнімді, жұмыстарды, қызметтерді ендірудің шығындарына жатқызылды. Жарналардың мөлшерлемесі еңбекке ақы төлеу қорының 15%-ы мөлшерінде белгіленді. Міндетті зейнетақы жарналарынан басқа мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары бұл қорларға еңбекке ақы төлеу қорының 10%-ы мөлшерінде қосымша зейнетақы жарналарын аударып отырды. Сөйтіп, жаңа зейнетақы жүйесінің қалыптасу кезеңінде жарналардың жалпы нормативі еңбекке ақы төлеу қорының 25%-ын құрады. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры еңбекке ақы төлеу қорының 2% мөлшерінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жалақы қоры жайында шетелдің қатысуымен және шетелдік заңи өкілдікті қоса, жұмыс берушілердің міндетті сақтық жарналары есебінен қалыптасты. Бірқатар ұйымдар үшін жеңілдіктер қарастырылды. Бұл қорларды қалыптастыруға аударылған қаражаттардың аударымдарын заңи және жеке тұлғалар, ұйымдар мен мекемелер өндіріс пен айналыс шығындарына кіріктірді және өнімнің, жұмыстардың, қызметтердің өзіндік құнына жатқызылады. Әлеуметтік арналымның қорларын қалыптастыруға басқа көздерден қаражаттар бағытталды. Міндетті әлеуметтік сақтандыруға төленетін жарналар салық заңнамасына сәйкес жиынтық жылдық табыстан шегерілетін шығыстарға жатқызылды, ал бюджеттік және басқа коммерциялық емес ұйымдар үшін оларды ұстауға жұмсалатын шығыстардың сметасында қарастырылды. Әлеуметтік қорлардың бюджеттерін Үкімет бекітетін. Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорларының уақытша бос қаражаттарын инвестициялау тек мемлекеттік бағалы қағаздарға, Ұлттық банктің бағалы қағаздарына және мемлекеттік банктердің депозитіне жіберілетін.
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры мыналарды қаржыландырды: 1) көрсетілген қорға олардың пайдасына зейнетақы жарналары төленген зейнеткерлер болғандарға және зейнетақы төлемдерін алушыларға берілетін мемлекеттік зейнетақыларды; 2) егер зейнетақының мөлшері заңнамамен бекітілген ең төменгі деңгейден төмен болса, қосымша төлемдер түріндегі әлеуметтік жәрдемақыларды.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды, жұмыссыздарды қайта даярлауды және қайта оқытуды, мұқтаж азаматтарды колдау үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды қаржыландырды. Әлеуметтік сақтандыру қоры еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша, жүкті болғанда және босанғанда берілетін жәрдемақыларды төлеуді, бала туғанда және жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыларды, сауықтыру сипатындағы қызметтерге ақы төлеуді қаржыландырды. Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаттары есебінен медициналық ұйымдардың немесе жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдардың, келісімшарттардың шарттарына сәйкес сақтандырылушыларға медициналық қызметтер көрсету жөніндегі шығыстар өтелініп отырды. Қор міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасының шенберінде медициналық ұйымдарда немесе медициналық қызметтер көрсету жөнінде Қормен келісімшарттар жасаспаған, жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдарда медициналық қызметтер алған жағдайда сақтандырушылардың шығыстарын өтеп отырды. 1999 жылдан халықты әлеуметтік қорғауды қаржыландыру мемлекеттік бюджет арқылы әлеуметтік салық алуды және бюджетке оны шоғырландыру есебінен жүзеге асырылды. Бұдан басқа, мемлекеттік емес зейнетақы жүйесінде қаражаттардың едәуір бөлігі мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары арқылы барлық сақтанушылардың (сақтандырушылардың) міндетті зейнетақы жарналары есебінен шоғырландырылып, жұмсалады. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры - Қазақстан Республикасы заңнамасы белгілеген тәртіппен салымшылардың зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметті және алушыларға зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын, зейнетақы активтерін қалыптастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және оларды мемлекеттік бағалы қағаздарға, банктердің депозиттеріне, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестициялайтын заңи тұлға. Қазақстанда Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорларынан басқа мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істейді. Жинақтаушы зейнетақы қорлары ашық және корпоративтік болуы мүмкін.
