Бақалшақты шаянтәрізділер () – омыртқасыз жануарлардың буынаяқтылар типінің шаянтәрізділер класына жататын тармағы. Бақалшақты шаянтәрізділер тармағының 2000-дай түрлері кембрий кезеңінен белгілі. Қазақстанда 40 түрі анықталған. Бақалшақты шаянтәрізділер — теңіздерде, тұщы су планктонында, судың түбінде тіршілік ететін ұсақ жәндіктер (ең ірілері 30 мм-дей). Олардың қысқарған денесі сегменттелмеген, екі жақтаулы бақалшықтың ішінде жататын бас және көкірек бөлімдерінен тұрады. Маңдайында сыңар көзі бар. Жақсы дамыған мұртшалары жылжу қызметін атқарады. Көкірек аяқтары 1—3 жұптан тұрады. Дара жынысты, партеногенез арқылы көбейетін (еркексіз) түрлері де бар. Жұмыртқадан бақалшағы бар дернәсіл — науплиус шығады. Олар жақсы жүзеді және тіршілік ортасына қарай (су түбінде) өрмелеп те жүре алады. Дернәсілдері бірнеше рет түлеп, ересек шаянтәрізділерге айналады. Басқа шаянтәрізділерден өзгешелігі — ересек Бақалшақты шаянтәрізділер түлемейді. Жыртқыштармен, өсімдіктермен және су түбіне тұнған тірі организмдер өлексесімен (детрит) қоректенеді. Бақалшақты шаянтәрізділер кейбір балықтардың қорегі болып табылады.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;

Дереккөздер

Санат:Бақалшақты шаянтәрізділер