нобай|300px|Қазақстан пошта маркасы нобай|200px|2020 жылы Жеті қазынаға арналып шығарылған тиындардың бірі Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады: Ер жігіт; Сұлу әйел; Құмай тазы; Берен мылтық; Жүйрік ат; Ақыл-білім; Қыран бүркіт.
Басқа нұсқалар
Жеті ырыс Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында. “Жеті ырысқа” мыналарды жатқызады: 1) адамның ақылы,ой-санасы. Өйткені, адамзат ақылы арқылы хайуанаттар дүниесінен бөлініп ерекшеленеді, әрі дүниенің қожасы болды; 2) Денсаулық, яғни дененің саулығы; 3) Ақ жаулық, яғни үйдегі әйел адам — ердің жары, балалардың анасы. Халқымыз ежелден “Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” деп, әйелді тіршілік иесі, адам өмірін жалғастырушы деп қастерлеген; 4) Бала. Бала — адам өмірінің жалғасы, қуанышы; 5) Көңіл. Көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ пен береке орнайды; 6) Жер. “Жерсіз — ел тұл, ерсіз — жер тұл”; 7) Ит. Ол әуел бастан-ақ адамға сенімді серік болған.
Ислам дінінде Қыдыр (қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар; Бақ – ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді; Ақыл— байлық пен бақыттың тірегі; Денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді; Ақ жаулық. Дін аңыздары бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан; Тұз — Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені; Ит – Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы. Осы айтылған ислам аңызындағы Жеті қазына Алланың кереметімен ғана болып отырады. Мұндағы мақсат — “Барлық іс Алланың ұйғарымында, құдайсыз қурай сынбайды” дегенді білдіреді.
Басқа халықтарда Жеті қазына ұғымы басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, грек аңыз-әңгімелерінде Жеті қазына басқаша кездеседі: 1) Көк аспан. Ол әлем сырын өз шеңберінде сыйғызып, солардың өзіндік қалпын сақтайды; 2) Күн. Ол әлемдегі тіршілікті басқарады. Барлық зат — Күннің шуағынан нәр алады; 3) Ай. Түнгі тіршілік нәрі. Ай табиғатты түн тұңғиығында тербеп, нұрландырады; 4) От. От — Күннің жердегі сүлдесі. Отты пайдалану арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышына тарады; 5) Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су — жерге қуат, өсімдік әлеміне, жан-жануарға нәр, көрік береді; 6) Жер. Жер — тіршілік анасы. Жан-жануарлар мен өсімдік әлеміне көрік, келбет, түр-тұрпат береді; 7) Ит — Адам мен Хауа Ананың пейіштен қуылып, жерге түскендегі алғашқы серігі, досы әрі қорғаушысы. Сол себепті Жеті қазынаның бірі саналады.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Дереккөздер
Санат:Жеті қазына Санат:Қазақ салт-дәстүрлері