Ашық жинақтаушы зейнетақы қорлары алушының жұмыс істейтін және тұратын жеріне қарамастан салымшылардан зейнетақы жарналарын қабылдауды жүзеге асырады. Корпоративтік жинақтаушы зейнетақы қорлары осы жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары мен акционерлері болып табылатын бір немесе бірнеше заңи тұлғалардың алушы-жұмыскерлері үшін құрылады.
Жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшылардың арасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасылады. Зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамтамасыз ету Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан, жинақтаушы зейнетақы қорларынан және сақтық ұйымдарынан жүзеге асырылады. Зейнетаңы төлеу жөніндегі орталық Зейнетаңы төлеу жөніндегі орталық (Орталық) - мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған, Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның талаптарындағы міндеттерді жүзеге асыруға Үкімет уәкілдік берген заңи тұлға (уәкілетті ұйым). Орталықтан зейнетақы төлемдері 1998 жылғы 1 каңтардағы жай-күйі бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға заңда белгіленген тәртіппен еңбек өтіліміне бара-бар түрде жүзеге асырылып келеді. Орталықтан зейнетақы төлемдері өмір бойына тағайындалып, айма-ай төленіп отырады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің барлық алушыларына, оның ішінде қызмет өткерген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы әскери қызметшілерге, ішкі істер органдарының және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің, қаржы полициясы мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының арнайы атақтар берілген және ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп қолданылатын қызметкерлеріне Орталықтан төленетін, 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерін еңбек сіңірген жылдары үшін алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің жиырма бес пайызына арттырылды.
Орталық Зейнетақымен қамсыздандыру заңына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыруға құқығы бар азаматтарға бюджеттік қаражаттар есебінен зейнетақы төлемдерін төлеуді; азаматтарға әлеуметтік дара сәйкестендіру нөмірлерін беруді; Үкімет белгілеген тәртіппен міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың деректер базасын және міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасқан жеке тұлғалардың бірыңғай тізімін қалыптастыруды; міндетті зейнетақы жарналарын дербес тұрғыдан есепке алуды; міндетті зейнетақы жарналарын агенттерден жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуды; міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасаспаған және (немесе) дара сәйкестіру нөмірін беру туралы куәлігі жоқ (немесе) деректемелерінде қателер жіберілген тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын агенттке қайтаруды; салымшылардың жинақталған зейнетақы қорланымдарын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аударуды және Қазақстан Республикасы заңнамалық актілеріне сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асырады. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы - міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасқан және жинақтаушы зейнетақы қорында дара зейнетақылық шоты бар жеке тұлға.
Міндетті зейнетақы қорларына төленетін міндетті зейнетақы жарналарын міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңмен айқындалған мөлшерлемелер бойынша төлейді. Жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар босатылды.
Жинақтаушы зейнетақы қорларына төленуге тиісті міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпке сәйкес айқындалатын тәртіппен зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын, жұмыскерлердің ай сайынғы табысының, адвокаттар, дара нотариустер, сондай-ақ дара кәсіпкерлер үшін өз пайдасына төлеуге жататын, салық кезеңінің әрбір айы үшін табыстың 10 пайызы мөлшерінде, арнаулы салық режімін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары үшін шаруа немесе фермер қожалығы мүшесінің (қатысушысының) және басшысының пайдасына ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жалақының жетпіс бес еселенген ең төменгі мөлшерінен аспауға тиіс.
Салымшы жеке тұлғалар жинақтаушы зейнетақы қорларына ерікті зейнетақы жарналарын олармен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт жасасқан жағдайда өз пайдасына өз табысы есебінен төлейді. Алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары жеке және заңи тұлғалар болуы мүмкін. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу тәртібі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін төлеу тәртібі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қорланымдардан зейнетақы төлемдерін төлеуді жүзеге асырудың тәртібі мен алушы табыс ететін құжаттардың тізбесі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарттың талаптарымен анықталады. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді кәсіптерінің тізбесін Үкімет белгілейтін жұмыскердің пайдасына салымшылар өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі ерікті кәсіптік жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімшарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді, бірақ ол жұмыскердің ай сайынғы табысының 10 пайызынан жоғары болмауға тиіс. Бұл ретте ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы табыс Үкімет белгілеген тәртіппен анықталады.
Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдері дара зейнетақы шоттарында жинақталған зейнетақы қорланымдары бар алушыларға оның жеке басын куәландыратын куәлігі болған жағдайда төленеді.