Батан () – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік не бұта. Қазақстанда 8 түрі бар, оның ішінде түктігүл, шоғыр, бұдыр. Батандар – сирек кездесетін өсімдіктер. Өте сирек кездесетін, жылдан-жылға таралу аймағы азайып бара жатқан түрі – Культиасов батаны (S. kultіassovіі). Ол Қаратауда, Талас Алатауында кездеседі. Биіктігі 40 см-дей. Сабағы түбінен бұтақталатындықтан бір түбінің өзі көлемді жерді алып жатады. Бір жылдық өркендері көп қырлы, ұзындығы 15 см, сабағының ұшындағы бұтақтары бір-біріне қарама-қарсы орналасады. Жапырақтары қауырсын тәрізді салаланған. Ұсақ гүлдері ақ түсті, қос жынысты, бір шатырында 10 – 15 гүлдері болады. Тұқымынан көбейеді. Тұқымы жіңішке, эллипс тәрізді. Шілде айында гүлдеп, тамыз – қыркүйекте жеміс береді. Культиасов батаны Ақсу-Жабағылы қорығында қорғалады. Жойылып бара жатқан түр болғандықтан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. "Қазақ Энциклопедиясы"
Дереккөздер
Санат:Шатыршагүлділер